1240_zilkhan_N_1201_rshayy_1179_ov_-_M_1241__1187_gilik_makhabbat_zhyry


ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ
МӘҢГІЛІК МАХАББАТ ЖЫРЫ
Бірінші бөлім
Халима
Өмірінің өшпес өрнектері
ҚҰРМЕТТІ ӘЗЕКЕ!
5/1-де болған кездесуде маған "Махаббат, қызық мол жылдарды", "Халиманы" сыйға
тарттыңыз. Біріншісін бұрын оқыған едім, екіншісін қолыма алған бойда бас көтермей
оқып шықтым. Тәлім-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазіргі заманда
жастар көбірек оқитын хикая.
Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз — ел қазынасы. Өміріңіз — үлгі!
Аман-сау болыңыз, Әз-аға.
Аса сыйлайтын
Н.НАЗАРБАЕВ.
3.01.2003.
ЖИЫРМА СӨЗ
Бірінші сөз
Халима екеуміз 54 жыл бірге өмір сүрдік. Өмірінің соңғы күн, соңғы сағатына дейін екеуміз жұп жазбай, қол ұстасып қатар жүрдік. Ол менің әйелім ғана емес, әрі шешем, әрі енем сияқты болды. Ол менің әйелім ғана емес, әрі редакторым, әрі корректорым, әрі ақылшым, әрі қосалқы
авторым, әрі хатшым, әрі курьерім болды. Жақында, Халима қайтыс болғаннан кейін, көңіл айтуға үйге "Егемен Қазақстан" газеті бас редакторының орынбасары Жанболат Аупбаев келді. Сол жігіт мынадай бір дерек айтты.
— Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында мен "Халық кеңесі" газеті редакторының орынбасары едім. Сол кезде біздің газетте 100-атқыштар бригадасы жауынгерлері жайында жазылған "Боздақтар" деген естелік-этюдтеріңіз шықты. Ол естеліктер газетіміздің бас нөмерінде басылған ең абыройлы материалымыз болды. Соны: "Ағаларың ауырып жатыр еді" деп, менің Колыма Халима апайдың өзі әкеліп тапсырған еді, деді. Бұл Халиманың курьерлік кішкене қызметінің бір мысалы ғана. Ал оның өзге үлкен қызметтерін айтып жеткізу үшін жеке бір кітап жазу қажет. Сонда да оның бір қасиетін осы арада айта кетейін. Халима өте қамқор еді. Өз бала-шағасына ғана емес, жақынға да, жатқа да қолынан келген қамқорлығын жасап жүретін.
Ал маған деген қамқорлығын ешқашан айтып, тауыса алмаспын, сірә! Мен инфарктке ұшыраған кездерде күні-түні қасымда болды. Аурухана медбикесіндей болып қызмет етті. Ауруханадан шыққаннан кейін қолтықтап жүріп, көше қыдырып, таза ауамен тыныстатты. Инфаркт сырқатының режимін бұлжытпай орындатты. Шығармашылық жұмысына байланысты көрсеткен көмегі ұшан-теңіз болды. Оларды былай қойғанда ара-тұра ауруханаға жатып қалған кездерімде үйден келіп қамқорлық көрсететін. Сенбі, жексенбі күндері үйден қуатты ас істеп әкеп тамақтандыратын. Ауруханада қарайлас жатқан дос-жолдастарды палатаға қоса шақырып, әкелген асын бөліп ауыз тигіздіретін. Ол да өз алдына.
Сырқат адамға аурухана бар жағдайды жасап, міндетті түрде көмек көрсетіп отырады. Соған қарамастан Халима ауруханада жатқан маған үнемі өз көмегін көрсетіп, жеке қамқорлығын жасап отыратын еді.
Бір палатада екі адам жатамыз. Екі кереует, ортақ үстеліміз бар. Кереуеттер басына да, үстел үстіне де шам орнатылған. Олардың әрқайсысына 40 ваттық лампочка қойылған. Әрине, бұл жарығы ең әлсіз шамдар. Одан басқа 60, 75, 100 ваттық жарығы күшті лампочкалар болады. Бірақ, ондай шамдарды, электр қуатын үнемдеу деген желеумен бас медбике палаталарға қойдырмайды. Бір жолы Халима көңілімді сұрай палатаға келеді. Күн алабұлттау болатын. Үстелдің жоғарғы жағындағы аспалы шамның өлеусіреген жарығымен жазу жазып отыр едім. Халима басын шайқады.
—Мына қара көлеңкеде қалай жазып отырсың? — деді.
—Шамымыздың шамасы осы, — дедім мен.
Содан кейін Халима менің кереуетімнің бас жағындағы шамды жағып көрді. Көрді де, тағы да басын шайқады. Одан басқа ол тақырыпқа ешқандай сөз болған жоқ. Қасымда бірсыпыра әңгімелесіп отырып, Халима үйге қайтып кетті.
Ертеңінде кешке қарай Халима тағы да келді. Бұл жолы жеміс қана емес, "жарық", алакеліпті — 75 ваттық екі лампочкамен 100 ваттық үлкен лампочканы үстел үстіне қойды. Содан кейін 100 ваттық өз қолымен үстел үстіндегі шамға орнатты. 75 ваттық екі лампочканы көршіміз екеуіміздің бас жағымыздағы электр патронына жалғастырды.
—Енді кітапты жақсылап оқи аласыңдар, — деді. Өйткені менің түнде оянып, кітап оқитын немесе жазу жазатын әдетім барын біледі ғой. Ол ауруханада да менің жұмыс қалпым үйдегідей сақталсын деген қамқорлығы еді.
—Қарағым, маған шамды несіне әкелдің? — деді қасымда жатқан сырқат көршім.
—"Түйенің танығаны жапырақ" дегендей, өз күйеуімнің бас жағын жарқыратып қойып, Сізді қара көлеңкеде қалдырғаным ұят қой, – деді Халима күліп. Тағы бір жолы палатадағы дәретханамыздың есігі шиқылдап мазамызды алды. Әсіресе, біреуіміз түнде түзге тұрғанда дәретхана есігінің шиқылы екіншімізді қоса оятып жіберетін болды. Бұл жайымызды бас медбикеге де айттық. Ол да ештеңе істей алмады. Сол күндердің бірінде базардан алып, маған әкелген жемісін Халима дәретханадағы кранға апарып, жуып әкелмек болды. Халима тұтқасын тартқанда есігіміз "ойбай" салып, шар ете қалды. Қайта жапқанда да шарылдауынан танбады. Халима басын шайқады да:
—Есіктерің "әнші" екен! — деді.
Одан өзге ештеңе деген жоқ. Ертеңінде Халима үйден іс машинасының майын алып келіп, жақсылап тұрып, есігіміздің үш топсасын түгел майлап берді. Содан кейін есігіміз бұрынғыдай бақырмайтын болды. Нарыққа көшкен алғашқы жылдарда коғамдық мекемелердің мүліктері тонала бастады. Ол тонау ауруханаға да жеті. Бұрын әр палата үстелінің үстінде тұратын ішіне қайнаған су құйылатын графиндер де зым-зия жоғалып кетті. Аурулар дәрі ішетін қайнаған суға зар болып қалды. Сол күндердің бірінде ауруханаға келген Халима палатада графин жоқтықтан, біздің қайнаған суға зар болып қалғанымызды көрді. Ертеңіне ол үйден біздің палатаға графин әкеп берді. Қайнаған суға қарқ болып қалдық. Мен қасымдағы сырқат кісіден бұрынырақ үйге қайтатын болдым. Халима келіп, жүгімді жинасты. Мен үстел үстіндегі үйден келген графинді алғалы жатыр едім. Халима алақанын жайқады.
—Қасыңдағы кісіден ұят қой, графинді алма, — деді.
—Ертең, бүрсігүні бұл кісіде шығады, — дедім мен графиннің мойнынан ұстап
тұрып.
—Бұл кісі шықса орындарына басқа адамдар келеді. Оларға да қайнаған су керек. Графин палатада қала берсін. "Ат аунаған жерде түк қалады" деген бар емес пе? Сенен қалған бір "түк" бол сын бұл графин. Сен ат құрлы жоқсың ба? — деп күліп, менің қолымдағы графинді алып, үстел үстіне қойды. "Ұят!" деген сөз Халиманың ұраны еді! Өмір бойы сол ұранын орындап өтті ғой, қайран Халима!
Екінші сөз
Өзінің әйелдік, аналық, жұбайлық, әдеби қызметін адал атқарған ол постыда тұрып оққа ұшқан солдат сияқты күй кешті. Түсте, қазандық бөлмеде, түстік дайындап тік тұрған кезінде аузынан қан кетіп, құлап түсті. Жедел жәрдем дереу ауруханаға жеткізді. Аурухананың реанимация бөлімінде 13 күн жатты. Талай емдеуден өтіп, асқынған шегіне жеткен бауыр ауруы бой бермеді.
Бір күні түнде аурухананың кезекші дәрігері маған телефон соқты.
—Апай сізді шақырып жатыр. Айтатын сөзім бар еді дейді, – деді.
Түнгі сағат бірде балалар бәріміз жан ұшырып, ауруханаға жеттік. Реанимация бөлімінің палатасына балаларды кіргізбеді. Мені жалғыз жіберді. Мен палатаға кіріп, қасына барып, құшақтап бетінен сүйдім. Халима менің қолымды сипап жатып, сөз сөйледі.
—Мен жеті жасымда жетім қалып, (Әкемнің аты Қалиәкпар, шешемнің аты Зәукен ғой. Ұмытпа), 5 жасар сіңлімді жетектеп, балар үйіне түстім ғой. Балалар үйінде сіңлім Ханымхан қайтыс болып, мен жалғыз қалдым. Содан 10 жыл балалар үйі мен интернатта тәрбиелендім. Сан рет ауырып, ауруханада жатып, балалар санаторийінде емделдім. Соғыстан кейін Мәскеудегі әскери госпиталь, санаторийде жатып, бір жарым жыл медициналық бақылауда болдым. Оны өзің білесің. Сан рет өліп, сан рет тірілгенмін. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл бірге өмір сүрдік. Екеуміздің бір-бірімізге деген махаббатымыз мені өлмеуге мәжбүр етті. Саған қосылып, балалы-шағалы, немерелі, шөберелі болып, бақытты өмір сүрдім. Комсомолға өтемін деп интернатта үш жасымды өсіргенмін. Қазір төлқұжат бойынша 80 жасқа жеткенім мәртебелі махаббаттың арқасы деп білемін. Енді, міне, айрық жолға жеткен сияқтымын, Саған айтатын мынадай өсиетім бар.
Халима осылай деп бір тоқтады. Қасында тұрған система сауытынан оның денесіне кетіп жатқан нәр-дәрі тамшылап тамып тұрды. Біраз демалғаннан кейін, қайтадан сөзін жалғады.
Бірінші айтарым: Мен олай-бұлай боп кетсем, сен жылама. Жыласаң: әрі балаларды жасытасың, әрі жұрттың сөзіне қаласың. Қазақта: "Қатын өлді қамшының сабы сынды" деген сөз бар. Сен жыласаң, жұрт сені мазақтап кетеді: "Қатыны өлгенге жылаған жаман, жасық неме екен ғой!" дейді. Өзім өлсем де сенін соныңнан сөз ермесе екен деймін.
Екінші айтарым: Қазір жұрттың бәрі өтірік болса да, шын болса да діншіл болып алды. Сен ғылымға ғана сенесің. Жердегі Құдай — дәрігерлер деп білесің. Оның жөн. Бірақ, сен мені мұсылманша жөнелт. Мені жөнелту жұмысын Мақыш досымыз Байсейітоваға тапсыр. Жаназамды өзім жақсы көріп, қадірлейтін Асылхан қажыға шығарт. Егер молда шақырмасаң жұрт: "әйеліне құран оқытпай, арам өлтірді" деп қаңқу қылады. Мен сенің жұрттың осындай жаман, лас сөзіне қалмауыңды тілеймін.
Үшінші айтарым: Сақалыңды өсірме, шашынды қобыратпа, жағаңды қисайтпа. Ұнжырғаңды түсірмей, тік жүр. Жұрт сені: "әйелі өлгеннен кейін жүнжіп кетіпті" демесін!
Төртінші айтарым: Мен ертеден өзім өлсем саған серік болар қандай әйел бар деп ылғи ойлап жүруші едім. Таба алмадым. Өйткені саған жас әйелдің керегі жоқ. Жас әйелдің ат еркекпен қылмыңдағанын көтере алмайсың жүйкеңді жұқартасың. Қартаң әйелдер аяқтарын әрең алып жүр. Олардың өздеріне күтім керек. Сен ешкімді күте алмайсың, күтуші бола алмайсың. Енді 80-ге келгенде саған үйленудің қажеті болмас. Балаларымыз күтер. Әрине, менің күтімімдей болмас. Бірақ, балалар не тамақ, жасап берсе, соны іш. "Анау жоқ, мынау жоқ" деп балалардың мазасын алма — жек көріп кетеді, өз балаларыңа ұрыссаң да, келіндерге ұрыспа. Келін — ұрпағыңның анасы ғой!
Бесінші айтарым: Ұлдар арақ ішпесін!
Алтыншы айтарым: Ұлдар, қыздар, келіндер, немерелер сені күтсін. Сені күткені анамыз, әжеміз, енеміз деп мені ардақтағаны, менің жаным жайлы жатуына көмектескендері деп білсін. Саған осыларды айтайын деп шақыртып едім. Ал енді не айтамын? Жер аман болсын! Ел аман болсын! Ұлт аман болсын! Ұрпақ аман болсын! Біз сияқты ата-аналар әркім өз уақытында өмірден өтіп жатады ғой. Оның уақасы жоқ. Барлық ағайын, туыс, достарға, қымбат көршілерге сәлем айт. Бәрінің ұзақ өмір сүрулерін тілеймін. Қош бол! Қош. Енді тез балалардың қасына бар. Сені күтіп, үрейленіп тұрған шығар, бәрінің бетінен сүй. Мен үшін сүй! Осылай деп басын сәл көтеріп, мені үш рет бетімнен сүйді. Үйден фотоаппарат ала барған едім. Дәрігерге айтып (дәрігердің аты Мадина Қосмұхамедқызы Туғанбекова), Халима екеуміздің құшақтасып, сүйісіп жатқан сәттерімізді суретке түсіртіп алдым.
Үшінші сөз
Осыдан бір аптадан кейін Халимадан хат алдым. Былай деп жазыпты:
Әзілхан! Мен тәуір сияқтымын. Мұндағы дәрігерлердің мені бағып-қағуына тәнтімін. Бәрі мені өз аналарындай ардақтайды. Ертең сен осыларға сыйлық әкел. Аспаздық дүкенде 4-5 килограммдық үлкен торт болады. Соның біреуін сатып ал. Сол дүкенде однорозавый тарелкалар мен вилкалар болады. Соның әрқайсысынан 24 данасын қоса әкел. Бұл бөлімшеде 8 дәрігер, 16 медбике мен күтушілер бар. Соларға арнап, 24 конверт жасап, дәрігерлерге 2000 теңгеден, медбике мен күтушілерге 1000 теңгеден салып, алып кел. Ақшаны менің өзіңнің бір кітабыңды шығарып беруге демеуші боламын деп жинап жүрген дорбадан ал. 32 мың теңге. Оның орнын ауруханадан шыққан соң толтырамын ғой. Дәрігерлердің тізімін, аты-жөндерін қоса жолдап отырмын. Сен мені алғанда "қалың мал" төлеген жоқ едің ғой. Сол "қалың малыңды" осылай өте. Дұрыс па! Мені уайымдап, жүдеп қалма! Жарай ма ? Өзіңнің Халимаң.
24-шылде, 2001 жыл
Аурухана
Ол осылай деп жазыпты. Балалар бәріміз қатты қуандық. Мен түні бойы, әндетіп отырып,
кішкентай конверттер жасадым. Әр конверттің сыртына дәрігерлердің, медбике күтушілердің аты-жөндерін толық көрсетіп: "Мен сізге шексіз ризамын. Халима апай" деген сөздерді машинкамен жаздым. Содан кейін Халимаға мынадай хат жазып, кешке ауруханаға алып бардым:
24.07.2001 ж. Сағат 17.40
Халима!
Реанимацияда он екі күн аш жатып жазған хатыңды алып, қатты қуанудамыз. Қалай жазғаныңды терезеден көріп тұрдым. Апырай, үйдегі қалақтай үстелшені ала келмеген екенбіз деп өкіндім. Сенің халіңді сұрап, телефон соғушылар көп. Қазақстанның әр облысынан сен тез жазылып кетсін деп тілек айтып жатқандар аз емес. Қаладағы Әбілфайыз, Орақ, Сәки, Мақыштарға сенің жазған хатыңды айтып, қуанттым. Олар ауруханадан шығарда гүл апарып қарсы аламыз, үйге әкеліп, той жасаймыз деп дүрлігісіп жатыр. "Қалың мал"мәселесін былай шешкенді дұрыс көріп отырмыз. Дәрігерлерге, өзің айтқандай, торт апарайық. Ал медбикелер мен күтушілерге ішіне екі мың теңгеден ақша салып, бір-бір конверт ұстатайық. Дәрігерлерге ақша берсек, ашуланатын шығар деп ойладық. Осынымыз жөн бе?Жөн болса, қашан жүзеге асырайық? Осыны ептеп жазып жібер. Біз сенің қандай бұйрығың болса да мүлт жібермей орындауға әзірміз. Балалар аман. Жағдайлары жақсы. Серік Ақтауға қайтқан. Аман есен жеткен. Күн сайын телефон соғып, сенің жайыңды сұрап тұрады. Алма Астанадан қайтып келе жатыр. Әжемнің қасында боламын деп, Астанада байыздай алмапты. "Куколқаң" (Халимуша) керемет! Неше түрлі қызық қылықтар жасайды. Сағат сайын жаңа әрекеттер ойлап табады. Жүгіргенде атқан оқтай зымырайды. Балалардың бәрі "жүрісі әжесіне тартқан!" — деп мәз болады. Жаңа, мен саған осы хатты жазып отырғанда, есік қоңырау шылдыраған еді. Ілияс Есенберлиннің баласы Қозыкөрпеш екен. Ілекеңнің мен әнеукүні Президентке жіберген "Сокровенное" деген естелігінің "Жан сырым" деген атпен қазақшасы шыққан екен. Соның алғашқы бір данасын маған әкеп беріп кетіпті. Өзі асығып, есіктен кірмей кетіпті. Президенттен әлі хабар жоқ. Бәлкім, ол кісі естелікті өзі оқып, ойланып жатқан болар. Хабарсыз қалдырмас деп ойлаймын. Әнеукүні менің өз кітабымды алғанын да хабарлап, хат жазған еді ғой. Балалар тегіс аман. Менің тамағым тоқ. Олар "жұдырықтап" отырып, маған тамақ ішкізеді. Ал сен аш жатырсың. Осы жаныма батады. Сенің Әзілханың.
Халиманың хатымды қалай оқығанын терезеден көріп тұрдым. Ол, хатты оқып болғаннан кейін, система қабылдап, шалқасынан жатқан күйі сол қолын жоғары көтеріп, алдымен 2, содан соң 1 саусағын жоғары шошайтты. Ол белгісін екі рет қайталады. Мен оның ишарасын: дәрігерлерге 2000, медбикелер мен күтушілерге 1000 теңгеден әкеліңдер дегені ғой деп ұқтым.
Содан кейін үйге келіп, ішіне ақша салынған кішкене конверттерді екіге бөлдім де, оларды екі үлкен конвертке салып, біріншісінің сыртына мынадай сөздер жаздым:
Дәрігерлерге арналған конверттер /8 дана/.
Халима! Бұл конверттердің ішіндегі кішкене конверттердегі, өзің айтқандай, 2 мың теңгеден дәрігерлерге арналған сәлемдемелер. Сенің кешегі жіберген тізіміңде Мадина деген дәрігер ұмытылып қалыпты. Ол 17-сі күні түнде екеумізді суретке түсіріп, арыздастырған дәрігер. Ол кісіге де бір конверт қостым. Кеше балаларға Серік деген хирург баланың жақсы қызметін айтқан екенсің. Оған да жеке конверт қостым.
Сенің Әзілханың
25.07.2001 ж. Сағат 12.30.
Екінші үлкен конверт сыртына да машинкамен басып, мынадай сөздер жаздым: Медбикелер мен күтушілерге арналған конверттер /16 дана/.
Халима!
Бұл медбикелер мен күтушілерге арналған сыйлықтар. Әрқайсысының ішінде 1000
теңгеден. Оларды да, дәрігерлерді де жеке-жеке шақырып алып, өз қолыңмен табыс
етесің ғой.
Өз Әзілханың.
25.07.2001. Сағат 12.40.
Халиманың айтқан нәрселерінің бәрін түгендеп, ауруханаға алып бардық. Жанар, Жаннұр, Сабина төртеуміз барған едік. Палатаға мені ғана кіргізді.
—Жолдас сержант, бұйрығыңыз орындалды! — деп мен әскерше оң қолымды шекеме
көтеріп, рапорт бердім. Ол да күлімсіреп, рапортты қабылдаған ишара жасап, он қолын жоғары көтерді. Система тамшылап, оның бойына нәр құйып жатты. Содан кейін дәрігерлер мен медбикелерді қасына шақыртып алды.
—Қарақтарым, мен 80-ге келдім. Өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Сендер де сексенге келіңдер. Одан да асып, бақытты өмір сүріңдер. Сендердің мені бағып-қаққандарына сенің аналық жүрегімнің ризалығы ретінде мына конверттерді қабыл алыңыздар. Және бас тартпаңыздар. Бұл сөзімді қарт ананың бұйрығы деп қабылдаңдар. Мен конверттің сыртындағы фамилияларды оқып, Халиманың қолына беріп тұрдым. Ол әр конвертті өз қолымен иелеріне тапсырды: Зельцер Ефим Михайлович, Лыткин Сергей Тимофеевич, Шілдебаев Еркін Сабырбайұлы, Зина, Жанар, Перизаш, Лена, Марина, Шолпан, Мәншүк, Гуля, Света, Марал т.б.
Медбикелер мен күтушілер жылап, Халиманы қайта-қайта құшақтап, бетінен сүйді. Басынан сипап, иіліп, ізет білдірді. Дәрігерлер мұңайды.
—Түуһ, жүрегімнен бір ауыр жүк түскендей болды ғой! — деп, Халима менің қолымды алып, көкірегіне қысты. Содан кейін бізді үйге қайтарды. Біз масайрап қалдық. Енді ол жазылады деп шаттандық.
Төртінші сөз
Ертеңінде таңертең, ерте тұрып машинкаға отырып, Халимаға хат жаздым. Кешегі сыйлық беру рәсімінің ғажап оқиға болғанын айттым. Үй ішінің, ауыл-аймақтың хабарын қостым. Күліп, көңілденіп қалсын деп, кейбір әзіл әңгімелерді де тіркедім. Содан кейін киіндім де, реанимация бөліміне телефон соқтым.
—Апайларыңның халі қандай? — деп сұрадым.
—Ойбай, аға, апайдан түнде төрт рет айырылып қала жаздадық, — деді кезекші дәрігер.
— Тез қасына келіңіз.
Жан ұшырып ауруханаға жеттім. Келсем, кешегі сөйлеп жатқан Халимам тілден қалыпты. Тек көзі ғана сөйлейтін сияқты. Мені көріп, "келдің бе?" дегендей ишара жасады. Мен дәрігерлерге жалындым.
—Мынау соңғы сағат қой. Қолын сипап, қасында отырайын, рұқсат етіңіздер, – дедім. Бөлімше меңгерушісіне бардым, бас дәрігердің орынбасарына бардым, бас дәрігердің өзіне бардым. Ешқайсысы рұқсат етпеді.
—Реанимация бөліміне операциядан шыққан адамдар келеді. Жай адамның отыруына рұқсат жоқ, — десті.
—Онда, қайтыс болғаннан кейін ішін жармаңыздар, — деп өтіндім. Бас дәрігер Бекмахан Құралбаев тағы да басын шайқады. —Біз ауруханада өлген адамдарға вскрытие жасамай, ешқайсысын шығармаймыз, — деді.
—Онда қайттім, қарақтарым-ау, — дедім дағдарып.
—Онда апайды үйге алыңыз. Үйде қайтыс болса, ішін жармаймыз, – деді бас дәрігер.
Ол жедел жәрдем машинасын бергізді, бір дәрігер мен бір медбикені және қосып берді. Халиманы үйге әкелдік. Үйге кіре бергенде Халиманың тілі екі ғана сөзге келіпті:
—Үйге келдім бе? — деп сұрапты дәрігер мен медбикеден.
—Келдіңіз, апа, — депті олар.
Халиманың аузынан шыққан соңғы сөзі осы ғана. Тегі: "Ауруханада емес, үйде жатып өлсем-ау" деп армандап жатқан болуы керек. Зембілге салып үйге кіргізгенде өз үйін танып, қуанғаннан тілі шыққан тәрізді. Халиманы диванға жайғастырып, жатқыза берген кезде есік қоңырауы шылдырады. Пошта тасушы қыз екен.
— Ағаның өзі келіп, қол қойсын, — деп мені шақырды. Барсам, Президент кеңсесінен келген хат екен. Осыдан 25 күн бұрын қазақ халқының 700 жылдық тарихын жазып кеткен "Көшпенділер" мен "Алтын орда" трилогияларының авторы Ілияс Есенберлинге Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында "Халық қаһарманы" атағын беруді сұрап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған едім. Соның жауабы келіпті. Бір жағынан, жан жарымның жағдайына қиналып, екінші жағынан, жауап хат мазмұнының бұлдырлығына жабырқап, екі оттың ортасында қалғандай күйде болдым. Мақыш досымыз, Үкіжан апа, Марал медбике және балалар бәріміз түні бойы Халиманың қасында отырдық. Бір кезде қолын көтеріп, қасында отырған мені құшақтап, кеудесіне қысты. Сол қолымды қолтығына қысып, босатпай, жарты сағат ұстап жатты. Әлсіз жатқан адамның қолын көтеріп, мені көкірегіне қысуға қалай шамасы келгеніне таң қалдым. "Менің өлмей, ұзақ жыл өмір сүргенім екеуміздің махаббатымыздың арқасы ғой" деп өзі әлденеше айтқан еді. Сол ұлы махаббат оған тағы да, соңғы сағатта күш берді ме екен? — деп ойладым. Екеуміздің ең алғаш қосылған кездегі уәдеміз еріксіз есіме түсті...
Бесінші сөз
Менің ойымша, махаббат үш түрлі болады.
1.Бала махаббат.
2.Шала махаббат.
3.Мәңгілік махаббат.
Бала махаббат әркімнің басында болады. Бала күнінде бірін-бірі жақсы көрген қыз бен жігіт артынан ғашығынан көз жазып қалады. Балалық махаббатты мен де басымнан кешіргенмін. Жұрттың көбі шала махаббатпен өмір сүреді. Алғашында бірін-бірі шын сүйдік деп қосылған екі жұп артынан аңғал қосылғандықтарын аңғарып, не ажырасып кетеді. Не, балалы-шағалы болғандықтан, жұптарын жазбай, тоқтап қалады. Ал мәңгілік махаббат ілуде біреуде ғана болады. Сыңарынан айырылғаны қайтадан тұрмыс құрмай, өмір бойы жан жарын жоқтаумен өтеді. Біз Халима екеуміз бір-бірімізге 9 жыл ғашық болып жүріп қосылдық. Мәскеуде 4-5 жыл тұрған, Семейде өскен қала қызы 1947 жылы 5-маусымда электірі жоқ, радиосы жоқ, киносы жоқ, үйінде суы, көшеде дәретханасы жоқ алыстағы "Ақбұзау" колхозына келін боп түсті. Сол ауылда екеуміз бір жыл тұрдық. Халиманы жарқыраған қаладан қараңғы колхозға жетелеп әкелген махаббаттың күші еді. Мен Семей облыстық "Екпінді" газетінің (қазіргі "Семей таңы" газеті) Шар, Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандарындағы меншікті тілшісі болып қызмет істедім. Мен аудан аралап, іссапарға кеткенде Халима мен туралы жаман түс көріп қоямын деп қорқып, түні бойы ұйықтамай, керосин шамның жарығымен кітап оқып шығады екен. Мен болсам аудандағы шаруамды бітіріп, тез үйге қайтуға асығамын. Екеуміз бір-бірімізді көргенде баладай мәз болып қуанамыз. Сондай күндердің бірінде Халима маған былай деді:
—Егер сен жолаушы жүргенде бірдеңеге ұшырап қалсаң, мен сенсіз өмір сүрмеймін
— Артыңнан қоса кетемін, — деді жылап.
—Қой, ондай жаман сөзді айтпа, — дедім мен жарымның жасты көзінен сүйіп. Содан соң ол балаша күлді. Күлді де:
—Мен бір сөз айтайын, тыңдайсың ба? — деді.
—Айта ғой, — дедім жас келіншегімді арқасынан қағып.
—Айтсам: немістің Стефан Цвейг деген жазушысы болған. Білесің бе?
—Жоқ.
Ол кезде мен расында да Стефан Цвейгті білмейтін едім. Кейін өзімнің ең сүйікті жазушыларымның біріне айналып кетті ғой.
—Білмесең, тыңда. Сол жазушы бір күні әйеліне: "Мен енді өмір сүрмеймін. Өлемін" депті. "Сен өлсең, мен де өлемін" — депті әйелі. Содан кейін екеуі астарына жамылғы жайып, үстеріне ақ көрпе жамылып, қатар у ішіп, құшақтасып жатып өліпті. Осы оқиға менің есімнен кетпейді. Сол сияқты біз де бірімізді соңымыздан біріміз кете аламыз ба?
—Кетеміз, айналайын! — дедім мен ойланбастан.
—Егер сен бұрын кетіп қалсаң, мен сенен қалып, бір күн тірі тұрмаймын, — деді ол
тағы да жыламсырап.
—Мен де! — дедім оның адалдығына көңілім босап. Екеуміз қол алысып, серттестік.
Алтыншы сөз
Содан бері жылдар өтті. Екеуміз де аман-есен келе жаттық. 1997 жылы Халимаға операция жасалмақ болды. Бауыр мен өтке жасалатын ауыр операция. Халима ешқашан да жүзік, білезік, сырға салмайтын. Алтын сағаттар да тақпайтын. Операция жасалар алдында жұрт сыйлаған сол алтындарының бәрін зергерге апарып, 10-15 сақина соқтырды. Әр сақинаға: "Халима. 1997" деген жазу жаздырды. Содан кейін ол сақиналарды қыздарына, келіндеріне, немерелеріне таратып берді. Ертең операцияға баратын күні Халима маған:
—Ал, папасы, енді екеуміз әңгімелесейік. Екеуміздің баяғы, жаңа қосылған кезіміздегі "Ақбұзау" колхозындағы сертіміз есінде ме? — деді басымнан сипап.
—Есімде, маматай. Есімде.
—Есіңде болса: менің операция үстінде өліп кетуім мүмкін. Ал сен қалай өлесің?
—Мен қалай өлемін?.. Маяковский атылып өлген. Фадеев те сөйткен. Есенин... Бірақ, мен атылып та, асылып та өлмеймін.
—Сонда қалай өлесің? Мен сенің жұртқа күлкі болмай, ақ өліммен өлгеніңді қалаймын ғой.
—Мен оны да ойлап қойғанмын. Француз Президенті Миттеранға ұқсап өлемін.
—Қалай?
—Миттеран ауыр науқасқа ұшыраған екен. Тек дәрінің күшімен күн көріп жүріпті. Президенттіктен өз еркімен түсіп, мемуарын жазып бітіріп болғаннан кейін үш күн дәрі ішпей қойыпты. Сөйтіп өмірден өтіпті. Мен де дәрімен күн көріп келемін. Күніне 20 таблетка дәрі ішемін. Мен де дәрі ішуді тоқтатамын. Содан кейін жылт етіп, жаныңа жетіп барамын. Халима басын шайқады.
—Жоқ, сен өйтпе.
—Неге?
—Мен бұрынғы сертті бұзамын. Бұздым!
—Себеп?
—Бұрын екеуміз де жас едік. Баламыз жоқ болатын. Енді балаларымыз да, немерелеріміз де, тіпті шөбереміз де бар. Біреуіміз тірі қалып, соларға бас-көз болуымыз керек. Сол себептен мен бұрынғы сертті бұздым. Сен де бұз. Әкел қолыңды. Екеуміз қайтадан серттестік. Біріміз өлсек, біріміз тірі қалып, балаларға бас-көз болатын болдық.
Ертеңінде Халима операцияға барды. Наркозды оған екі рет беріп, ол үш күннен кейін әрең есін жиды. Біздің Халимадан айырылып қалады екенбіз деп есіміз шықты. Ауруханада бір ай жатып, әупірімдеп үйге қайтты...
Халима мені құшақтап, қолымды жібермей жатқанда: "Сен өлме, тірі қал, жаным!" деп жатыр ма екен деп ойладым. Мені босатқаннан кейін көзін ары төңкеріп, бері төңкеріп, біреуді іздегендей болды. Сол сәтте шөбересі кішкене Халиманы көтеріп апарып, бетіне тостық. Ернін әрең қыбырлатып, шөбересінің бетінен сүйді. Шөбересі де кішкентай ернін икемдеп, әжесінің бетіне тигізді. Сол кезде Халиманың көзінен бұрқ етіп жас шықты. Сөйтіп жатып, қайран Халима: "Қош, жарық дүние!" деп 27-шілде күні таңертеңгі сағат 9.40-та өмірден өтіп кетті.
Жетінші сөз
Әркім өз әйелін ең асыл металл алтынға бағалайды ғой. Ол дұрыс! Ал Халима жай алтын
емес. Менің қолыма Тағдыр ұстатқан сом алтын сияқты еді. Енді оның кейбір қасиеттеріне тоқтала кетейін. Кейбір әйелдер жас басынан ұмытшақ келеді. Халима қыз күнінен өте зерек еді. Орта мектепте, институтта тыңдаған сабақ, естіген лекцияларын, шығарған есептерін артынан бұлжытпай айтып беретін. Барлық семинар сабақтарының лекцияларын, ол, көбінесе, дәптерге жазбай-ақ есінде сақтайтын. Үйде біз әзілдеп оны "Біздің компьютеріміз" деп атаушы едік. Өйткені ол қалалық автовокзалдың, теміржол вокзалының, аэропорттың, барлық дос-жолдастарымыздың телефондарын жатқа білетін. Қай мекеменің, кімнің телефонын сұрасаң да мүдірместен айтып беретін. Орыс, қазақ, европа әдебиеттері классиктерінің аты-жөндерін ғана емес, олардың романдарының басты кейіпкерлерін де есінде ұстайтын.
Егер Халима маған тұрмысқа шықпай, басқа біреуге барса, атақты ғалым әйелдердің бірі
болатын еді деп ойлаймын. Ол өз бойындағы осы тамаша талантты мәртебелі махаббат жолына құрбан етті өз талантын өшіріп, менің талантымды өрістетті. Өз бойынан неше алуан талант төгіліп тұрса да (ісмер тігінші, шебер кестеші, емші, етікші, электрші, монтер, слесарь да болатын), соның бірде-біріне мақтанбайтын: ісмерлігін, іскерлігін мүлде елеусіз нәрсе ретінде бағалайтын. Әйел адамдар мұң шаққыш келеді. Халима ондай емес еді. Ешкімнің алдына барып арыз айтпайтын. Әйел адамдар жылауық келеді. Қит етсе жылап қоя беретін әйелдер болады. Халиманың көзінен жас сирек шығатын. Әйел адамдар күлкішіл келеді. Қарқылдап қатты күлетіндері де болады. Халима ақ тістерін жарқырата көрсетіп, еріндерін сәл ашатын да, жай ғана жымиып қоя салатын. Көп әйелдер күйеуіне кінә таққыш келеді. 54 жыл бірге тұрғанда Халима маған бір рет те кінә қойған емес. Ол менің мінім жоқтықтан болмаса керек. Ол оның: "Жоқтан өзгеге жармасып, жарымның жанын жараламайын" дегендігінен шығар.
Көп әйелдер өзін-өзі аяп, өзгенің де оны аяп, аялауын талап еткіш келеді. Халима өзін аяп, аяншықтану дегенді білмейтін еді. Мәселен, менде 10 мыңға жуық кітап бар. Халима ерінбей, жалықпай соның бәрін тізімге тіркеп отырды. Менде 800-ден аса жазушылар, тілшілер, әралуан авторлар қолтаңба жазып сыйлаған кітаптар бар. Халима солардың бірін жоғалтпай жинап, арнаулы картотека жасады. Барлық кітаптардағы авторлардың сый сөздерін өз қолымен картотекаға көшіріп қойды.
Бір жолы іссапардан келсем, Халима үйдегі суреттердің бәрін алдына жайып салып, жыл-
жылымен реттеп отыр екен.
—Картотекаға түсіріп, әр суретті жеке-жеке конверттерге салып, нөмірлеп қояйын
деп едім, — деді.
—Суреттер көп қой. Оған шаршап қайтесің! — деймін әйелімді аяп.
—Бұл суреттердің бәрі заман тарихы ғой. Кейін керек болар. Әр суреттің сыртына
ондағылар кім екенін, қашан түсірілгенін, кім түсіргенін бәрін анықтап жазып отырмын, — дейді ол сабырлы қалыппен.
Сөйтіп, ол мыңнан аса суретке өз қолымен деректеме жазып, оларды жеке-жеке конверттерге салып, әр конвертті нөмірлеп, ол конверттердегі суреттердің түсірілген жылдарын сыртына жазып, үйдегі үлкен темір шкафтың екі сөресіне тізіп қойды. Қазір жұрттың сұраған суреттерін Халиманың картотекасы бойынша қолма-қол тауып бере аламын. Жақында теледидардың Бауыржан Момышұлы, Жайық Бектұров, Ыбырай Жақаев туралы хабарларына қатысқанымда сол кісілердің Халима реттеп кеткен суреттерін шетінен алып, көрермендерге көрсетіп отырдым. Қаладағы кейбір әйелдер елден келген студент жақындарын үйінің шаруасын істетіп, құлдай қызмет еткізеді. Олар институт бітіріп, елге қызметке кеткенге дейін жылпос жеңгелерінің ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында болады. Ал Халима жұртқа өзі құлша қызмет етуге ерінбейтін. Павлодардан көшіп, Алматыға қайта келгеннен кейін жиеніміз Бақытжамал Жұмағалиеваны ЖенПИ-ге түсірдік.
Келесі жылы Шығыс Қазақстан облысынан Ұлы Отан соғысында екі көзінен бірдей айырылған зағип досым әрі "Махаббат жыры" повесімнің бас кейіпкері Әділхан Құсайыновтың қызы Қарлыға Құсайынова өзімен бірге орта мектеп бітірген Бағдагүл деген құрбысын ертіп, біздің үйге келді. Екеуі де ЖенПИ-ге түскілері келетіндерін айтты. Тағы да Халима екеуміз қол ұстасып, ЖенПИ-ге жүгірдік. Сәті келіп, оларды да түсірдік. Бірақ, солардың бірде-бірін Халима үйге шақырып, жұмысын істеткен жоқ. Кір жудыруды былай қойғанда, не еден сыпыртып, ыдыс-аяқ жудырған емес. Қайта олар үйге келсе, қуана қарсы алып, туған сіңлісінен кем көрмей, күтіп жіберетін. Олар тамақ ішкен ыдыстарын жуып кетейік деп ыңғайланса, Халима:
—Қайтесіңдер оған әуре болып. Өзім жуып аламын ғой. Ода и да сабақтарыңды оқыңдар, — дейтін. Халимадан қамқорлық көрген сол қыздар: Бақытжамал Жұмағалиева қазір М.О. Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында қызмет істейді. Ол қызметке де біздің досымыз сол институтта бөлім меңгерушісі болған филология ғылымының докторы Мырзабек Дүйсеновке айтып, Халима орналастырған болатын. Ал Қарлыға Құсайынова Абай атындағы опера және балет театрының белгілі әншісі, әрі консерватория ұстазы. Бағдагүл болса (фамилиясы ойымда жоқ) Өзбекстандағы бір қазақ мектебінде үлгілі ұстаз. Одан бұрын, 1950 жылдардың бас жағында, мен "Социалистік Қазақстан" газетінде қызмет істеп, Халима ЖенПи-ді жаңа бітірген кезде, ауыл ағайынымыздың баласы Қалихан Ахметжанов ойда жоқта үйге кіріп келді. Мектептер мен институттарда оқу жылы басталуға он шақты ғана күн қалған. Бұл кезде бұл бала неғып жүр деп аң –таң болдық. Сөйтсек ол Ташкенттегі театр институтына түсуге барып, конкурстан өте алмай қалыпты. Енді ҚазПи-ге түскім келеді дейді.
Институттарда қабылдау емтихандары аяқталып, қабылданған студенттер жатақханаларға жайғасып алған кез. Мен не істерімді білмей, абыржып қалдым. Сол кезде Халима маған:
—Мәлік ағаңа барсаңшы. Екеуіңнің соғыс кезіндегі достықтарың бар емес пе? — деді. Ол кезде ҚазПИ-дің ректоры Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин еді. Мен Мәлікпен соғыс кезінен біліс болатынмын. 1943 жылы Батыр атағын алғаннан кейін Мәлік майдандағы біздің 100-қазақ атқыштар бригадасына келген. Біздің бөлімдерді аралаған. Батыр артиллерия дивизионына келгенде мен оны "Сәлем сізге, Мәлік аға!" деген өлеңмен қарсы алғанмын. Ол өлеңім майдандық газеттерде басылған. Мәлік менің өлеңдерімді майдандық газет беттерінен бұрын да оқып жүрді, атыма қанық екен. Екеуміз әдіріс алысып, соғыс аяқталғанша бір-бірімізбен хат жазысып тұрғанбыз. Інімді қолынан жетектеп, Мәлікке бардым. Мәкең ықыластана қабылдады. Неге келгенімді сұрады. Мен мән-жайды айттым. Мәкең сәл ойланды да, алдында жатқан тізім толы қағаздарға үңілді. Соларды сүзіп шықты да:
—Жарайды, ініңді қабылдайық, — деді.
Содан кейін қабылдау бөлмесінде қалған інімді ішке шақыртты. Онымен сәлемдесті де, қолындағы өтініш қағазын алды. Содан соң маған қайта бұрылды.
—Өзіңнің пәтерің бар ма еді? — деп сұрады менен.
Мен жеке пәтерге қолым жетпей жүргенімді, жалдамалы пәтерде тұратынымды айттым.
—Онда бұл балаға жатақханадан да орын керек қой?
—Иә, Мәлік аға.
—Жарайды, жатақханадан орын да беремін, — деді Мәкең қысқа қайырып. – Кеше
біз екеуміз соғыста жүргенде осыларды қорғадық қой. Жақсы оқы, айналайын, – деп інімнің қолын қысты. — Халыққа қызмет етіңдер, қалқам. Сөйтіп, інім студент болып қабылданып, жатақханадан орын алды, демалыс күндері біздің үйге келіп, кетіп жүрді. Ол үйге келгенде Халима қайнысына бұрау басын сындыртқан емес. Ол кезде Алматының басты отыны сексеуіл болатын. Үйге әкелген сексеуілді мен, мен жоқта Халиманың өзі жаратын. Халима Қалихан қайнысына сексеуіл жарып бер деп бір ретте, өтініш айтқан емес.
Бір жылдан кейін біз Павлодарға көшіп кеттік. Одан кейін інімізді көрген жоқпыз. Ол ҚазПИ-ді үздік бітіріп, Семей облысындағы Ақсуат орта мектебінде ұзақ жылдар директор болды. Мәлік ағасы оған: "Халыққа қызмет етіндер, қалқам!" деген еді. Қалихан ұстазының ол өсиетін абыроймен орындады. Көп әйелдер ұят дегенді естігендерімен, ұялуды білмейді. Қоғам рұқсат етті деп, ашық-шашық, жалаңаш-жалпы жүре береді. Ал Халима маған жалаңаш денесін көрсетуге ұялатын. Көрсетпейтін. Халима маған жалаңаш тәнін көрсетпегендіктен, мен "Махаббат, қызық мол жылдар"
романын жазғанда Меңтайдың жалаңаш қалпын Италия суретшісі Джорджоненің
"Ұйықтап жатқан Венера" картинасына үңіліп отырып жаздым. Ал Меңтай бойындағы
адамгершілік қасиеттердің бәрін Халимадан алдым. Мінеки, Халима келіншек қалпынан кемпірге айналғанда да сол табиғи ұялшақтығының бір мысқалын жоғалтқан жоқ. Әйелдер баласын мақтап, байын мадақтап, өзін өркештендіріп отырғанды ұнатады. Кейбір әйелдер ұрлық жасап, түрмеге түскен, маскүнем болып кеткен балаларын да көкке көтере мақтай жөнеледі. Күйеулерін: "Сен пәленшеден артықсың, түгеншеден де биіксің. Сенің талантыңа ешкім тең келмейді" деп қолпаштап, қоздырып, желіктіріп отырады. Халима өмірі өйткен емес. Ол жақсы балаларын да, жаман емес күйеуін де не жұрт көзінше, не оңашада мақтап көрген жоқ. Ал ішінен балаларын да, мені де шексіз сүйетін, жанындай жақсы көретін еді. Егер әке мен балалар бір нәрсеге келіспей қалса, ол үнсіз отырып қалатын. Ешкімді де жақтамайтын. Кімнің теріс, кімнің оң екенін сол үнсіздігімен ұқтыратын. Қонақта, әлде бір жиын ортасында отырғанда өзін біреу қолпаштай бастаса, қабағын сездірмей шытып, қолайсызданып қалатын.
Көп әйелдер күйеулеріне кітап алуға ақша шығартпайды.
—Үйде жүз кітап тұрған жоқ па, тіреліп. Қайтесің оны үсті-үстіне ала беріп? Қоятын орын жоқ қой, — деп бажылдайды. Өйтетіндер көп кітап оқымаған, кітаптың қадірін білмейтін әйелдер. Жазушылардың да көбінің әйелдері кітап бетіне қарамайды. Тіпті, өз күйеулерінің кітаптарына да көз салмайды.
—Маған кітабың емес, қаламақың ғана керек! — деп төтесінен қойып кеп қалады. Халима өйтпейтін еді. Өзі де кітапты көп оқитын. Бұрын классиктерді тегіс оқып тауысты да, кейін детектив кітаптарына ден қойды. Бірақ, маған детектив кітаптарды оқытпайтын.
—Бұлардың саған керегі жоқ, классиктерден қол үзбе! – дейтін. Мен қанша кітап сатып алсам да, қабағын шытпайтын. Сол себептен де екеуміз тамақ пен киімнен басқа бар ақшамызды кітап жиюға жұмсайтынбыз. Бір күні екеуміз Сейфуллин мен Гоголь көшесінің қиылысындағы кітап дүкеніне кірдік. Одан жаңадан шыққан кейбір керекті кітаптарды сатып алдық. Кітапты мен іріктеймін, Халима ақшасын төлейді. Ол дүкеннің екінші жақ бөлігінде ұсталған кітаптар (букинистік) сатылатын. Соған да бас сұқтық. "Дүние жүзі халықтарының мифологиясы" деген екі томдық кітап тұр екен. Мен соның әр томын кезек қолыма алып, әр бетін ақтарып, қарай бердім. Оны 1982 жылы "Кеңес энциклопедиясы" баспасы шығарған екен. Екеуінің бұрынғы бағасы 25 сом. Ал, сатылу бағасы үш есе көбейтіліп, 75 сом көрсетіліпті. Удай қымбат! Бірақ, қолға түспейтін, өте сирек кітап. Ол кезде мен М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істейтінмін. Айлық жалақым 140 сом болатын. Кеше айлығымды алып, Халиманың қолына берген едім. Бүгін, сенбі күні, сол ақшаны қолымызға алып, дүкен аралап жүргенбіз. Орнына қояйын десем, кітапты қимаймын. Алайын десем, азғантай ақшамды қимаймын. Өйткені бұл екі кітаптың бағасы менің айлық жалақымның жартысынан асады. Өстіп, дел-сал болып тұрғанымда Халима:
—Бағасы қанша екен, айтшы, — деді. Мен басымды шайқадым.
—Қанша сонда?
—75 сом.
Халима дереу бүмәжнігін ашып, қалған ақшасын санай бастады.
—Жетеді екен. Кассаға төлеп келейін, — деді содан соң.
—Қой, алмай-ақ қояйық, — деп айтуға аузымды ашып үлгіргенше, Халима кассадан 75 сомның чегін алып келді. Әрқайсысы екі килограммнан келетін ауыр кітап дүкен сөресінен менің қолыма көшті. Мен қуана құшақтап, екі томды екі қолтығыма қыстым. Халима алғаш алған кітаптар салынған тордың аузын ашты да:
—Екеуін де мынаған сал,— деді.
—Біреуін өзім көтерейін, — дедім мен.
—Жоқ, жүрегіңе жүк түсіріп қайтесің?! — деді Халима.
—Саған ауыр болмайды ғой.
—Қойшы, кітап ауыр болушы ма еді? — деп бәрін өзі көтеріп алды. Бұл әріректе болған оқиға. Одан бертінде заман өзгерді, ақшаның құны төмендеп, таршылық кезең келді. Бұрын 7 сомға сатып алатын кітаптар 700 теңгеден асып, кітап алу қиындап кетті. 1998 жылдан бастап "Әдеби кейіпкерлер энциклопедиясы" шыға бастады. 10 том. Әрқайсысы 740 теңге. Ол зейнетақың да қолға уақытылы тие қоймайтын қысылшаң кез болатын. Соған қарамастан, осы энциклопедияның он томын түгел сатып алдым. Халима соған титтей де қабақ шытқан емес. Оның кендігінің арқасында бұлардан басқа "Все шедевры мировой литературы" сериясының бірнеше томына ие болдым. Бұлардың бәрі де: "Біреуі бір қаралық!" дейтін кітаптар. Ал бұлар мен үшін бір қаралық емес, әрқайсысы он қаралық дүниелер. Егер жиған дүниені бұрынғы қазақтарша мал санымен есептесек, онда екеуміз жинаған кітап 30-40 мың жылқыға парапар болар еді. Осынша "малға" — рухани байлыққа Халиманың қамқорлығы арқасында қолым жетті. Тұрмыс тапшылығынан қандай қиындыққа кездессек те, қайда жүрсек те Халима жанын жастық, жүрегін төсек етіп отырушы еді маған. Менің рухани қажетімнен бір тиын аяған емес.
Қайран Халиманың осындай мінездері болушы еді.
Сегізінші сөз
Әйелдердің көпшілігі қорқақ келеді. Олар көлеңкелерінен қорқып, жоқтан өзгеден үркіп тұрады. Осыған орай, Халиманың бір ер мінезін ерекше атап айтқым келеді. 1987 жылы КПСС Орталық Комитетінің қазақтарды ұлтшыл деп айыптаған қаулысы шықты. "Правдадан" бастап, барлық газеттерде басылды. Мен сол қаулыға қарсы болып, КПСС Орталық Комитетінінің Бас секретары Горбачевқа хат жаздым. Қазақтардың ұлтшыл емес, нағыз интернационалист, патриот халық екенін дәлелдедім. Қаулыдағы "қазақ ұлтшылдығы" деген сөздерді өшіріп, оны жұртқа жариялауды өтіндім. Хатымды алдымен Халимаға көрсеттім. Ол оқып шықты.
—Не айтасың? — дедім содан соң. Ол ойланып ұзақ отырды. Содан кейін:
—Бұл хаттан кейін сені түрмеге жабады. Ұрып-соғып, қорлық көрсетеді. Мен сені ондай қинауға қимаймын. Менің ерім де, әкем де, шешем де сенсің! Бірақ, сен менің күйеуім ғана емес, ұлтыңның ұлысың ғой. Ендеше мен саған менің күйеуім ғана бол, ұлтыңның ұлы болма деп айта алмаймын. Тәуекел, мен көндім, – деді. Одан кейін төрт баламмен ақылдастым.
—Папа, хатыңызды Горбачевқа жіберіңіз, — деді Жанар, Жанат, Арнұр, Жаннұр төртеуі бірауыздан. Осыдан кейін Халима екеуіміз Горбачевқа жазылған хатты ең жақын досымыздың үйіне апарып оқыдық. Оқып болғаннан кейін досыма:
—Сен осы хатқа менімен бірге екінші болып қол қойсаң қайтеді? — дедім. Досымның әйелі баж ете қалды.
—Ойбай, Әз аға, сіздің осы үйдің шаңырағын ортасына түсіргіңіз келе ме?! Жоқ, мұндай хатқа менің күйеуім қол қоймайды. Өлсем де қойдырмаймын! — деді. Мен досыма қарадым. Оның Брежневше тамсанып отырып сөйлейтін әдеті бар еді. Ол тамсанып отырды да:
—Болмайды! – деп басын бір-ақ шайқады.
Мен ол хатты жалғыз өз атымнан Мәскеуге жібердім. Ол кезде Алматыдан Мәскеуге
баратын хат қатаң тексеруден өтетін. Сондықтан ол хатты поштаға салмай іні-досым Олжас Сүлейменовтен беріп жібердім. Ол Мәскеуге барған сапарында КПСС Орталық Комитеті үйіндегі еңбекшілер хаттары түсірілетін үлкен жәшікке апарып салды. Менің ол хатым артынан Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне келді. Оны Колбин, Мұқашев, Камалиденов, Назарбаев, Өзбекәлі Жәнібеков бәрі оқыды. КПСС Орталық Комитетінің Мищенко, Захарченко деген екі инспекторы үйіме телефон соғып, "Сен неге ондай хат жазасың?" деп төбеме әңгір таяқ ойнатты. Сені партиядан шығарамыз деді. Бірақ, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінін бюросы Мишенко мен Захарченконың дегенімен жүрген жоқ. Әсіресе, Өзбекәлі Жәнібеков марқұм мені қорғауға аянбай атсалысты.
КПСС Орталық Комитетінін "ерекше бақылауда тұрған" ("На особом контроле") бұл хатынан мені қорғап, оған Қазақстан Компартиясының бюросы атынан өз қолымен байыпты жауап жазған да Жәнібеков болды. Өзекең марқұм ол хатын Мәскеуге жөнелтер алдында үйге телефон соғып, маған оқып берді. Сол сәтте үйімізде құрметті достарымыз Күбіра мен Тұрсынбек екеуі отыр еді.
—Кіммен соншама ұзақ сөйлестіңіз? — деді Тұрсынбек.
—Өзбекәлі Жәнібековпен, — дедім мен.
—Бойына қарамай бұған ЦК-ның секретары телефон соғады, — деді, ол әзіл-шыны аралас мысқылдап. Тұрсынбек менің бойымды мысқылдамай жүре алмайды. Ол кісінің менің бойыммен бақталастығы бар. Қазақ бірімен-бірі бақталаспай жүре ала ма? Менің ол хатымды Олжастан кейін оқыған үшінші адам дос інім Софы Сматаев болатын. Мінеки, ағайын, Халиманың осы ересен моральдық, әйелдік, аналық, даналық ерлігін мен ешқашан ұмытпаймын!
Тоғызыншы сөз
Халима жүрегін жайлаған махаббат күшінің тағы бір тарауын айта кетейін. Мен 6 рет инфаркт болдым. Сол ауыр сырқаттардан Халиманың маған деген махаббаты сүйреп шығарды. Олай дейтінім сол кездерде мені бағып-қағып, аурухана палатасында қасымда жатып, аузыма су тамызып, жаныма жігер, бойыма қуат беріп, аяғымнан тік тұрғызып, қолтықтап, сан рет үйге алып қайтты. Аса ауыр жүрек ауруына шалдыққан мені отыз жыл күтіп, осы күнге аман-есен жеткізді. Ауруханада жатқан кездерде күні-түні кірпік қақпай мониторға қадалып, жүрегімнің
соғуын санап, оның минут сайын сүрінгенін қағазға тізумен болды. Жүрек қағысы нашарлай бастаса, жанұшырып, дәрігерге қарай жүгірді. Кардиология институтында біздің осындай қыл үстінде жатқан сәттерімізді, сол кездердегі Халиманың жанқиярлық еңбегін Тұрсынбек Кәкішев, Қалмұхан Исабаев інілеріміз бірнеше рет өз көздерімен көрді. Халиманың күндіз-түні қасымда отырғанына, оның монитор иректерін санап берген мәліметі бойынша менің жүрегіме шипалы ем жасап, әлденеше рет ажалдан арашалап қалған медицина ғылымының кандидаттары Гүлзада Мүкейқызы Көшімбаева мен Марат Әбдірахманұлы Баязитов және басқа дәрігерлер куә. Қазақта "жан досым" деген сөз бар. Бұл сөз жаның қиналып, қысылған сәттерде қасында болып, шыбын жаныңды қорғасқан адамдарға арналған болар. Күйеулері ауырғанда ауруханаға "жедел жәрдеммен" жөнелтіп жіберіп, "дәрігерлер емдеп жазады" деп, үйлерінде алансыз ұйықтап жататын әйелдер аз ба? Халима ондай әйелдердің бірде-біріне ұқсамайтын еді. Халима қайтыс болғаннан кейін 17 республикалық, облыстық, қалалық және салалық газеттерде қазанамалар мен көңіл айтулар жарияланды. Бірнеше адам телефон соғып, жеделхат жіберіп, факс арқылы көңіл айтты. Менің оларға деген алғысым "Қазақ әдебиеті" газетінің 2001 жылғы 24-тамыз күні шыққан 347- нөмірінде жарияланды.
Ең алғашқы келген көңіл айту жеделхаттардан үзінділер келтірейін.
Құрметті Әзілхан аға!
Сіздің құдай қосқан қосағыңыз, өмірдегі тірегіңіз — аяулы Халима апамыздың қазасының артының қайырын берсін. Ешқашан да орны толмас асыл жанның алдынан жарылқасын. Бұл ауыр қайғыңызға мен де шын жүректен ортақпын.
Құрметпен: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің
Орынбасары И. Тасмағамбетов.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұхтар Шаханов былай деп жазыпты:
Әдебиетіміздің үлкен бәйтерегі Әзілхан аға Әз аға, басыңызға түскен қайғыға шын жүректен көңіл айтуымды қабыл алғайсыз. Халима жеңгеміз Сіздің сүйікті жарыңыз болуы арқылы ұлтымыздың ұлағатты аналарының деңгейіне көтерілген аяулы жан еді. Жамбыл облысының бір топ соғыс және еңбек ардагерлері мынадай жеделхат жолдапты: "Тас төбемізден мұздай су құйғандай суық хабар жетті. Аса қадірлі, қимас абзал аналардың алғы легіндегі ару жеңгеміз, Әз аға, өзіңіздің сонау жан берісіп, жан алысқан қанды майданда тізе қоса бірге жүріп, Ұлы Жеңісті шындасқан қадірлі қосағыңыз, бейбіт өмірде де адал дос, деніңіздің саулығына сенімді сүйеу, ел сүйсініп, құмарта оқитын шығармаларыңызға тұрақты демеуші, тірегіңіз болған Халима апамыз да пәни дүниеден өтіпті. Құрметті Әзеке! Сізге орны толмас осынау қазаңызды қайғыра бөлісіп, шын ықыласты көңіл айтамыз.
Ал Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев өзінің көңіл айту хатында былай депті:
"Әз аға! Халиманың қазасы қақ төбеден жай түсіргендей болды! Өкпеге қиса да, өзгеге қимайтын қазақпыз ғой: шын көңілден егіле, жанымыз шырқырай көңіл айтамыз. Әз аға! Енді өзің мықты бол, шыда! Біз өле-өлгенімізше өнегелі мінезді қайран Халиманы ұмытпаймыз. Өз Мұзафарың, Шапау келінің.
Осы сарындас жеделхаттар мен хаттарды және басқа қаламгерлерден де алдым. Сонымен бірге бірнеше жеке оқырмандарымнан да хаттар келді. Солардың бір-екеуіне тоқтап өтейін.
Алыс Атырау қаласында тұратын қарт оқырманым Өтебай Бейсенғалиұлы алдымен жеделхат жолдап, көңіл айтты. Оған да қанағаттанбай, артынан арнайы хат жазып, былай депті:
"Әз аға! Атырау облыстық газетінің 4-тамыздағы №92-93 санынан Халима апайдың қайтыс болғанын оқып, өз көзіме сенбедім. Үш рет қайталап оқып шыққаннан кейін сенбесіме амал қалмай, қатты қайғырдым" деп тебіреніпті.
Бұл кісі өзінің бір немересіне Бауыржан, бір немересіне Әзілхан деп ат қойған менің Атырау еліндегі дос оқырмандарымның бірі еді.
Сол Атырау облысының Құлсары қаласында тұратын тағы бір оқырманым Қален Кідібасов деген азамат телефон соғып, күйзеле тұрып көңіл айтты. Артынан мынадай хат жазып:
—Халима апайдың қазасын "Мұнай-информ" газетінен оқып, қатты қайғырып қалдым. Сіздің оқырмандарды тәнті еткен тамаша кітаптарыңыздың бәрі Халима апайдың қолынан шығыпты. Ана жылы Алматыға барғанымда сіздің үйде профессор Тұрсынбек Кәкішевпен бірге қонақ болғаным есіме mүcmi. Сонда апай мені жатсынбай, жатырқамай жақсылап күтіп еді. Ол кісінің сол сәттегі мейірбан жүзі көз алдыма келді. Осыдан 20 күн бұрын Сіздің үйге Құлсарыдан телефон соққанымда трубканы апайдың өзі алып еді. Жылы жүрекпен жақсылап жауап берді. Тек Сіздің сырқаттанып, аурухананың реанимация бөлімінде жатқаныңызды айтқанда ғана үнінен үрейлі діріл аңғарғандай болып едім. Сізге жанын жастық, жүрегін төсек ететін жақсы апамыздың өмірден өзі өтіп кеткеніне өкіндім. Әз аға. Апай иманды, сіз аман болыңыз. Арты жақсылығын берсін, — деді ол оқырман.
Міне, кеше ғана Қызылорда облысының Арал қаласы, Сейфуллин көшесі, №7 үйде тұрған Кеңес Өмірзақұлы деген көрмеген оқырманымнан және бір хат келді. Өз хатын ол былай
деп бастапты:
"Қайран Халекемнен айрылыпсыз Әзіз-Әзекем! Құрметті, қайғылы, қазалы Әзекем!".
Оңтүстік Қазақстан облысынан Шырақбай Байғонұлы деген оқырманым маған өзінің 7 тамыз күні жолдаған хатында былай деп жазыпты:
Құрметті Әзілхан аға!
Сіздің сүйікті жан жарыңыз, әрі сенімді серігіңіз Халима апаның өмірден өткендігі
жөнінде 4.08.2001 ж. күнге "Оңтүстік Қазақстан" газетінен оқып естідік. ...Сіз қазақ халқына керексіз. Сондықтан алдағы кезде денсаулығыңыз мықты болсын.
Aл Астана қаласында тұратын жазушы-журналист Қайсар Әлім былай деп жазыпты:
Қадірлі Әзілхан аға!
Сау-сәлемат болдыңыз ба? Денсаулығыңыз қалай? Балалар аман ба? Әзаға! Өз басыңызға, отбасыңызға түскен ауыр қайғының артының жақсылығын берсін. Өмірлік қосағыңыз Халима апамызда жоғалту Сіздің ғана емес, баршамыздың қабырғамызға батады. Марқұм Ол кісіні ұлтымыздың Ана, Жар, Келін, Ене, Жеңге дегізерлік асыл да ыстық ұғымдарының бар болмысын ашатын жиынтық Тұлға ретінде қабылдайтын едік. Халқына қадірменді, сүйікті жазушы Әзілхан Нұршайықов туралы өнегелі сөз туындай қалса, Халима апамыз да атаусыз қалмайтын еді. Тіпті, Сіздей ірі жазушыға тағдыр сол кісідей асыл адамды лайықтап жаратқан ба деп те толғанатынбыз. Әттеген-ай, бірақ мына тұрлаусыз өмірге не шара!?
Әз аға! Сіз Халима апамызды өмір бойы жырлап өткен махаббаттың адал қорғаушысысыз. Сонау ертедегі әңгімелеріңізді бастап "Махаббат, қызық мол жылдарға" дейін жалғасқан, одан бергі шығармаларыңызда да Ұлы махаббат тiнi бір үзілмейтінін, мына біз оқырмандарыңыз, жақсы білеміз. Сіз Алла дарытқан қаламгерлік талант, қуатыңызбен ғана емес, ұлт санасына Махаббат символын сіңірген ерлігіңізбен де өзгелерден оқшау, дара турасыз. Және де Махаббат туралы айтып, жазып қана қоймай, нақты өмірлік өнегеңізбен әр жүрекке әл берген мәңгілік маздақсыз!
Мықты болыңыз, Әз аға! Сіздің өмірлік абыройыңызды сомдап, бөліскен асыл апамыздың пейіште нұры шалқысын! Топырағы торқа болсын! Үлкен жазушының үлкен жарын халқы да ұмыта алмайды!
Сәлеммен, ініңіз Қайсар Әлім.
3.09.2001. Астана
әл-Фараби .көшесі. 15-үй 100-пәтер
("Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі)
Мінеки, Халима қазасын естіген оқырмандар маған осындай хаттар жазуда.
Оныншы сөз
Халиманың кең пейілдігіне қарай біздің үйде, өзінен-өзі бір ғажайып қор құрылды. Артынан оны біз "Халима қоры" деп атадық. Олай деген себебіміз: Халима қайтыс болғаннан кейін онымен қоштасуға, көңіл айтуға келген ағайындар әркім өз күйлеріне қарай ақша тастап кетіп отырды: біреу 500, 1000, 2000, 3000, 4000, 5000, біреу 15000, біреу 20000 теңге, біреу — 50, 100, 500 доллар дегендей Сөйтіп, "Халима қорына" қазір 3000 долларға жуық қаражат түсті. Ол қорға кімнің қанша қаражат қосқанын жеке-жеке атап айтпай-ақ қояйын. Осы арада мына бір екі оқиғаны да айта кетейін.
Біріншісі мынандай. Бір күні Халимаға жинақ кассасынан кассир қателесіп, 1000 сомды артық беріпті. Халима алған ақшасын санамай (санауға кассирге сенімсіздік көрсеткендей болармын деп ұялады), сөмкесіне сала салады. Үйге келіп санаса, артық ақша шығады. Бұған Халима қатты қысылды. Өзін кассаның ақшасын ұрлап әкеткендей сезінді. Жүгіріп, үстел басында жұмыс істеп отырған маған келді.
—Жүр, мына артық ақшаны апарып берейік. Бұл ақша кассир әйелдің мойына мінеді ғой. Обал ғой! – деді. Халима мені қасына ертіп, ол артық ақшаны Фурманов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы жинақ кассасына апарып өткізді. Өзіне осыдан жарты сағаттан аса бұрын ақша берген кассир әйелге барып:
—Сіз маған қателесіп, 1000 сом артық беріпсіз. Мен оны қолма-қол санамағаныма ғапу өтінемін, санасам сол алған бойда өзіңізге қайтарып беретін едім, — деді. Кассир әйелдің екі көзі бақырайып кетті. Мың сом мойнына мінсе оңай ма? Сотталып кетуі де мүмкін ғой. Халимаға қайта-қайта басын иіп, рақмет айтты.
—Түу, қандай рақат болды. Бақандай мың сомды кассадан ұрлап алғандай үрейім ұшып еді, — деді маған Халима кассадан шыққаннан кейін. Сол күні кешке бұл оқиғаны достарымыз Тұрсынбек пен Күбіра Кәкішевтерге айттық. —Бекер өйткенсіңдер, десті олар. — Өзі келген олжаны қайтарып берулерің дұрыс болмаған.
—Ондай олжамен байымай-ақ қояйын. Маған арым мен ұятым қымбат. Ешкімнен ештеңе алмай, тек жүргенім — рахат, — деді Халима, өзімен-өзі сөйлескендей жайлап қана. Енді екіншісін айтайын. Мен үйде жоқта Талдықорған облысынан бір жас ақын біздің үйге бір қойдың етін алып келіпті.
—Бұл кімге, қалқам? — деп сұрайды Халима.
—Сіздерге, — дейді бейтаныс жігіт.
—Не себептен? ..
—Сыбағаларыңыз ғой, жеңгей.
—Біз сізді, сіздер бізді білмейсіздер. Танымайтын кісіге ешкім сыбаға сыйламайтын сияқты еді ғой, шырағым.
—Ағайды сыртынан білеміз ғой.
—Сыртынан білетіндерге алыстан сыбаға тасымайды. Не қызмет істеуші едіңіз, қарағым?
—Мұғаліммін, жас ақынмын.
—Жазушылар одағына мүшесіз бе?
—Жоқ, үміттімін.
—Онда, қалқам, жоғары шығып, шай ішіңіз. Бірақ, мына сыбағаңызды мұнда қалдырмай алып кетіңіз. Осында ақын ағайларыңыз бар шығар.
—Бар ғой, апай.
—Бар болса, солардың біріне апарып сыйлаңыз. Ал ағаң Жазушылар одағына өтуіңе қойсыз да көмектеседі. (Ол кезде мен Жазушылар одағына мүше қабылдайтын комиссияның торағасы болатынмын). Ал мынадай "сыбаға" әкелгеніңізді білсе, ол кісі ренжиді, көмектеспей қоюы да мүмкін, — дейді Халима жігітке жайлап. Жігіт қипақтап тұрып, ақыры қойын арқалап алып кетуге мәжбүр болады.
—Қарағым, алыстан келген екенсіз, шай ішіп кетпейсіз бе? — дейді Халима оған қайтадан.
—Жоқ, рақмет, апай, — деп жігіт төрге шықпай, дәлізден қайтады. Мұны да кезінде Кәкішевтерге айттық. Сырлас достарымыз ғой. Олар күлді:
—Ой, сіздер қызықсыздар. үйлеріңізге өзі келген ақшаны апарып бересіздер. Өзі келген қойды қайтарып жібересіздер. Біз болсақ: ақшаны қалтаға басып, етті де жеп алар едік, — деді Тұрсынбек.
—Біз шәкірттерінен сыбаға жеп дәндеген Кәкішев емеспіз ғой, — дедім мен де күліп.
—Қойшы, олай деме, Әзілхан, – деді Халима менің иығымнан қағып, – Өзіне ұзақ жыл білім берген ұстазына шәкірттері сыбаға жіберіп, немесе әкеп беріп жатса, оның несі айып? "Ойыннан от шығады" дегендей, мен екеуіңнің осындай әзілдеріңнен қарадай қысылып отырамын.
—Осы апамның ақылы болмаса, сіздің қалай күн көргеніңізді көрер едім, — деді Тұрсынбек мені мұқатқандай болып. Мен үндемедім. Өйткені, Тұрсынбектің сөзінің жаны бар еді.
***
Кім, қанша бергенін өзі де біледі ғой. Сонда да бұл қорға ("Халима қорына") 500 теңгеден қосқан екі адамның, 500 доллардан қосқан екі азаматтың аттарын ерекше атағым келеді. Олар кім дейсіздер ғой? Гули Назымбекова деген ұйғыр әйелі мен Наталья Федоровна Байгельдинова деген орыс әйелі. Екеуі екі мекеменің тазалықшысы. Мына арқадан аяздай қысқан нарық заманында екі тазалықшының 500 теңгеден әкеп үлес қосуы жан мырзалығы, тұрмыстық ерен ерлік емес пе! Біз "алмаймыз" деп едік, олар: "Біз адам емеспіз бе? Ана емеспіз бе? Бізде жүрек жоқ деп ойлайсыздар ма?" деп, еркімізге қоймады.
Енді 500 доллардан бергендердің кімдер екенін айтайын. Олардың біріншісі шымкенттік бауырларымыз Нұрмұхан, Нұржан, Бақмағамбет Әжіметовтар. Екіншісі астаналық ініміз, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оның үстіне Мұхтар бауырымыз Халима апайының аруағына арнап менің "Махаббат, қызық мол жылдар" романымды Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында жаңадан бастырып шығарып беруге уәде етті. Қазір ол роман қымбатты Кәдірбек бауырымның басшылығымен "Атамұра" баспасында теріліп жатыр. "Көп түкірсе көл" деген осы, ағайын, "Халима қорына" түскен бұл ақшаны оның басына ескерткіш орнатуға жинап отырмыз. "Халиманың қорына" үлес қосқан сіздердің бәрлеріңізге үш рет иіліп, шын жүректен алғыс айтуыма рұқсат етіңіздер. Халима атақты емес-ті, көптеген қарапайым аналардың бірі, көптеген жазушылардың бірінің жан жолдасы, әдеби серігі ғана. Соған қарамастан менің кішкентай Халимама мұндай үлкен құрмет көрсетілуі көңілімді тербеп, көзіме жас келтіреді. Аруағыңнан айналайын, асылым!
Он бірінші сөз
Мына менің саусағымда алтын сақина бар. Енді осы сақина туралы бір ауыз сөз айта кетейін. Мен өмірімде саусағыма сақина салмаған кісімін. Кейбір жазушылар мен ақындар саусақтарына тоқпақтай алтын сақина салып жүргенде "мақтаншылық қой!" деп ішімнен күлетінмін.
Енді, міне, Халима қайтыс болғаннан тура 30 күннен кейін саусағыма алтын сақина салып, "сәнденетін" болдым. Мұнда не мән бар? Тамыздың 25-і күні таңертең, кеше қайтыс болған Әлжекеңнің (Әлжаппар Әбішевтің) балаларына барып, көңіл айтып қайтуға қамдандым. Конвертке 5000 теңге салып ала барайын деп (Халима болса Әлжекеңнің жабдығына 5000 теңгеден кем қоспас еді), кішкене сейфімді аштым. Онда Халиманың өзім демеуші болып, бір кітабыңды шығарып беремін деп жинап жүретін ақшасы болушы еді. 5000 теңгені содан алмақ болдым. Ақша салған дорбаны ашып қарасам, оның түбінде бір алтын сақина жатыр. Бетінде
"Халима. 1997" деген жазу бар. Бұл Халиманың 1997 жылы операцияға жатар алдында жасатып, қыздарына, келіндеріне, немерелеріне таратып берген жүзіктердің біреуі. "Бұл кімге арналған екен? Балаларының бәріне таратып беріп еді ғой", — деп таңдандым. Осылай деп ойлап, саусағыма салып қарасам — маған дәп-дәл екен. Саған да сақина жасаттым деп Халима маған айтпаған еді. Жалпы, Халима біреуге жақсылық жасаса, оны жария етпейтін. "Мен өйттім, бүйттім" деп ешкімге айтпайтын. Сол әдеті бойынша маған жасатқан сақинасын мен өлгеннен кейін өзі тауып алып, саусағына салсын деп ойлаған болуы керек.
Көзіме жас келді. "Бұл сақинаны өмір бойы саусағымнан шығармаспын!" деп өзіме-өзім ант бердім. Түсте балаларыма Естай ақынның Хорлан сұлудан алып қалған алтын сақинаны өмір бойы саусағынан түсірмей жүріп, өлгенде өзімен бірге ала кеткенін, сол сақинаның иесіне арнап, "Хорлан" деген атақты ән шығарғанын айттым.
—Сол сияқты сендер де мен өлгенде бұл сақинаны саусағымнан суырмаңдар,— дедім.
Балаларым мұңайып отырып, бас изесті.
—Папа, айтқаныңызды орындаймыз. Ал сіз "Хорлан" деген ән шығарған Естай атамыз сияқты "Халима" деген кітап жазасыз ба? – деп сұрады олар.
—Амандық болса, жазамын, қалқаларым, — дедім балаларыма.
Мен Халиманы кей түнде түсімде төрт рет көремін. Күндіз үйдегі суреттеріне қарап, көз алдыма елестетемін. Ал мына Халима қалдырып кеткен алтын сақина арқылы түнде оны қасымда жатқандай сезінемін. Күндіз көшеде қолтықтасып қатар келе жатқандай күйде боламын. Сақина алтыны күндіз — күнге, түнде — шам жарығына жалт етіп қалғанда
Халиманың жарқ етіп, өзіме қиыла қараған мейірімді көзін көргендей боламын. Халима мәңгі менімен бірге деп сезінемін!
Естай ақынның Хорлан қыздың сақинасын саусағынан неге түсірмей өткенін енді түсіндім. Ол қолы жетпей қалған асыл арманның өкініші ретінде сақтаған екен. Ал мен қолым жеткен ғашықтық жеңісінің жалтылдаған жалауы ретінде сақтаймын! Мәңгілік махаббаттың өшпес сәулесі деп сақтаймын! Мінеки, бұл кішкентай сақинаның кішкентай тарихы осындай. Жас кезімде қолыма жүзік салмай, сексенге тақағанда саусағыма алтын сақина салып, "сәнденуімнің" себебі сол! Халима жасатқан бұл жүзіктер бүгін оның қыздары мен келіндерінің, немерелері мен шөбересінің саусақтарында жүр. Ертең ұрпақтан ұрпаққа ауысады. Осы жүзіктер арқылы да Халима есімі алдағы XXII ғасырға да жететін шығар деп үміттенемін. Бәлкім, одан да арыға кетер. Алтын тозбайды ғой.
Өзі жасатқызған жүзіктерінің бірін кіші қызы Жаннаттың саусағына салып жатып, Халима былай деген екен:
– Әкелеріңнің артында кітаптары қалады. Сол арқылы оны естеріңе түсірерсіңдер. Менің артымда не қалады естелікке осы жүзіктен басқа? Әкеңнің кітаптары мен менің жүзіктерімді жоғалтпай сақтап, өз шөбере, шөпшектеріңе беріп кетіңдер. Олар да өз балаларына беріп кетер...
Халима жалғыз Жаннат қана емес, барлық келіндеріне, күйеу балаларына (оларға да арнап жүзіктер соқтырыпты), немерелеріне де солай депті. (Кейін өзі аттас Халима деген шөбересі туып, ол бір жасқа келгенде оның құлағына арнап, кішкентай алтын сырға және соқтырып берді. Үйде Халиманың сол сырғаны шөбересінің құлағына салып жатқан кезде түсірілген сурет те сақтаулы).
Он екінші сөз
30-тамыз күні Олжас Сүлейменов үйге келіп көңіл айтқанда (бұрын Римнен телефон
соққан ғой), оған Халимадан қалай айырылып қалғанымды айтып, жанымның мұңын шақтым. Жанарыма жас іркіліп, бірнеше рет тоқтап та қалдым. Олжас та үнсіз егіліп отырды. Бірақ, көзінен жас шығармауға тырысты. Жас шығармағанымен, үйдің іші қоңыр салқын, балконның ашық есігінен самал соғып тұрса да, маңдайы мен самайы тершіп, үстел үстіндегі ақ салфетка қағаздан екі рет алып, мандайын, бетін, көзінің алдын сүртті. Қасындағы кісі:
—Әзеке, босамаңыз, — деп қалып еді, Олжас басын шайқады.
—Халимадай ақылды ападан айырылып қалғанда қалай босамайды?! — деп жолдасын тыйып тастады. (Жолдасы құран оқытуға ерте келген Амантай Асылбек болатын). — Әуезов сияқты ұлылар отырған осы орындықта отырып, Халима апайдың қолынан талай дәм татып едім мен де. Ол осылай деп үнсіз отырып қалды. Менің көз алдыма Халиманың қолынан дәм татқан ағалар мен інілер елестеді. Олар өз қалыптарымен бір-бір көрініп, бой көрсеткендей болды. Ол кісілер кімдер еді?
Халима асты да дәмді, жұғымды етіп пісіретін. Оның ас пісіру шеберлігін кінәмшіл, кірпияз ағамыз, ұлы жазушы Ғабит Мүсіреповтың өзі мақтаған болатын. Ол кісінің:
— Кейбір үйге барсаң, тамағына тісің батпай қайтасың. Ал Халима келіннің пісірген асына тойғаныңды сезбей де қаласың! — дегенін өз құлағыммен естіген болатынмын. Бұл сөзді ол ағамыз біздің үйден қонақтан қайтып бара жатқанда, машина ішінде айтқан еді. Ғазиза жеңгей екеуін мен машинамен үйлеріне өзім апарып салған болатынмын. Халиманың қолынан басқа да талай тамаша адамдар дәм татты. Біздің дастарқанымыздың ең алғаш қадірлі қонағы болған ұлы жазушы-академик Мұхтар Әуезов ағамыз болды. Ол кісіні қалай қонақ еткеніміз туралы мен өзімнің "Екі естелік" деген кітабымда айтқанмын. Одан кейін Қазақстанның халық жазушылары: Ғабиден Мұстафин, Әбділдә Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Әлжаппар Әбішев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Мұзафар Әлімбаев, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Ғафу Қайырбеков, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Тұманбай Молдағалиев; атақты ақын-жазушылар: Әди Шәріпов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Сәду Машақов, Ғабдол Сланов, Рахметолла Райымқұлов, Өтебай Қанахин, Медеу Сәрсекеев, Қалмұхан Исабаев, Қалихан Ысқақов, Дүкенбай Досжанов, Қабдікәрім Ыдырысов, Мағзұм Сүндетов, Жайсаңбек Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, Оразбек Сәрсенбаев, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Роза Мұқанова; жазушы-профессорлар: Мырзабек Дүйсенов, Рахманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Бағыбек Құндақбаев, Мұрат Хамыраев, Мырзатай Серғалиев; академиктер: Сақтаған Бәйішев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Евней Бөкетов, Зейнолла Қабдолов, Көпжасар Нәрібаев; министрлер: Рымбек Байсейітов, Тұрғанбек Қатаев; Кеңес Одағының Батырлары: Махмет Қайырбаев, Қасым Қайсенов (Халық қаһарманы); Социалистік Еңбек Ерлері: Күләй Шарбақбаева, Жазылбек Қуанышбаев, Ділдәш Итбасова; халық әртістері: Сабира Майқанова, Асанәлі Әшімов; партия-кеңес қызметкерлерінен: Кенжебай Мақин, Аманолла Рамазанов, Жұмабай Ахметов, Ертай Айдарғалиев, Екейбай Қашағанов, Айтбай Назарбеков; дәрігерлерден: Мұхтар Айтқазин, Марат Баязитов; әскерилерден генерал Абай Тасболатов сияқты тамаша аға-бауырларын қошаметтеп күтті.
XX ғасырдағы замандас жазушылардан Халиманың дастарқанынан дәм татпағандары кемде-кем болар. Тіпті, мені өте ұнатпайтын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі Мәскеуде Халиманың тәтті шайын тамсанып отырып ішкен. Бұлардан өзге Халиманың қолынан шетел азаматтары да дәм татты. Олар: И.И. Ляпин (Мәскеу), Т.С. Сартақова (Мәскеу), Г.А. Горышин (Ленинград), генерал А.И. Карпелюк (Киев), В.Г. Ласкович (Брест), атақты маршалдың қызы Маргарита Георгиевна Жукова (Мәскеу), В.М. Сулименко (Харьков), генерал Н.И. Луцев (Подольск), Фредерик Компи (АҚШ), Джейсон Компи (АҚШ), чех полковниктері Станислав Мистр мен Иосиф Пелын (Праға), Семен Руфов (Якутия), Бетани Шрайберт (АҚШ), Сәбит Жаданов (Мәскеу), Валентин Речмедин (Киев), Шәкен Оналбаев (ҚХР), Оразхан Ахметов (ҚХР), Батырхан Құсбегин (ҚХР), Сафван Кудси (Сирия), Саид Хаурания (Сирия), Аднан Бағаджати (Сирия) және бір кәріс жазушы (Солтүстік Корея)
Халима қол өнеріне ғана емес, қонақ күтуге де талантты еді. Өзі танымайтын, маған да бейтаныс оқырмандарды да қабақ шытпай қабылдап, құрметтеп күтіп, қуантып шығарып салатын. Танымаса да кейбіреулеріне шапан кигізіп, сәлемдеме беріп жіберетін. Сол танымайтындар ішінде біздің үйден шапан киіп қайтқан оқырмандардың бірі Атырау қаласындағы балық комбинатының жұмысшысы Өтебай Бейсенғалиұлы бауырымыз еді.
Жалпы танитын, танымайтын ағайындардан Халиманың қолынан жиырма шақты адамның шапан киіп кеткендері есімде...
...Содан соң, Олжас бетін сүртіп болғаннан кейін, еңсесін көтеріп тіктелді де:
—Әзеке, қайтеміз? Тағдыр солай болса — не шара?! Өзіңіз аман болыңыз, балаларыңыз аман болсын! — деп қайта еңкейіп, мені бетімнен сүйді (екеуміз қатар отырғанбыз). Содан кейін сағатына қарады. Сағат 6-да антиядролық халықаралық жиналысқа қатысқандарға банкет беріледі екен, соған баруға рұқсат сұрады.
—Бар, айналайын, — дедім мен. Бір сағаттай бірге болып, Олжасты екі жолдасымен шығарып салдым. Құшақтасып қоштастық.
Он үшінші сөз
Халима көршілеріне, таныстарына, жақындарына ілтипат білдіріп, сыйлық жасап
отырушы еді. Біздің үйдің ауласына сонау Қырбалтабай ауылынан бір үлкен сары цистерна-машина келіп, сүт сатады. Оны Халима екеуміз "Біздің ауылдың сары сиыры" деп атайтынбыз. "Сары сиыр келді ме екен?" деп, таңертең терезеден қарайтынбыз. Ол машинаның басшысы Серік деген жігіт. Қасында Яша деген шофері бар. Сол екеуіне Халима айт, той, мейрамдардан сарқыт апарып беріп отыратын. Екеуміздің қосылғанымызға 50 жыл толған тойымыздан, әкеміз Нұршайықтың 100 жылдық тойынан, немереміз Сабинаны ұзатқан тойдан сарқыттар апарып бергенін білемін. Ол жігіттер: "Біздің апай!" деп Халиманы құрметтеп, жақсы көретін. Ұзын шіреттің арт жағында тұрған Халиманың бидонын жүгіріп келіп өздері алып, сүт құйып беретін. Халима олармен сыйластығын пайдаланып, ешқашан шіреттің алдына қарай ұмтылмайтын. Сүт жетсе кезекте тұрып алып, жетпесе қайтып келетін. Сүт жетпей қалды деп ешқашан ренжімейтін. Ондай күндерде екеуміз қолтықтасып, гастрономға барып, сүтті содан алып келетінбіз.
Біздің аулаға Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Бурное селосынан (қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылы) келіп, Айбала деген келіншек қаймақ, май, қымыз, қазы сағатын. "Біздің Баукең ағамыздың ауылының дәмі" деп Халима Айбаланың әкелгендерінен үнемі сатып алып отыратын. Айбаланың үйіндегі енесіне шай, қант, балаларына кәмпит те беріп жіберетін. Маған: "Баукең ағаның ауылына сәлемдеме жібердім" деп қуана хабарлайтын. Дос, жолдастардың қыз ұзату, келін түсіру тойларына барғанда Халима келіннің немесе қыздың қолына алтын сақина салатын. Ондай жүзіктерді ювелирлік дүкендерді аралап жүріп, арнайы сатып алатын. Немесе олардың той жабдығына ақша апарып қосатын. Өзіміз қатыса алмаған тойларға да артынан сыбағасын апарып беретін. Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Софы Сматаев, Кәдірбек Сегізбаев тағы басқалардың тойларына осындай сыйлықтар апарғаны есімде. Кісісі өлген үйлерге қаражат қосатын. Сөмкесіне конверт салмай бармайтын.
1997 жылы төрт той болды: Әлжекең Әбішев пен Дихан баба Әбілев — 90-ға, Тұрсынбек Кәкішев — 70-ке, Есләм Зікібаев бір жыл бұрын 60-қа толды. Тойлары өткеннен кейін, Халима екеуміз олардың басын қосып, үйге қонаққа шақыруға қамдандық. Халима қатты әзірленді. Ол қонағасын біз: "Екі 90, бір — 70 және 60-тың тойы" деп атадық. Немесе қысқартып, "Үш ғасырдың тойы" деп те айтатынбыз. Өйткені, төртеуінің жасын қосқанда 310 жыл болып шығады екен. Біз үш ғасырды төрімізге шығарамыз деп қуандық. Төртеуіне 4 шапан әзірледік. Бірақ, Дихан ауырып келе алмады. Есләм басқа бір тойға кетіп қалды. Әлжекең мен Тұрсынбектің иықтарына шапандарын жауып, сарқыттарын қолдарына ұстатып. (Әлжекең Халиманың сарқыт бергенін қатты ұнататын), құрметтеп шығарып салдық. Шығарып салғанда жаяу жібергеніміз жоқ: машинамен әкеліп, машинамен үйлеріне жеткіздік.
1985 жылы біз Құрманғазы, 90-дағы жаңа үйге көшіп келдік. Көршілердің ішінде біз бірінші болып той жасадық. Жаңа көршілердің бірін қалдырмай тегіс қоныс тойына шақырдық. Коньяк ішіп отырғанда олар: "Біз де той жасаймыз!" деп күпілдесті. "Мен ертең жасаймын" деген жігіттер де болды. Алайда, ертең емес, екі айдан кейін, тіпті екі.жыл өткен соң ғана кейбір көршілердің есігін аштық. Әлі күнге дейін есігін ашпаған үйлеріміз де бар. Халима осылай, өз міндетін ылғи алдымен өтеп отыруға тырысушы еді. Және ешкімнен ештеңе дәметпейтін. шақырған жерге баратын, шақырмағанға ренжімейтін. Өкпелеп, ешкімнің үстінен өсек айтпайтын. Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағына бірінші хатшы болғанда, ең алдымен жазушылардың әйелдерінің басын қосып, шай берді. Сонда Халима:
– Жұбақа, бұрын жазушылардың әйелдерін ешкім ескермейтін еді. Бізден ақыл сұрамасаң да, жұртқа жөн көрсеткеніңе рақмет, — депті. Жұбан марқұм Халиманың осы сөзін аузынан тастамай, айтып жүруші еді. Халима көп сөйлемейтін. Сөйлесе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ғана айтып тынатын.
Халиманың жұртты сыйлауында ешқандай қапа болмайтын. Сан қилы қонақ күтіп жүріп, ешқашан «шаршадым» деген емес. Қайта, керісінше қонақтарды разы етіп аттандырғанына қуанып, қуаттанып қалатын.
Он төртінші сөз
Су сұрасам — сүт, қарта сұрасам қазы, жая сұрасам — жал беретін еді Халима. Жанынан — жылу, жүрегінен жыр беруші еді маған. Ойымды жалғап, өрісімді кеңейтуші еді менің. Сөйлесек — әзіл, күлсек — күлкіміз таусылмайтын еді біздің. Кемері қуанышқа шүпілдей толып тұрған сол бір ғажайып рухани жан дариясы Халима кеткеннен кейін, суы тартылған теңіздей болып, шетсіз, шексіз шөлге айналды. "Балығы тайдай тулаған" сырлы, сұлу дарияның орнында сан алуан сағым ойнаған көлемді кеңістік қалды мен үшін. Барлық әйел — бағалы! Әйелдер — ең ғажайып дүние! Бірақ, біз — еркектер олардың ғажаптығын қадірлей білмейміз. Халима менің созсам қолымды, ойласам ойымды ұзартушы еді. Ақылыма ақыл, абыройыма абырой қосатын еді. Жатсам — жастығым, жантайсам төсегім болушы еді. Жабырқасам жадыратушым, жаңылсам түзетушім еді. Зейін зеректігімен, энциклопедиялық білімімен маған көз жазбай көмектесіп отырушы еді. Менің жан жарым, әдеби серігім, ардақты аяулым, асыл досым Халима осындай кісі еді! Әр еркекке өз әйелінен асқан ару жоқ, асыл жоқ. Әр әйелге өз күйеуінен өзге дана жоқ, данышпан жоқ. Ал Халима маған: "Сен атақты жазушымын деп асқақтап кетпе. Өзіңді қарапайым көптің бірі ғанамын деп есепте. Кемшілігіңді өзің айт, жақсылығыңды жұрт айтсын. Жұрт мақтады екен деп және мардымсып кетпе, жарай ма? " деп отыратын еді оңашада. Бір сөзбен айтқанда Халима менің өз өмірімнің аспанында жарқыраған жарық күнім болды.
Менің Күнім! Әр әйел — өз отбасының алтын Күні. Күн — көктегі Жерге жақын газ бейнелі ең ыстық жұлдыз екені, Жердегі бар тіршілік Күннен қуат алып, соның жылуы мен жарығы арқасында өсіп өнетіні аян. Ал мен Жер әлемінің жердегі Күні әйелдер дер едім. Жер бетіндегі ең ақылды тіршілік иесі адамзат болса, адамзатты құрайтын адамдар әйел құрсағынан шығады. Әйелдің күйеуіне, балаларына сіңіретін еңбегін ешқандай электрондық есептегішпен есептеп шығара алмайсың. Әйел — Ана қарызын ешбір еркек, ешбір перзент өтей алмақ емес. Егер мен жүз жыл жасасам да, Халиманың маған сіңірген еңбегін, оның адамгершілік, әйелдік, ұрпағымды өрбіткен аналық қарызын өтей алмаспын деймін. Өтей алмаймын! Басқа еркектердің қалай бағалайтынын білмеймін, өз басым осылай ойлаймын. Өзім өлгенде артымда қалдыруға қимайтын екі асылым бар еді. Оның біріншісі — өмірлік жан жарым Халимам, екіншісі жарғақ құлағым жастыққа тимей өмір бойы жинаған кітаптарым еді. Сөйткен қимас Халимам мені артына қалдырып, менен бұрын өзі өмірден өтіп кетті. Бүгін сенен айырылып қалғаныма 40 күн болды, Халима. Қайтып келмесіңе көңілімнің сенгісі келмесе де, көзім жетті.
Қош, қалқам, қош! Халима ауруханада жатып, менімен қоштасқан түнде былай деп еді: Жұрт саған: "жылама!" дер. Жұрт саған: "берік бол!" дер. "Жылама!" деп айту оңай, жыламау қиын. "Берік бол!" деп айту оңай, берік болу қиын. Дәрігерлер: "Қыстыққанда жылап алған жөн" дейді. Мені сағынғанда оңашада отырып жылап ал. Бірақ көз жасынды балаларға көрсетпе! Ол осылай деген еді.
Балалар үнемі қасымда болады. Тамағыма кесек кептеліп, көзіме жас жиналғанымен, олардың көзінше жарытып жылай алмай жүруші едім. Кеше кешке, сағат 21-22 арасында оңаша қалдым. Жаннат үйіне бір шаруасына кеткен еді. Сол кезде кабинетке кіріп, жоғарыдағы көршілерім естіп қоймасын деп, балконның есігін жауып алып, Халиманың суретіне қарап отырып, еңіреп, егіліп жыладым-ай келіп. Соғыста жүріп, әкем өлгенде жылаған жоқ едім. Жорыққа келе жатып шешемнің өлгенін естігенде, жылаған жоқ едім. Жылайтын уақыт та жоқ еді ол кезде. Жылап отырғанда телефон шылдырады. Трубканы көтерсем досымыз Нұрекең (Нұрым Сансызбаев) екен. Өксігімді тиып, жылағанымды сездірмеуге тырыстым. Артынан сылдыратып есік ашып, Жаннат келді. Мен ештеңе болмаған сияқтанып, екі көзімді алақаныммен сүртіп, жазу жазған болып, үстеліме еңкейіп отыра қалдым. Мінеки, сексенге келгенде жақсы көрген жан жарынан айырылған адамның жағдайы осылай болады екен. Жол үстінде қазынасынан айырылған керуендей, мастығынан айыққан маскүнемдей, қалтасында бір тиын қалмай, алақанын үнемі алға қарай жайып тұратын соқыр қайыршыдай боп қалады екенсің! Әрине, балаларын да — байлық! Бірақ ол өзгеше дүние ғой. Жылағанымды айтпауым керек еді. Айттым, ағайын, мен де адаммын ғой.
Он бесінші сөз
Халиманың қайтыс болуына байланысты маған, балаларыма көңіл айтқан Пермьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке, Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы және Италия мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшілері Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменовке, Сенат депутаттары Өмірбек Байгелді мен Қуаныш Сұлтановқа, Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваға, халық жазушылары Дихан Әбілев пен Тұрсынхан Әбдірахмановаға, Қабдеш Жұмаділов пен Сәбит Досановқа, Мұзафар Әлімбаев пен Тұрсынбек Кәкішевке, жазушылар Сайын Мұратбеков пен Ғаббас Қабышевке, ақындар Жаппар Өмірбеков пен Есләм Зікібаевқа, академиктер Шапық Шөкин пен Манаш Қозыбаевқа, Серік Қирабаев пен Жүрсімбек Сыдықовқа, членкоррлар Сіләмхан Жапарханов және Майя Шығаева пен Әлия Бейсеноваға, профессор-ғалымдар Нығмет Ғабдуллин пен Жұмағали Ысмағұловқа, полковниктер Сұлтан Жиенбаевқа, Асқар Рахметуллинге, Олжабай Темірхановқа т.б. және Жазушылар одағына, "Маңғыстаумұнайғаздың" бас директоры Сағын Қырымқұловқа шын жүректен ризашылық айтып, олардың үй іштерімен тегіс сау-сәлемет болуларына тілектестігімді білдіремін. Халиманың өз өтініші бойынша оны ақырғы сапарға аттандырып салуға басшылық еткен менің майдангер досым, Қазақстанның кешегі Қаржы министрі болған ардақты азамат Рымбек Байсейітов марқұмның бәйбішесі, адал досымыз Байсейіт келіні Мақыш қажыға, Үкіжан апайға, біздің бел құдамыз, Ресей әскери академиясының академигі, профессор Керейхан Аманжоловқа, бауырымыз, медицина ғылымының кандидаты, доцент Мұхтар Айтқазинге, сол сияқты " Қазақ әдебиеті" газетінде Халимаға арнап, өте жылы лебізді қоштасу сөз жариялаған Халиманың қайнысы, Халима барда №2 Қалекең аталған, қазір №1 Қалекең боп алғы шепке шыққан Қалмұқан Исабаевқа, аурухана медбикесі Маралға үй ішіміздің атынан ерекше алғыс айтамын. Сонымен бірге, Халима 13 күн реанимация бөлімінде жатқанда күн сайын телефон соғып, Халиманың халін сұрап, менімен қоса қайғырып, қамығып отырған Орақ Смағұловқа, Әбілфайыз Ыдырысовқа, Қайсар Қасымбековке және Сәки Бекбаеваға ризалығым өзгеше. Сол сияқты тумаса да туғандай болып кеткен бауырларым Зейнеп Қанапияқызы Қалитова мен Сейдахмет Шопабаевқа, сол сияқты 1 миллион теңге ақшасын жұмсап менің екі кітабымды ("Қаламгер" мен "Өмір өрнектер") тегін шығарып берген, Халима апасының қорына қомақты үлес қосқан, қазіргі замандағы Атымтай Жомарттардың бірегейі іні-досым Нұртай Салихұлы Сабильяновқа жүрегімнің жылуы ерекше екенін мәлімдеймін. Әр сөзімнің аяғын Халиманың бойына біткен адамгершілік асыл қасиеттерді айтып, түйіндеп келе жатырмын ғой. Бұл сөзімнің де соңын сондай бір мысалмен тиянақтайын. Қаламгерлер мен ғалымдар, өнер адамдары мен мәдениет қайраткерлері өзінің жазуы үстелінің үстінде әртүрлі әсем статуэткалар, қыран құстың, айбатты аңның мүсіндері тұрғанын жақсы көреді. Соларды жинауға тырысады. Бірақ, кейбір әйелдер күйеулерінің "жоқтан өзгеге" ақша шығаратындарын ұнатпайды.
— Қойшы, баламысың ойыншық жинайтын, керегі не олардың? — дейді. Сөйтіп, күйеулерінің көңілін суытып тастайды.
Бір күні Халима екеуміз Орталық әмбебап дүкеніне бардық. Өкіл қызымыз Роза Мұқанова өзінің Алпамыс деген тұңғышын үйге ертіп келіп, біздің батамызды алғысы келетінін айтқан. Біз балаға сыйлық іздедік. Не аламыз деп ойладық. Балалар ойыншығы бөліміне барып, әр ойыншыққа бір үңілдік. Ақыры бір үлкен ойыншық машина сатып алдық. Тегі жапондардың "Джип" машинасының моделі болса керек. Әмбебап дүкенінен шыға беріс бір бұрышта менің мыстан құйылған арғымақ аттың статуэткасына көзім түсті. Жалқұйрығы төгілген, қаз мойын сұлу ат. Үстінде ертоқымы бар. Сары мыстан құйылыпты. Бала күнімде атқа көп мінген кісімін ғой. Осындай бір бәйге атына мініп, бір тойда өзгелерден озып келгенім де бар. Кешегі Ұлы Отан соғысының бас кезінде зеңбіректі ат жегіп сүйрететінбіз. Зеңбірек командиріне жеке ат берілетін. Мына статуэтка майданда өзім мініп, жаумен соғысқан жауынгер атыма ұқсап, көзімді тарта берді. Мен еріксіз мыс тұлпарға бұрылдым, қолыма алып, сүйсіне қарадым. Бағасы да қымбат екен — 600 теңге. Алғашында оны ала қояйын деп те ойламаған едім. Атқұмар жас күнім есіме түсіп, жай қызыға қарағанмын. Егер арзан болса үйдегі жазу үстелімнің үстіне апарып қояр едім дегенмін іштей. Оны қайта-қайта сипап тұрған себебім сол болатын. Сол сәтте Халима қол сөмкесін ашып, кассаға қарай жөнелді.
—Қайда барасың? — дедім мен.
—Қазір, — деді де, қайырылмастан кетіп қалды. Кассадан қайтып оралды да, қолындағы чегін үн-түнсіз сатушыға ұсынды.
—Не алмақ едің, Халима, — дедім мен.
—Саған бір мыс тұлпар мінгізейін деп едім, — деді ол маған күлімсірей қарап. Мен абыржып қалдым.
—Халима-ау, бұл қымбат ойыншықты несіне алдын? Мен ойыншық ойнайтын бала емеспін ғой, — дедім күліп.
—Сенің көзің түскен нәрсені әпермесем, менің көңілім көншімейді ғой, — деді ол ойыншықты оратып жатып.
—Бұл мыс атқа мен мінемін бе сонда?
—Ленинградтағы I Петр ескерткіші сияқты, "мыс салт аттым" боласың менің.
—Бұл теңеуің қисынға келер ме екен: I Петр кім, мен кім? Соны ойладың ба өзің? —дедім қайтадан жымиып.
—Ойладым: Сен I Петр болмасаң да, Қобыландының Тайбурылы тәрізді бір тұлпардың мүсіні үстелінің үстіне тұрсын деп шештім, — деді ол да күліп.
—Мүмкін ауылды есіңе түсірер, балалық шағынды ойына оралтар. Бәлкім бір ат жайында жазуыңа тура келсе, соған септігі тиер. Тұрсын көз алдында. Сол мыс тұлпардың мүсіні күні бүгінге дейін менің жазу үстелімнің үстінде тұр. Оған көзім түскен сайын Халима көз алдыма келеді. Оның менің ойымды айтпай ұғатыны ойыма оралады. Халима үндемей үйрететін, үнсіз ұқтыратын еді. Балаларын айтпай аялап, менің ішімдегіні білдірмей білетін еді. Үйге келген-кеткен кісінің не ойлағанын сездірмей сезетін еді. Олардың досын да, қасын да құрметтеп шығарып салатын еді.
Он алтыншы сөз
Бүгін, Халиманың қырқына құран оқуға, келген Асылхан қажыға да алғысымды білдіремін. Асекең қажы емес, жас молда кезінде, 1988 жылы біздің досымыз, жазушы, филология ғылымының докторы, менің "Махаббат, қызық мол жылдары" романындағы Жомартбектің прототипі Мырзабек Дүйсенов қайтыс болғанда жаназасын шығарған еді. Біз Асекеңді бірінші рет сонда көргенбіз. Халима сонда Асекеңнің кішіпейілдігіне, нысаптылығына, дүниеқор еместігіне ерекше риза болған. Кейін: "Мен өлгенде Асылхан бауырымды шақырыңдар. Рәтбектің керегі жоқ!" деп әзіл-шыны аралас айтып та отыратын. Мені ауруханаға шақырып алып өсиет айтқанда да Асекеңнің атын ұмытпаған. Асекенді апайының жаназасына шақырған едік. Бірақ, мешіттен келген молдаға жол беріп, Асекең кішпейілдік көрсеткен. Міне, апайының қырқына Асекеңнің өзі келіп отыр. Ол кісіге ерекше ризалық білдіретін себебім сол. Асылхан қажының Халима апасы ылғи мені аяйтын еді. Жүрегім жарымжан болғандықтан ауыр жүк көтертпеуге, артық жұмыс істетпеуге тырысатын. Үстел басында түнде ұзақ отырғызбайтын.
—Шаршадың, деміңді ал. Қалғанын ертең жазасың, — деп қолтықтап, орнымнан
тұрғызатын. Кейде өзінің екі қолы бірдей ұйып, қиналып қалатын сәттері болатын. Сонда:
—Білегімді уқалап жіберші, — дейтін.
Мен алдымен бір білегін уқалай бастаймын. Үш-төрт рет уқалап шыққаннан кейін:
—Жарайды, жетеді, шаршап қаласын, — деп білегін тартып алатын.
Мен:
—Әкел, тағы да уқалайын, — деймін.
—Жоқ, болды, — деп ол басын шайқайтын.
—Ендеше екінші білегіңді әкел, — деймін.
—Жоқ, бұл қолым онша ауырып тұрған жоқ, — деп екінші білегін ұсынбайды. Екінші қолын өзім алып, білегін, иығын уқалай бастаймын. Тағы да екі-үш реттен кейін ол:
—Болды, жақсарып қалды. Енді деміңді ал. Сенің алақаның бір сипаса, мен құр атқа мінгендей боп көтеріліп қаламын ғой, — деп арқамнан қағып, қасында отырған мені орнымнан тұрғызатын.
Мен жазу үстелімнің басына барып, қайтадан жұмысымды жалғастырамын. Халиманың осындай жанашырлық әрекеттері көп еді. Мен оның бәрін өмір бойы айтып тауыса алмайтын шығармын. Тағы бір мысал айта кетейін.
Бір жолы Халима ауруханада жатқан маған келемін деп, тізесін жаралап алыпты. Үлкен қызымыз Жанар екеуі аялдамаға жете бергенде трамвайдан қалмайық деп, тұра жүгіреді. Дәл алдында тұрған әлдебір темір қазықтай байқамай, Халима соған сүрініп, құлап түседі. Қозғала алмай қалады. Жанар оны орнынан әрең тұрғызады. Халима ақсаңдап, аялдамаға әрең жетеді. Аялдамадағы орындыққа отырып қараса, тізесінен қан саулап тұр. Алақандай жерінің терісі сыдырылып қалған. Жалма-жан өзінің ішкі көйлегінің етегін жыртып жіберіп, екеуі қан саулаған жараны таңады.
—Сізді үйге апарып салып, ауруханаға мен барып келейін, мам, – дейді Жанар.
Халима басын шайқайды.
—Әзілханды өз көзіммен көріп қайтуым керек! — дейді. Ақсаңдап келесі трамвайға мініп, ауруханаға жетеді. Аурухананың реанимация бөлімі төменгі қабатта. Мен палатаның терезе жағындағы төсекте жатқанмын.
—Сізге сыртта кісілер келіп тұр, — деді есік жақтағы төсекте жатқан көршім терезені
нұсқап. Басымды көтеріп қарасам, балконның кенересінен қылқиып, екі адамның басы көрінеді: Халима мен Жанар. Биіктігі кісі бойына жуық балконның кенересіне иектерін сүйеп, екеуі мен жаққа үңіле қарап тұр екен. Мен төсектен басымды сәл көтеріп оларға үңілдім. Халима: "Тұрма, қозғалмай жат" деген белгі беріп, маған оң қолын жоғары көтеріп, қайта- қайта шайқады. Содан кейін ол сол жақ қолының алақанын бетіне тигізіп, басын қисайтты. Онысы "Жастығыңа жат" деген белгісі екенін ұқтым. Ұқсам да олардың жүзін көре түскім келіп, "жарайды" дегенді ымдап, басымды изедім де, кеудемді түртіп, төрт саусағымды көрсеттім. Оным: "Менің халім жақсы — төрт" дегенім. Халима екі қолын жоғары көтеріп, алақанын соқты. Сөйтіп, қуанғандарын білдірді. Жымиып, қайт-қайта басын изеді. Содан кейін мен сұқ саусағымды шошайтып, оларға қарай нұсқадым. Бұл: "Өз халдерің қалай?" дегенім еді.
Ол екеуі "Біздің халімізді сұрап жатыр" дегендей, біріне-бірі бас изесті де, Жанар бес саусағын тарбитып жоғары көтерді. Халима бас бармағын шошайтып, оң қолын қайта-қайта жоғары сілтеді. Мен де қуана күліп, оларға басымды изедім. Содан кейін Халима маған "жат" деген ишараны қайтадан жасады. Мен:
—Сендер де үйге қайтыңдар, – деп оң қолымды жайқадым. Халима басын изеді. "Бетіңнен сүйдім" деген ишара жасап, иегін көтеріп, еріндерін үш рет бүрістіріп, маған қарай ұмсындыра қозғады. Онысы үш рет сүйдім дегені еді. Содан кейін бас бармағын қайтадан көрсетті. "Біз үшін уайымдама" дегені деп ұқтым. Мен жастығыма жантайдым. Олар үйге қайтты. Содан мен реанимация бөлімінде он үш күн жаттым. Халима күн сайын келіп, терезеден қарап кетіп жүрді. Ылғи күліп, бас бармағын көрсетеді. Жағдайлары жақсы екен деп, оған мен қуанамын.
Содан кейін мені аурухананың кардиология бөліміне көшірді. Онда он бес күн жаттым. Онда да Халима күн сайын палатаға кіріп, қасымда болып кетіп жүрді. Қабағын бір шытпайды. Қуана келеді. Мені қуантып, үйге қайтады. Бір күні Халима палатаның есігінен шығарда аяғын ақсаңдай басқанын байқап қалдым.
—Халима, неге ақсайсың? — дедім оған.
—Жай, әшейін. Көп отырғанға аяғым ұйып қалды. Қазір басылады ғой, — деді ол күліп. Мен қала бердім. Сөйтіп, күндердің күнінде ауруханадан шығып, үйге келдім. Халима өзі қолтықтап, ауруханадан алып қайтты.
Үйге келгеннен екі-үш күн кейін Халиманың оңаша бөлмеге барып, тізесін қарап жатқанын көрдім.
—О не, Халима? — дедім.
—Жай, әшейін, — деп Халима етегін жаба салды.
—Тізеңді жаралап алғансың ба? Көрсетші, — дедім. Етегін сәл көтеріп қарасам, тізесіндегі алақандай жараны көріп, шошып кеттім.
—Айналайын-ау, жаман жараланып қалыпсың ғой. Қашан? Қашан? – деп бәйек болдым.
Ол күлді де:
—Қойшы, ештеңе де емес. Дәрігер жазып берген майды жаққаннан кейін жазылып, қара қотырланып қалды ғой, деді ол мені тыныштандырып, басымнан сипап. Содан соң қалай жараланғанын айтты.
—Оны маған баяғыдан бері неге айтпадың? — дедім бойым шіміркеніп.
—Өзің ауырып жатқанда сен мен үшін мазаланбасын деп айтпадым. Айтпай-ақ қоятын едім, өзің көріп қалдың ғой, – деп өзінің алдына тізерлеп отырған мені қолтығымнан көтеріп, еденнен тұрғызды. Халиманың маған деген махаббатының күші осындай еді. Мен үшін өз жанын ешқашан аяған емес. Мен қиналмасын деп өмір бойы өзінің ауырғанын, өзінің қиналғанын бір рет те білдірген жоқ.
Мен осындай асыл жардан айырылдым. Қазір іңірде төсекке жатарда Халиманы ойлаймын. Түнде түсімде Халиманы көремін. Таңертең төсектен тұрарда Халима туралы естеліктерімді шалқамнан жатып, қағазға түртемін.
Жақсы жар жадыңнан өшпейді екен. Тасқа қашалған Күлтегін жазуындай болып, жүректе, мәңгі сақталады екен.
Он жетінші сөз
Бүгін жасы 80-ге тақаған ардақты Ананың қырқын өткізіп отырмыз. Бұл, бір жағынан, той есепті де. Бірақ, бұл тойды мен өткізіп отырғам жоқ. Менің алатын зейнетақым пәтерақы (7000 теңге) мен айлық ішетін дәріме де (12000 теңге) жетпейді. Бұл тойды өткізіп отырған Халима екеуміздің балаларымыз: Жанар, Жаннат, Арнұр, Жаннұр, күйеу балаларымыз Серік пен Джейсон, келіндеріміз Света мен Ғалия, немерелеріміз Сабина мен Сәкен, Дина мен Алма және Әлия. Осылардың қатарына ұлы әжесінің үйдегі суретін сағат сайын сүйіп, оңы үнемі іздейтін шөбереміз титімдей Халиманы да қосамын. Мен осы балаларыма Абай даңғылының бойындағы "Транзит" кафесінде, шын жүректен әкелік, аталық шексіз алғысымды білдіргенмін. Бұл балалардың шешесі, әжесі, қымбатты Халима үй ішіне керекті заттарды үнемі жиып-теріп жүретін. Базарға барсақ темір-терсек сататын дүкенге соқпай кетпейтін. Бірде балға мен балта сатып алса, бірде егеуге назары ауатын. Үлкенді-кішілі темір шегелерді де көзінен қағыс қалдырмайтын. Біржолы шаруашылық заттар дүкенінен қол орақпен шалғы орақ сатып алды.
—Мұны қайтесің? — дедім мен күліп.
—Балалар саяжайдың шөбін шауып үйренсің, соған керек, деді ол.
Бір жолы Мәскеуден қайтқанымызда Халиманың тас үйдің қабырғасын тесіп, шеге қағуға керек деп, қобдишаға салынған тас тескіш (дрель) сатып алғаны есімде. Сол құрал жалғыз біздің үйдің ғана емес, бірнеше басқа үйлердің де қажетіне жарады.
Дүкендерде болмайтын шаруашылыққа керекті кейбір заттарды Халима өз қолымен жасап алатын. Бейбітшілік, 159-дан Құрманғазы, 90-дағы жаңа үйге көшерде Халима кітаптарды буып- түюге деп дүкеннен бір буда (1000 метрлік) синтетикалық жіп сатып әкелді. Бірнеше синтетикалық талшықтан құралған, үзілмейтін мықты жіп. Соларды кесіп-кесіп, кітап будық. Бір буда жіптің жартысы артылып қалған. Бір күні қарасам, Халима әлгі артылып қалған жіпті қасына қойып алып, содан бірдеңе тоқып отыр. Қолындағы тоқыма киім тоқитын ұзын инесі жалт-жұлт етеді.
—Мұның не жыпылдата тоқып жатқанын? – дедім мен оған.
—Әй, жай бірдеңе, — дей салды Халима.
—Жай болғанда не?
—Мына артық жіп босқа қалмасын деп, содан сетке тоқып жатырмын, — деді ол.
—Ол не керек, дүкенде сетка көп емес пе?
—Көп қой. Бірақ, олар кішкентай. Ішіне 2-3 килограммнан артық ештеңе сыймайды. Мен ішіне 7-8 килограмм сиятындай етіп, дүкендікінен үлкенірек тоқып жатырмын.
—Неге?
—Базарға барғанда азық-түлікті көбірек алып қайту үшін.
—7-8 килограмм жүк ауыр ғой бір колға. Оны қалай көтересің?
—Қойшы, әйел ауырлықты сезуші ме еді?! — деді ол күліп. Сөйтіп, ол алғашында өзіне бір торқапшық тоқып алды. Кейін қыздары мен келіндеріне бір-бірден тоқып берді.
Одан артылған жіпті маған сыйлады.
—Мә, мынаны сен ал. Біреулерге кітап жіберсең, бандерольдың сыртын байлауға
жақсы. Поштадағылар осындай жіпті үнемі пайдаланады, — деп синтетикадан иірілген бір буда жіптің қалдығын менің қолыма ұстатты. Мен ол буда жіпті жазу үстелімнің оң жақтағы тартпасына салып қойдым. Халима сол жіппен өз қолымен орап, менің бірнеше бандеролімді жөнелтті. Енді бандерольді ол жіппен өзім ораймын.
Бұрын, Халима ораған бандерольдер тап-тұйнақтай болушы еді. Мен ораған бандерольдер қобыраңқылау болып шығады. Оны поштадағы қыздар қабақ шытып қабылдайды. Кезекті бандерольді қобалақтап орап отырып, Халиманың әр іске тиянақты қарайтыны, қолы тиген нәрсе жұнттай жайнап шыға келетін қасиеттерін ойлап, күрсінемін. Айналайын, Халима-ай! деймін ақырын.
Он сегізінші сөз
Осынша ұзақ сөйлегеніме ғафу өтінемін, ағайын. Бұл менің шырқыраған шыбын жанымның шерлі жыры ғой. Соны бүгін өздеріңіздей дос, бауыр, туыс, сыйлас, сырлас ағайын алдында айтып, ішімді бір босатып алуды жөн көрдім. Шерімді сіздерге айтпағанда, кімге айтамын? Ғафу өтінемін. Бүгін — бар, ертең жоқсың! Өмір деген осы, қымбатты достар. Бар болыңыздар. Бақытты болыңыздар. Халиманың есімін ескеріп, оның қырқына келген бәрлеріңізге шын жүректен алғыс айтамыз.
Сіздер құрметтеген Халима өз қолында барды жұртпен бөлісуге әзір тұратын еді. Ал өзі
ешкімнің ақысын жемеуге тырысатын. Біреуден пайда көре қоюға ұмтылмайтын. Бір ыстық күні Халима екеуміз көк базардан қайтып келе жатып, көшеде такси күтіп тұрдық. Машиналар қасымыздан зу-зу өтіп жатты. Бірақ такси жоқ. Көп тұрып қалдық. Жай машиналар қол көтергенде тоқтамайды, іші толы кісі немесе жүргізушінің қасында бастығы отырады. Сөйтіп сарғайып тұрғанымызда бір машина келіп, қасымызға тоқтай қалды. Бізге тоқтамаған шығар деп ойладық. Жүргізуші еңкейіп, оң жақ есігін ашты да:
— Келіңіздер, аға, отырыңыздар,— деді. Біз бөгеліп қалдық. Бізді бөтен біреумен шатастырып тұр ма деп ойладық. Ол ойымызды ұққандай жүргізуші:
—Келіңіздер, мен сіздерге тоқтадым, – деді. Біз артқы салонға кіріп, қатар жайғастық.
—Қарағым, біз саған қол көтерген жоқ едік қой, қалай тоқтадың? — дедім мен алда отырған жүргізуші жігітке еңкейе түсіп.
—Сіздерді таныдым. Сіз Әзілхан ағасыз ғой! — деді жігіт мойынын сәл бұрып.
—Мені қалай танисың, қалқам?
—Басынан махаббат кешкендердің бәрі сізді тануы керек қой. Сіздің "Махаббат, қызық мол жылдар" романыңыздың көп оқырмандарының бірімін.
—Бірақ, мені көрген жоқсың ғой.
—Көзбен көрмесең де, көңілмен танитын адамдар болады. Сізді теледидардан талай рет көргенмін. Сондықтан сіз маған таныстарымнан артық танымалсыз. Тек апайды көрген жоқ едім. Екеуіңізге қатар кездескеніме қуаныштымын.
—Әдіріс қалай, аға?
—Құрманғазы, 90. Интернационал көшесінің қиылысы. Ал мені теледидардан көрсең, апайыңды қалай таныдың?
—Сіз сияқты кісілер бөтен әйелмен бірге жүрмейді ғой. Сондықтан, аға. Жігіт машинасын біздің үйдің қасына тоқтатты.
—Келдік қой деймін, аға, — деді.
—Рақмет, қалқам, – дедім мен. Халима сөмкесінен суырып, ақша ұсынды.
—Мә, айналайын, көп рақмет. Күнсіп, көшеде көп тұрып қалып едік. Үйге жеткізіп салғаныңа ризамыз.
—Жоқ, апа мен сіздерден ақша алмаймын, – деді жігіт басын шайқап.
—Неге, қалқам?
—Сіздерден жолақы алу күнә болады, – деді жігіт басын одан сайын шайқап, Халиманың ақша ұсынған қолын кері қайтарып.
—Онда жол ақы емес, тәбәрік деп ал, айналайын. Балаларға атаң мен әжеңнің берген
тәбәрігі деп кәмпит апарып бер. Осылай деп Халима кесектеу қағаз ақшаны отырған орнында қалдырып, машинадан түсті. Біз екеуміз жүргізуші жігіттің адамгершілігіне қайран қалдық. Халима көркемдеп, нақыштап сөйлеуді мақсат етпейтін. Қарапайым сөздермен айтайын деген ойын айқын жеткізуге тырысатын. Бірақ, оның кейбір қарапайым сөздерінің өзі нақылға ұқсап кететін. Оны ол өзі де аңғармайтын. Анда-санда мен ғана байқайтынмын. Мен инфаркт болып ауырғаннан кейін дәрігерлер маған көп жаяу жүруді мәслихат еткен. Сондықтан, Халима мені таңертең, жарық түсе, орнымнан тұрғызып, көшеде серуен жасатуға алып шығатын. Кейде "Динамо" стадионына немесе Наурызбай мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы балалар паркіне барамыз. Кейде одан да алыстап, бұрынғы Үкімет үйінің алдындағы (Абылай хан пен Төле би көшелерінің қиылысы) паркке де шығып кетеміз. Ол жердей біздің таныстарымыз: Әлжаппар Әбішев, Зейнолла Қабдолов, Жұмағали Ысмағұлов және басқалар кездесетін. Мен солармен әңгімелесіп, парк ішін аралап, қыдырыс жасаймыз. Ол кезде Халима мені жолдастарымның қасына қалдырып, өзі таяу тұстағы азық-түлік дүкендеріне қарай кетеді.
—40 минуттан кейін келемін, содан кейін үйге қайтамыз, – дейді. Халима, айтқанындай 40 минуттан кейін келіп, мені тротуар шетіндегі орындықта күтіп отырады. Қасына қойған торқапшығында нан, айран, сүт, қаймақ сияқты азық-түлік болады.
—Мынаның бәрін неге алғансың, ауыр ғой өзіңе, — деймін мен.
—Ауыр деп базардан қайтқан кездегілерді айт. Мынау маған қанаттың қауырсыныңдай ғана, — дейді ол күліп. Мен еңкейіп, торқапшықты қолыма алып, салмақтап көремін.
—Мынауың жеңіл емес сияқты, – деймін содан соң.
—Саған солай көрініп тұрған шығар. Ауыр салмақ көтеріп үйренген кісіге жеңіл жүк қаңбақ құрлы көрінбейді, — деп іші толы кішірек тор қалтаны жерден лып еткізіп көтеріп алды.
—Қайта айтшы: мына сөзің нақыл сияқты болып шықты, – дедім жалма-жан блокнотымды іздеп қалтама қолымды сұғып.
—Қойшы, өйтіп нақылдың нарқын төмендетпе. Әр нақылдың философиялық мәні болады. Менікі мән-мағынасы жоқ тұрмыстық қарапайым сөз ғана ғой, — деп ілгері аяндады.
Мен сұраған сөзін қайталап айтпады. Бір жолы таңертеңгі серуенімізді Республика сарайы жағына қарай бағыттадық. Сарайдан алыстап, Алматының шығыс жақ шетіндегі Дачная көшесіне дейін бардық. Бір сағаттан аса жүріп, үйден төрт-бес шақырымдай алыстап кеттік. Сол жақ шеттегі дүкендердің бірінен Халима таңертеңгі тамаққа керектерін сатып алды. Содан кейін қайтадан үйге қарай беттедік. Он шақты шақырым жол жүрдік. Өзім шаршаған сияқтымын. Оны білдірмей:
—Шаршадың ба, Халима? — дедім.
—Қойшы, қасында күйеуі қатар жүрген әйел шаршаушы ма еді? – деді ол.
—Осы сөзіңді: "Жақсы күйеуі жанында жүрген әйел шаршаушы ма еді?" деп, түзетіп айтуыңа болмас па екен? — дедім мен әйеліме наз айтып. Ол күліп:
—Мен сені сыртыма шығарып айтып, көзінше мақтамаймын, сен дандайсып кетпесін деймін. Ал ішімнен мақтаймын, үнсіз мақтанамын! Сен соны білмейсің бе? — деді Халима. Оның бұл сөзі жаныма майдай жағып, көңілім судай тасыды. Жүрегім елжіреп, жарымды арқасынан қағып, қаусыра құшақтадым.
—Арқамнан сипағаның маған берген қаламақың ба? — деді ол бетіме күлімсірей қарап.
— Мен ешқандай қаламақы дәметпейтін кісімін ғой. Ол осылай деп қайтадан алға қарағанда анадайдан бізге қарай келе жатқан кісілерге көзі түсті. Содан кейін:
—Қой, ана кісілерден ұят болады. "Шал мен кемпірдің құшақтасып келе жатқанын қара!" деп күлер бізге. Қолыңды төмен түсір. Ұяттың не екенін өзің де білесін ғой, — деді наздана сөйлеп. Мен қолымды Халиманың арқасынан темен түсірдім. Ол оң қолымен менің төмен салбыраған сол қолымның алақанын еркелете қысып, қоя берді. Ол менің шаршағанымды сезді де, Кіші Алматы өзенінің жағасында таяу жердегі скамейкаларға қарай бұрылды.
— Дәрігерлер саған шаршамай жүр. Шаршасаң, қолма-қол тоқтап, демалып ал деген, —деп орындыққа әкеліп отырғызды.
Халима жұрт көзінше көп сөйлемейтін. Ал екеуміз оңаша қалғанда өзара әңгімеміз таусылмайтын. Сондай кезде Халиманың аузынан нақыл іспеттес сөздер шығып жататын. Ондай сөздердің кейбіреулерін мен тұра қалып, блокнотыма түртіп алатынмын. Халима мен өз басыма келген әлдебір ойды түртіп алып жатқан болар едім, мен жазып болғанша, орнынан қозғалмай, тоқтап тұратын. Мені ешқашан асықтырмайтын. Ойымды үркітпеуге тырысатын. Халима әйел болып, мен үйде жоқта немесе ұйықтап жатқанда ешқашан қалтамды ақтарған емес. Жасырған ақшасы немесе әлдебір бөтен әйелден алған құпия хаты бар деп ойламайтын. Маған шексіз сенетін. Сондықтан да ол маған келген хаттардың бірін де ашып оқымай, өз қолыма әкеп беретін. Кім жазыпты? Не депті? деп ешқашан сұрамайтын. Мен жоқта келген хаттар ашылмастан үстелімнің үстінде қаттаулы тұратын. Оқығаннан кейін олардың маңыздыларын жан жарым Халимаға өзім айтып отыратынмын. Өзін жұрт қадірлеп, құрметтеген Халима осындай кісі болатын.
Он тоғызыншы сөз
Бүгін, Халиманың қырқы күні Сіздерге қоштасу қолтаңбасы жазылған 40 кітапты шын ықыласпен сыйлаймын. Анау тізімде бүгін кітап алуға тиіс адамдардың аттары көрсетілген. Ол тізімге өткен жолы кітап алған кісілер де қосылып кеткен сияқты. Ол адамдардың бұл жолы алмауларына болады. Бұл жолы да кітап жетпей қалған адамдарға Халиманың жылы болғанда, амандық болса, қымбатты Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырым шығартып жатқан "Махаббат, қызық мол жылдар" романын жеткілікті етіп өздеріңізге үлестіріп беруге уәде етемін.
Махаббат демекші, Халима екеумізді бір-бірімізге махаббат жалғастырды. Бір кездегі бала махаббатымыз мәңгілік махаббатқа айналды. Өз ойымша, махаббат деген адамзат сезімінің алтын құсы сияқты. Махаббат бірін-бірі білмейтін алыс жақта дүниеге келген екі жастың жүрегін ұя еткен алтын құстың (немесе аққу құстың) ақ үрпек балапанына ұқсайды. Өз ұяларының төрінде талпынып өскен екі алтын балапан есейгеннен кейін, жүректері дірілдеп, көңілдері алабұртады. Әлдекімді іздегендей болып, жан-жағына қаранып, таранып, талпына бастайды. Өз жанымен үндес біреу бар екенін іштей сезеді. Бірақ, оның қайда екенін, қашан кездесетінін екеуі де білмейді. Олар ұядан шығып, әрқайсысы өз тіршілігімен, аспан кеңістігін самғап ұша бастайды.
Өз ұяларынан әлдебір алыс жерде немесе атамекен өз тоғайының шетінде Тағдыр ол екеуін ойламаған жерден кездестіреді. Бірі үшін бірі жаратылған екі жүрек үнсіз үйлесіп, бір ырғақпен соғып, қатар түзеп, Өмір деген көк аспанның қиырына қарай бет түзеп, қанаттарын қатар сермеп, шаттана шырқай жөнеледі...
Қыз бен жігіт те сол екі алтын балапан сияқты. Олар да бірінен бірі аулақта өсіп, ақыл толтырады. Бой түзеп, ер жетеді. Көрік, келбетін, тәртіп, тәрбиесін жұрт мақтап, көптің аузына ілінеді. Олардың жүрегі жақсы сыңар іздейді. Өстіп жүрген екі жас кездейсоқта кездесіп, ойда жоқта танысып, табысады. Қос жүрек жымдасып, бүкіл дене бір бітімге айналады. Содан кейін қол ұстасып, өмірдің белгісіз бел-белестерін бетке алып, ілгері ұмтылады. Бірінен-бірі бір елі ажыраспай, тағдыр айырғанша тату-тәтті тамаша өмір сүреді. Мәңгілік махаббат деп осыны айтатын болармыз. Менің ұшқан ұям Семей облысының шығыс жағындағы Ақбұзау ауылы болса, Халиманың алтын ұясы сол облыстың батыс жағындағы Шыңғыс тауындағы (Абай ауданы) Жүрекадыр ауылы еді. Екеуіміз 1939 жылы Семей қаласында кездестік.
Жанымызбен жанымыз жалғасып, артынан тәніміз бен тәніміз табысты. 9 жыл бір- бірімізге ғашық болып, 54 жыл қол ұстасып өмір сүргеннен кейін, екеуіміздің тәнімізді ажал айырды. Ал жанымыз жұптасқан күйінде қалды. Мәңгілікке жұптасқан бұл екі жан мен өлген күні ғана тірілік тұлғасынан айырылады. Бірақ, Абай:
—Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі.
"Мені"мен "менікінің"мағынасы екі.
"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі" өлсе-өлсін, оған бекі, деген ғой.
Сол кемеңгер айтқандай: Халима екеуіміздің ақылымыз бен жанымыз — мәңгілік махаббатымыз ешқашан өшпес деп үміттенемін. Басымыздан біз кешкен мәңгілік махаббатың ұлт ұрпағының жүрегінде өмір сүретініне сенемін. Соңғы айтар сөзім:
—Еркектер! Әйелдеріңді қадірлеп, құрметтеңдер. Бұл қысқа ғұмырда саған тиетін мәңгілік бақыт, байлық, ұлылық — өз әйелің ғана! Одан айырылғанда кеудеңнен жаның шығып, салдырап қу сүйегің қалғандай күй кешесің!
—Әйелдер! Күйеулеріңді күтіңдер, аялап ардақтаңдар. Өмір деген өткінші дүниеде ерлі-зайыпты екі адамның татулығынан тәтті, достығынан күшті, махаббатынан биік ештеңе жоқ.
—Жастар! Қыздарды қадірлеп, құрметтеңдер: аялаңдар, ардақтаңдар, абыройын төкпеңдер. Өзің үшін жаралған "алтын балапанды" тауып, мәңгілік махаббатқа жетуге тырысыңдар.
2-4 қыркүйек 2001 жыл
Алматы, Абай даңғылы, 26
"Транзит " кафесі.
Жиырмасыншы сөз
(Халиманың жылын бергенде айтылған)
Бүгін менің жан жарым Халимадан адасып, сыңарынан айырылған аққудай аңырап қалғаныма 360 күн болды. Халиманы Жер-ананың құшағына берерде қабір басында сөйлеген сөзімде:
— Мен бүгін кеудемдегі жарты жанымнан айырылдым — жарымжан (жарты жан) болып қалдым, — деген едім. Сол жарты жан қалпымда 360 күн өмір сүрдім. Жыл өтсе де жарты жаным бүтінделген жоқ. Бүтінделмейді, жарымжан қалпымда жазылмастан Өмірден өтемін. Бүгін 360 күн. 360 күн бойына Халиманы жоқтаумен келемін: күн сайын күрсінемін, күңіренемін. Оны ойлап уһілегенде көкірегім қарс айырылады. Ол қайтыс болғанда 20 шақты газетте қазанама (некролог) жарияланды. Ол қайтыс болғаннан бері бір журнал, 3-4 газетте жоқтау сөзім шықты. Қазақ радиосынан Халиманың қасиеттерін айтып 4 рет сөз сөйледім. Бір рет теледидарға шығып, жарты сағат ол туралы әңгіме айттым. Әрине, оның бар жақсылығын айтып жеткізе алғам жоқ. Бірақ аз сөзімнің өзін көңіліме медеу еттім. Бұл 360 күнде күнделік дәптеріме Халиманы жоқтап 500 жол өлең жаздым. Екеуміз бір- бірімізді ең алғаш көрген күннен бастап, ең соңғы сағатымызға дейінгі оқиғалар тізбегінің тізімдерін қағазға түртіп, бастыларын дараладым. Сөйтіп, ол туралы жазуларды екшеп, үлкен романға әзірлік жасадым. Роман жазсам деймін. Жазып үлгірермін деп үміттенемін.
Мен Халимаға 9 жыл ғашық болдым. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл тату-тәтті, ләззатты өмір сүрдік. Жұбымыз жазылған жоқ. Дүниежүзіндегі көп ғашықтардың (Петрарка мен Лаураның, Данте мен Беатриченің, Қозы Көрпеш пен Баянның, Қыз Жібек пен Төлегеннің т.б.) қолы жетпеген мәңгілік махаббаттың алтын тәжін біз басымызға кидік! Мен университетте отыз қыздың ортасында оқыдым. Оған дейінгі бозбала күнімде де, соғыс кезіндегі солдаттық шағымда да, студенттік уақытымда да бірде-бір қыздың кеудесіндегі қос анарына қолым тиген емес. Мен журналист, жазушы болып жүріп, талай елді араладым. Талай көрікті әйелдерді көрдім. Бірақ, олардың ешқайсысына қол созған емеспін. Халиманың ғана алмасын уыстадым. Тек Халиманың ғана етегін аштым. (Ұлы сөзде ұят жоқ!).
Біз Халима екеуміз бір-бірімізге пәк күйімізде қосылдық. Пәктігімізді мәңгі сақтадық. Пәк қалпымызда бір-бірімізден көз жазып қалдық. Мінеки, біздің махаббатымыздың мәңгілік болған себебі сол! Сол мәңгілік махаббатың жібек жібінің үзілгеніне бүгін бір жыл болды, ағайын. Халима адамдық дәуренін басынан өткеріп, ұзатылған қыздай болып, мәңгілік мекеніне
қарай аттанды. Ол былтырғы жылдың 28 шілдесі еді... Халима мінген пәуеске- катафалканың соңынан 3 автобус, 27 жеңіл машина тізіле сап түзеді. Осы ұзын көштің алдында бір, сол жағында бір қызыл белбеуі МАИ машиналары қошемет көрсете ілесіп жүрді. Қызыл белбеулі машиналар алдан қарсы келе жатқан көліктердің бәрін төбеге ұрғандай тоқтатып, жол шетіне шегелеп тастады. Осыған көз тоқтатқан жігіттердің бірі:
—Апырай, мына Халима жеңгеміз министрдің әйелінен кем болмады-ау өзі! — депті. Сонда оның қасында отырған екінші бір ініміз:
—Тіпті, кейбір министрдің өзінен кем емес десе де болады! – дейді. Бұл диалогты мен артынан естідім. Мінеки, сондай салтанатпен барып, қазақтың асқар Алатауының Кеңсай төбесіне жайғасқан Халиманың басына бүгін сонау Маңғыстаудан арнайы әкелінген ұлутас деп аталатын сүттей аппақ ақ тастан өрілген алты қанат ақ отау көтерілді. Осыдан 1500 жыл бұрын салынған махаббаттың мәңгілік күмбезі Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітіне ұқсайды. Өзіндей емес, әрине, пішіндес. Мен сол ұқсастығына қуанамын. Өйткені ол бейітті алғаш көргенімізде Халима: "Кейін екеуміз де осылай қатар жатсақ-ау!" деген еді. "Адаспай, алжаспай, ажыраспай!" дегені болар. Оның ол арманы орындалды. (Бір күні мен де жанына жайғасамын ғой).
—Біздің қолтықтасып келе жатқанымызды Қабанбай батыр көшесінен көргенде Тұманбай бауырымыз (Молдағалиев):
—Біздің заманның Қозы Көрпеші мен Баян сұлуы! — деп масаттанушы еді. Біздің өзара әзілдесіп, жарқылдап күліп келе жатқанымызды Абай даңғылы бойынан көргенде Мұзафар мен Шапау достарымыз (Әлімбаевтар):
—Біздің Қыз Жібегіміз бен Төлегеніміз! — деп қуанушы еді. Тұрсынбек пен Күбіра марқұм достарымыз (Кәкішевтер) бізді қанаттаса ұшып келе жатқан қос аққуға теңейтін еді! Біздің Алматыда, Семейде, Павлодарда, Мәскеуде, Невельде, Подольскіде (әскери мұрағат), Киевте, Бресте (қаһарман қала) жұп жазбай қол ұстасып жүргенімізді көргендер көп. Солардың бірсыпырасы Халиманың жылына жайылған осы үлкен дастарқанның басында отыр. Жақында, "Қазақ әдебиеті" газетінде жарияланған мақаламда мен "Жақсы жарға жан пида!" деп жаздым. Халима мен үшін жанын пида етті. Тірлігінің әр секундін , әр сәтін маған арнап өмірден өтті. Мені: "Аз уақыт болса да артымда қал, балаларымызға басшылық ет!" деп бұл дүниенің босағасына байлап кетті. Біз тірлікте жұп жазбай өмір сүрдік. Өлгенде де қатар жатамыз. Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың аспанмен таласқан зәулім мазары Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданының жерінде тұр. Ал сол облыстың Абай ауданында туып, қамсыз сәбилік шағын Аягөзде өткізген, жетімдік қасіретті күндерін Семейде өткерген, Ұлы Отаны соғысы кезінде Қиыр Шығыста, Мәскеуде әскери қызмет атқарған, қалған өмірін, аналық ұлы міндетін Алматыда аяқтаған Абай қызы, Аягөз аруы, Семей сұлуы, Мәскеу жауынгері, Алматы тұрғыны Халиманың, — менің Халимамның, баға жетпес бақытым болған Халима Қалиәкпарқызы Өзбақанова — Нұршайықованың, кешегі Баян сұлу мен Еңлік арудың сіңлісі Халиманың күмбезі күмістей жарқырап, ақбас Алатаудың иығында тұр!
Биыл күзде "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырының 1500 жылдығы кең-байтақ Қазақстан жерінде кеңінен аталып өтеді. Осы ұлттық рухани ұлы мереке қарсаңында Аягөз жерінде жерленген Баян сұлудың сіңлісі Халиманың басына ақ күмбез көтерілуін әрі ұлттық ырым, әрі адами мақтаныш етемін! Мақтанды деп айыпқа бұйырмаңыздар, ағайын. Сөкпеңіздер. Ханның қызы емес, патшаның бәйбішесі емес, қарапайым қазақ қызы, менің момақан Халимамның басына мұндай ескерткіш орнатылғанына қалай қуанбайын. Қаражат қамдап, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, осы күмбездің көтерілуіне аянбай қызмет еткен балаларыма мәңгі разымын! Халима жеңгесінің қайтыс болғанын газеттен естіп, сонау алыста Ақтауда жатқан ардагер азамат, белгілі сәулетші, атақты ақын, аяулы философ інім Сайын Назарбекұлы ықылас білдірді. Алыс Ақтау қаласынан арнайы келіп, жеңгесіне дұға бағыштап, жатқан жерін көріп, осы бой көтерген күмбездің жобасын жасады. Сол жоба бойынша Маңғыстаудан әкелінген шөгіп жатқан ақ түйе тәрізді ақ тастарды өз қолымен нанша тіліп, Есберді Олжабаев інім күмбезді көтерді. Осы көрікті күмбездің ішкі қабырғаларына, кешегі мәңгілік Күлтегін ескерткішіндей етіп, тамаша зергер-суретші Мұратбек Есболов бауырым Халима-ананың мейірбан, сүйкімді жүзін тас бетіне бедерледі. Осы үш азаматқа шын жүрегімнен шексіз алғыс айтып, иықтарына Абылай ханның, Абайдың, Әуезовтің шапандарын жауып (соңғысынікі макинтош), бастарына хан қалпақ, қара тақия, шетен шляпа кигіземін.
Биылғы төпелеген қалың жауын, шудалары шұбатылған қара бұлттың астында қажымай қызмет етіп күмбезді көтерген қайратты құрылысшы інішектерім Асхат Айтмұхамбетовке, Ермек Бекбосыновқа, Айдын Баймұхамбетовке, Жанат Төлеубаевқа және Самат Жақыповқа өте ризамын. Олардың әрқайсысына өзімнің "Өмір өрнектері" кітабымның бір-бір данасын ескерткіш ретінде зор құрметпен сыйлаймын. Халима күмбезін көтеруге өз шамаларынша қаражат қосқан азаматтарға: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Нұртай Сабильяновқа, Мұхтар Құл-Мұхаммедке, жиенім Нұржан Нұрмұхамбетұлы Әжімбетовке, Олжас Омарұлы Сүлейменовке, Мұхтар Шахановқа, құдам Керейхан Аманжоловқа, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмат Зарлықұлы Мурзинге және басқаларға (барлығы 85 адам) шын жүректен алғыс айтамын. "Сіздерді Тәңір жарылқасын!" деймін.Менің Халима туралы қысқаша естелігімді халыққа жариялаған "Жұлдыз" журналының, "Сарыарқа самалы", "Семей таңы", "Қас-қағым сәт" газеттерінің, Қазақ радиосының, "Қазақстан" арнасының "Ақжүніс" бағдарламасының ұжымдарына шексіз алғыс жолдаймын. Қазір ол естелік орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жатыр. Халимадан айырылып, аңырап қалғаннан кейін, менің жетімдігімді мүсіркеп, қазақ дәстүрі бойынша үйлеріне шақырып, бір шәугім шай берген, кейбірі иығыма шапан жапқан он үйдің адамдарына көптен-көп рақмет.
Енді айтылмаған не қалды? Күмбездің төбесінде неге ай, немесе жұлдыз, тіпті болмаса крест жоқ? Неге найзаның үшкір ұшы бейнеленген? — деген сұрақ бар шығар. Ол сұраққа саңлақ сәулетші Сайынның өзі былай деп жауап берген:
— Ай — мұсылмандық, қызыл жұлдыз — коммунистік, крест — христиандық белгі. Діни ишара. Ал махаббат өз алдына дін. Ешқашан өшпейтін, жоғалмайтын, жойылмайтын дін. Өзге діндердің бәрінен де күшті дін. Ол адамның асыл жүрегін тесіп өтетін найза тәріздес ең өткір сезім. Мен ақ жеңгем Халиманың басына тек қана осы белгіні лайық көрдім. Ол осылай деген еді. Мен інімнің бұл даналық жауабына шын жүректен ризамын. Мен жан болып жаратылып, АДАМ болып дүниеге келгеніме бақыттымын! Мен Халимадай ғажап жар сүйіп, мәңгілік махаббатты басымнан кешіргеніме бақыттымын! Мен махаббаты мәңгі қадірлеп, қастерлеп келе жатқан қазаққа деген ұлы халықтың перзенті болғаныма бақыттымын! Бұл менің жан жарым Халиманың жылына арналып жайылған дастарқан үстінде, оның басына мәңгілік ақ отау көтерілген тойын өткізген күнгі соңғы сөзім. Бірақ, бұл менің Халима туралы соңғы сөзім емес. Халима туралы үлкен сөзімді романымды "Мәңгілік махаббат жыры" деп атармын, бәлкім. Екеумізді Тағдыр қосып, біз дүниежүзіндегі ең бақытты ғашықтардың қатарына кірдік. Мың мәрте шүкіршілік бұған! Ойлап қарасам, бүкіл тіршіліктің, бар ғұмырдың мән-мағынасы, сән-салтанаты, қызық-шыжығы адал жар ғана екен. "Жақсы жарға — жан пида!" дейтін себебім сол! Сау болыңыздар. Асыл махаббат аясында өмір сүріңіздер. Халиманың жетісінде, қырқында оны еске түсіруге келгендерге "Махаббат, қызық мол жылдар" мен "Өмір өрнектері" кітаптарының 80 данасын қабыл алыңыздар. Сіздерге ескерткіш болсын. Осы мәжілісте мен 5-ші және 6-шы инфарктке ұшырағанда Халима екеумізді жеке палатаға жатқызып емдеп, мені ажалдан алып қалған екі дәрігер отыр. Бірі республикалық кардиология институтының қазіргі директоры, профессор Әлихан Қазақбайұлы да, екіншісі сол институттың жетекші ғылыми қызметкері, бұрын Павлодар обкомында менімен бірге қызмет істеген досым Мұхи Көшімбаев марқұмның қызы (менің де қызым) Күлзида Мұхиқызы Көшімбаева. Сол сияқты мені алғашқы инфаркттерден аман сақтап қалған Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Орталық ауруханасының бұрынғы Бас дәрігері Мұхтар Айтқазин және осында. Өмірімді сақтап қалған осы үш адамға ерекше құрмет көрсете иіліп, тағзым етемін. Өйткені мен қазір Сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеп, тік тұрғаным үшін осы кісілерге және басқа дәрігерлерге қарыздармын. Халима барлық дәрігерлерді, әсіресе, осы үшеуіңізді және аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі болған Марат Әбдірахманұлы Баязитовты ерекше бағалап, құрметтеуші еді. Дәрігерлерді аялап, ардақтауға өте зор мән беретін. Халима дәрігерлерге мейрам сайын сый-сыяпат жасап отыруды ешқашан ұмытпайтын. Біздің аурухананың, әсіресе, №48-қабинеттің дәрігерлері мен медбикелері Халиманың осы қамқорлығын әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді. Халима: Көктегі Құдай өз алдына, ал Жер бетіндегі Тәңір дәрігерлер деп есептейтін еді... Халиманың жылына және оның басына ақ отау көтерілу тойына қатысқан бәрлеріңізге рақмет. Халиманы еске ала жүріңіздер. Ол бәрілеріңізді жақсы көрді. Шеттеріңізден құрметтеп, сыйлай білді. Екеуміз ауырып жатсақ та әзілдесе беретін едік. 1997 жылы ол ауруханаға жатып, операцияға түсерде мен:
—"Жаман айтпай — жақсы жоқ". Сен олай-бұлай болып кетсең, менен құран дәметесің бе? Мен құран оқи білмеймін ғой, — дедім.
—"Халима! Халима! Халима!" деп менің атымды үш рет атап, "біз аманбыз, Сені ұмытқан жоқпыз!" десең жетеді. Немесе Абайдың бірер ауыз өлеңін оқы. Мәселен. "Айттым сәлем Қаламқастан":
Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас. Халима!
Сағынғаннан Сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас, Халима! —десең болды. Одан соң:
Сенен артық жан тумас
Туса туар, артылмас, Халима!
Бір өзіңнен басқағаЫнтықтығым айтылмас, Халима! —деп жалғастырсаң және еркің. Мен соны құран деп қабылдаймын, деді ол күліп. Ол жолы ауруханадан аман қайтты. Бірақ, Халиманың осы сөзін ешқашан ұмытпаймын, ағайын. Сіздердің де естеріңізде болсын. Егер Халима күмбезінің қасынан өтсеңіз, немесе Алматыдан Талғарға қарай кетіп бара жатқаныңызда оң жағыңыздан Алатау иығында ақ күмістей жарқырап тұрған күмбез көрінсе, Халиманың атын атап, бет сипаңыз. Құран білмесеңіз, Абайдың бір ауыз өлеңін оқыңыз. Рухы риза болады Сізге. Халиманың қасында жатқан мен де қоса қуанамын онда.
21-шілде, 2002 жыл,
Алматы,
"Айтұмар" банкет залы.
СҰХБАТ
Ұрпақта немере тәтті, Тұрмыста татулық тәтті. Біздің отаудың бүгінгі қонағы белгілі қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов. Оның есімі иісі қазаққа таныс "Махаббат, қызық мол жылдар" романымен белгілі. "Алыстағы ауданда", "Жомарт өлке", "Алтын соқпақ", "Махаббат жыры", "Ақиқат пен аңыз", "Өмір өрнектері", "Тоғыз толғау", "Қаламгер", т.б. кітаптардың авторы.
Тілші: — Әзілхан аға, жарыңызды отырыстарда, әлде бір басқосуларда қызғанған күндеріңіз болды ма? Оның ше?
Ә.Н: — Болды. Халима екеуміздің ең алғаш қосылған кезіміз еді. Онда Халима "Суық бұлақ" мектебінде мұғалім болатын. Мектепте Бірінші май мерекесіне арналған кеш болды. Мұғалімдер, ауыл активтері, әйел-еркек көп жиналды. Кейбір ер мұғалімдер, ауыл жастары Халиманы қайта-қайта биге шақырады. Халима бас тартпай бәрімен де билеп кетеді. Өзіңнің өлдім-талдым деп қолың әрең жетіп, жаңа ғана үйленген жарыңды бөтен біреудің құшағында көру қиын екен. Қызғаныштан ішім күйіп кетті де, сыртқа шыға жөнелдім. Түн болатын. Далада жауын құйып тұр екен. Есік алдындағы электр бағанасына сүйеніп, жауынның астында тұрдым да қойдым. Бір уақытта іштен жүгіріп Халима шықты. Қараңғыда әрі жүгірді, бері жүгірді. Анда-санда "Әзіл! Әзіл!" деп дауыстап қояды. "Иә!" дедім бір кезде даусым әрең шығып. Ол жүгіріп жаныма жетіп келді.
—Айналайын-ау, қайда жүрсің? Неғып тұрсың жауынның астында? — деп құшақтай алды. Құшақтаған кезде жаңағы ашуымның қайда кеткенін білмей қалдым.
—Ішім күйіп кетті, — деппін аузыма не сөз түскенін аңғармай.
—Неге?
—Сені басқа біреулер құшақтағанда!
—Жаным-ау, ол бидің тәртібі ғой. Биге кім шақырса, соны мен ортаға шығып билеу
керек. Шықпай қою көргенсіздік болады, — деді ол мені аймалап.
—Білмеймін! — деп мен басымды шайқадым.
—Жүрші ішке кірелік. Мен енді ешқашан да ешкіммен билемеймін! Биі құрсын! —
деді менің қолтығымнан алып.
Содан кейін ол өзгемен ешқашан биге шыққан емес. Оның да бір рет мені қызғанғаны бар. Ол кезде Павлодарда тұратынбыз. Облыстық газеттің редакторы кезім. Очерктерім республикалық газеттерге үсті-үстіне жарияланып, очерк кітаптарым бірінен соң бірі шығып жатқан уақыт. Өзім шешен, өзім көсеммін. Ел сыйлайды, халық құрметтейді. Ойын-тойларынан қалдырмайды. Қонаққа жиі шақырады. Сол күндердің бірінде басшы азаматтардың бірі қонаққа шақырды. Әйелдерімен бірсыпыра адам жиналған екен. Әзіл айтып, әңгіме соғып отырдық. Ән де айтылды, би де биленді. Билемеген Халима екеуміз ғана. Мен биді шын білмеймін, ол білсе де "білмейді". Бір кезде біреу:
—Ал, "Сүйіс" ойынын ойнайық, — деді. Ол бұрын естімеген ойыным еді. Сөйтсем, қазақша орамал тастау ойынына ұқсайды екен. Бастаушы ойын шарты бойынша маған:
—Сіз кімді жақсы көресіз? —деді. Мен жан-жағыма қарасам, қарсы алдымда Гүлшара деген келіншек отыр екен. Гүлдей майысқан, әжептәуір өнді әйел болатын. Облыстың басшы қызметтерінің біріне Алматыдан жаңадан келген жігіттің әйелі еді. Соған көзім түсіп кетті де:
—Гүлшараны, — деп қалдым.
—Дәлелдеңіз. Мен Гүлшараның қасына барып сайрай кеп жөнелдім.
—Әйелдің бәрі сұлу. Сіз де сұлусыз. Сұлулықтың үстіне сізде жайдары көңіл, жұмсақ мінез бар екен. Осындай сұлу да сүйкімді хор қызыңдай әйелді сіздің күйеуіңіз күнде сүйеді. Ол бақытты кісі. Ал сіз маған бетіңізден бір рет сүйгізсеңіз, өмірі ұмытпастай сыйлық жасаған болар едіңіз, деп еңкейіп, келіншекке басымды идім. Келіншек "рахмет", "сүймей-ақ қойыңыз" немесе "қолымнан сүйіңіз" дейтін шығар деп ойладым. Сөйтсем "сүйіңіз" дегені сызылып. Мен келіншекті құшақтап, бетінен сүйдім. Ойын шарты орындалды. Жұрт қол шапалақтады. Той тарқап, біз үйге келдік. Әйелімде үн жоқ. Бірнеше күн осылай болды. Мен не жаздым деп ойлаймын. Себебін таба алмаймын. Әбден көңілім күйзелді. Сөйтсем, ол анада қонаққа барғанда бейтаныс келіншектің бетінен сүйгеніме өкпелеп қалыпты.
—Жүз грамм арақ ішіп едің, бас салып бөтен әйелдің бетінен сүйдің. Екі жүз грамм ішсең, етегіне жармасатын түрің бар. Менің көзімше бөтен әйелдің бетінен сүйгеніңе ішім күйді. Мені қойшы, сонша жеңілтектік көрсеткенің жұрттан ұят болды. Мен жалпы қызғаншақ әйел емеспін, оны өзің білесің. Қызғанбайтыным мен саған шексіз сенемін. Бірақ, мына қылығыңа қиналмай қала алмадым, — деді. Осыдан кейін мен ойын-тойда "Сүйіс" ойынын көрсем аттонымды ала қашатын болдым. Бұрын әзілдеп әйелдерге әр нәрсені айта беретін едім. Оны да мүлде қойдым. Сегіз жыл Павлодарда болғанда жасаған бір "қылмысым" жұрт көзінше бір әйелдің бетінен сүю болыпты. "Сүйіс" орнынан сырт қалғаным сияқты, өмір бойы қарта ойнаған кісі емеспін. Арақты да аз іштім. Ойын-тойда екі рөмкеден артық тамағымнан өтпейді. Табиғаттың маған берген осындай бір шектеуіші болды. Жұрт зорласа да жүрмейтін еді. Осының бәрі ортамызда ешқандай ұрыс-керіс, дау-жанжал шықпауына себеп болды.
Тілші: — Баспасөз беттерінде аракідік көрініп қалып жүрген "екі әйел алу туралы" пікірге көзқарасыңыз қалай?
Ә.Н: — Көп әйел алу дегенге мүлде қарсымын. Бір еркекке бір әйел жетеді. Егер көп әйел алуға жол берілсе, Қазақстан қазақ елі емес, бұқа-текелер, айғырлар мен қошқарлар еліне айналады. Көп әйел алу әйелді қорлау, махаббатты аяққа таптау, адамгершіліктен ажырау. Өзім осылай деп ойлаймын.
Тілші: Ер адамның асханаға араласуы туралы не айтасыз?
Ә.Н: — Қолдан келсе, әр нәрсені істей білген жон. "Өнерді үйрен, үйрен де жирен" деген ғой атамыз қазақ. Ал, аспаздық — үлкен өнер. Қолдан келсе, жұмысыңның жағдайы көтерсе, асханаға араласып, ас істеуге әбден болады. Бұл үй жұмысы басынан асып жататын әйелдер қауымына үлкен көмек. Өз басым, асханаға ешқашан араласқан емеспін. Ақша ұстамаймын, азық-түлік дүкендеріне бас сұқпаймын. Базардан алты шақырым аулақ жүремін. Менің бар баратыным кітап дүкені. Кітапқа қанша ақша жұмсасам да әйелім қабақ шытқан емес. Кітапқа керек десем, ол қолындағы соңғы теңгесін береді. Осы кеше ғана 2165 теңгеге "Лермонтов энциклопедиясын" сатып алдым. Біздің бар ақшамыз асқа, дәріге, кітапқа және пәтерақыға жұмсалады.
Тілші: — Ең алғаш әке болған күнгі көңіл-күйіңізді, сезіміңізді әңгімелеп берсеңіз.
Ә.Н: — Айтайын. Ол кезде мен Семей облыстық "Екпінді" газетінде уақытша қызмет істеп жүргенмін. Шар, Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандары бойынша меншікті тілші болатынмын. Үйіміз Шар ауданының орталығы Шар стансасында еді. Халима екіқабат болатын. Айы-күні жақындап қалған болса керек. Бірақ, біз оны білмейміз. Жас кезіміз ғой. Сол кезде редакция шұғыл тапсырма беріп, мен алыстағы Ақсуат ауданына жүріп кеттім. Қаперімде түк жоқ. Әйелім күле сөйлеп, мені вокзалға шығарып салды. Пойызбен Жаңғызтөбе стансасына жетіп, одан әрі кездескен көлікке септесіп, Ақсуатқа жетпекшімін.
—Сен сәбиіміздің кім болуын қалайсың? — деп әйелім перронда тұрып сұрады.
—Ұл болғанын ба, қыз болғанын ба?
—Бәрібір, — дедім мен. — Өзің ше?
—Өзім ұл болса екен деймін.
—Неге?
—Сенің әкең де, ағаң да соғыста опат болды. Бір атадан жалғызсың. Сәбиіміз ұл болып, ұрпақтарың жалғасса деймін ғой.
—Айналайын, ақылдым. Бұйырғаны болар, — деп мен жарымды құшақтап бетінен сүйдім. Редакция тапсырмасын орындап, жол азабын тартып, әрең дегенде қайтадан Шарға жеттім. Келсем, келіншегім босанып қалыпты. Босанғанда өлім аузынан қайтыпты. Оның бәрін артынан білдім. Ол 1948 жылдың көктемі еді. Аудан басшылары колхоздан бақша салатын жер алған. Бізге де үш сотық жер тиген. Соған картоп отырғызуға жолдастарымыздың әйелдерімен бірге Халима да барады. Жыртылған жерге картоп отырғызып жүргенде толғақ басталады. Әйелдер оны он бес шақырым жердегі Шар стансасына қалай жеткіземіз деп сасады. Сирек жүретін машиналардың жолын тосады. Бір машина тоқтамай кетеді. Екінші машина көрінгенде он бес әйел қол ұстасып, машинаның жолында: "Осылай да осылай, мына екіқабат әйелді стансаға жеткізбесең, қазір машинаңның күл-талқанын шығарамыз" деп, күрек, тесе, ломдарын кезеп тұрып алған екен. Шофер амалсыздан екі жолдасымен екіқабат әйелді машинаға отырғызып, үйге жеткізеді. Үйге кіре бергенде шар етіп сәби жерге түседі.
Әйелдер дер кезінде жеткіздік-ау деп қуанып кетеді. Бірақ, баланың жолдасы түспейді. Түн ортасы болады. Халиманы аудандық ауруханаға жеткізу керек дейді бірі. Оған көлік керек. Түн ішінде кім көлігін бере қояды. Ақыры біреудің өгіз арбасын жалдап, таң ата әйелдер Халиманы ауруханаға жеткізеді. Дәрігерлер аман-есен баланың жолдасын түсіреді.
Міне, осы хабарды естігенде менің жаным түршікті. Әйелім босанғалы отырғанда жолаушы кеткеніме қиналдым. Білмегендік, әрине. Әйелімнің қашан босанатынын мен де білгенім жоқ, ол да болжай алмаған. Әйелім ауруханада екі күн жатып, бөпесін алып үйге келген екен. Төсекте бөпесін қасына алып жантайып, жатыр. Менің кіріп келгенімді көріп күліп сала берді. Мен оның жүзінен бұрын көрмеген ерекше бір жылылықты аңғардым. Тостағандай көздері шүңірейіп жүдеп қалса да, екі езуінен нұр шашырап жатқандай әсер етті. Шүңірек көзің түбінен әлдебір өзгеше бақыттың ұшқындары жарқылдайды. Ол аналық бақыттың асқақ ұшқыны екен ғой.
Бұрын қызымыз болса атын Жанна деп қоямыз деуші едік. Бұл француздың қаһарманқызы "Жанна Д. Арк" аты, кітапты көп оқыған Халиманың жадында жүреді екен.
—Қыз болса, мен осылай деп қоямын. Ал, ұл болса оның атын сен қой, — дейтін маған.
—Жарайды, мен ойланайын, — деуші едім. Осы жолы Ақсуат сапарынан қайтқанша ойлап, лайықты атты әлі таппағанмын. Мен есіктен кіріп келгенде ол орнынан ептеп тұрып:
—Міне, Жаннан! — деп кішкене сәбиді қолыма ұстатты. Беті бір-ақ уыс болып, кішкентай сәби пыс-пыс етеді. Көзін тарс жұмып алған. Оны қолыммен ептеп ұстап, титімдей маңдайынан иіскеп қалғанымда бір тәтті иіс бұрқ етіп мұрныма келді. "Сәби иісі осы екен ғой!" деп ойлауым-ақ мұң екен, өнебойым шымырлап, көңілім иіп қоя берді. Баламыздың туғанына жеті күн толғаннан кейін оған Жанна деген атын жаздырып, туу туралы куәлік алайық деп аудандық ЗАГС-ке бардық.
—Бізге метрика керек! — деп мақтанышпен сәбиімізді әлпештей жоғары көтеріп қоямын. Есіктің кішкентай тесігінің ар жағында отырған әйел бірдеңе деп бізге қарай қолын созады. Көкірегімді кернеген қуаныш құлағымды тарс бітеп тастағандай, әйел сөзін ести алмаймын. Баланың аты кім деп сұраған екен деп:
—Жанна, аты Жанна! — деп айқайлаймын арғы жаққа. Халима күліп мені иығымнантартады.
—Атын сұрап тұрған жоқ, неке куәліктеріңді көрсет деп тұр, – дейді. Біз бірімізге-біріміз қараймыз. Ол не нәрсе деп бірімізден біріміз көзімізбен сұраймыз.
—Ол не нәрсе? — деймін әйелге.
—Неке куәлігі дегеннің не екенін білмейсіздер ме?
—Жоқ. Бізге ешкім берген жоқ.
—Ендеше біз сіздерге алдымен неке куәлігін толтырайық, метриканы содан кейін береміз, — деді әйел.
—Сөйтіңізші, тілеуіңізді берейін. Аты Жанна, — деймін әйел сәбиіміздің атын ұмытып қалмасын деп. Сөйтіп біз өзіміздің неке куәлігіміз бен Жаннаның метрикасын қатар алғанбыз. Біз бір- бірімізге қалай қосылуды армандап жүріп, қосылған адамдарда неке куәлігі болатынын білмеппіз ғой. Қосылдық — бітті, енді біздің құшағымызды кім айырады деп шаттанып жүре беріппіз, Жаннамыз жарық дүниеге келгенде ғана куәлік қажет екенін біліппіз. "Көзімді ашып көргенім, аузымды ашып сүйгенім" дейтін ұрпағымыз, анасының өзегін жарып шығып, әкесінің кеудесін қуанышқа толтырған асыл сәбиміз қырық-ақ күн өмір сүрді. Туғанына отыз жеті күн толғанда қызымыз қатты ауырып, шырқырап шықты. Үш күн бойы жақ жаппастан шырқырады да, үзіліп, үнсіз қалды. Оны апарып Шар стансасының оңтүстік-шығысындағы зират ішіндегі төрт құлақты ақ бейіттің қасына кішкене қабір қазып жайғастырдық. Халима үн шығармай егіліп жылады. Менің қолқа- жүрегім кішкентай қабірдің ішіндегі Жаннамен қоса көмілгендей болып, кеудем қаңырап бос қалды.
Содан бір ай кейін Халима екеуміз Алматыға аттандық. Мен университетке жазғы емтихан тапсырып, оқуымды жалғастырмақпын. Халима ЖенПИ-ге оқуға түспек.
Пойыз Шар стансаның вокзалынан шыққаннан кейін Халима екеуміз вагонның күншығыс жақ терезесіне жабыстық. Алдымен зираттың шеті, одан кейін төрт құлағы серейген, ақ бейіт көрінді. Оның қасындағы кішкентай қабір көзге әрең-әрең ілінгендей болды. Халиманың көзінен жас моншақ-моншақ болып төгіліп тұрды. Мен "Хош, жаным Жанна!" деп терезенің қалың шынысына басымды соқтым. Пойыз доңғалақтары рельс қосындыларына сарт-сұрт соғылып, бесікте жатқан баланы тербеткен тәрізденіп, бізді әлдилей шайқап, Алматыға қарай тартты. "Бесік" теңеуінің ассоциациясынан Жаннаның жан тапсырардағы шырылы менің құлағыма келді. Мінеки, менің алғаш әке болғанда көңіл-күйім, сезімім осындай, шырағым. Іргесінде тұла бойы тұңғышымыздың томпайған титімдей қабірі қалған төрт құлақты ақ бейіт күні бүгінге дейін көз алдыма елестейді.
Тілші: — Өмірде сіз үшін не тәтті?
Ә.Н: — Аста — су тәтті,
Адамда — әйел тәтті,
Ұрпақта — немере тәтті,
Тұрмыста — татулық тәтті.
Сұхбатты жүргізген Нұржамал Әлішева.
("Жетісу" газеті, сенбі, 26 тамыз, 2000 жыл).
СҰРАҚҚА ЖАУАП
Жазушы Қайсар Әлім хат арқылы маған 12 сұрақ қойып, жауабын хат арқылы жіберуді сұраған. Бұл: "Халима апайға байланысты "әттеген-айыңыз " болды ма ?" деген сұраққа жіберілген жауап.
—Болды. Бір рет. Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін мен әскерден келіп, С.М.Киров атындағы университетте оқып жүрдім. Халима соғыс біте сала госпитальға түсіп, Мәскеуде жыл жарымдай уақыт ауырып жатты. Сол кезде, жарты жылдан кейін, маған жазған хаттарының бірінде былай депті: "Дәрігерлер мені жарты жыл бойы емдеді. Бірақ, жазылатын емеспін. Егер өлмей тірі қалсам, ауруханадан мүгедек болып шығатын түрім бар. Ал жарымжан әйелден сен не рахат табасың? Қазақта жақсы қыздар көп қой. Солардың біріне үйлен, қызық көр. Мен рұқсат еттім. Мен жарымжан қалпымда өмірден жалғыз өтемін. Бірақ, өле-өлгенше сенің тілектесің боламын. Бұл хатты мен жылап отырып жаздым. Жыласам да жіберемін. Аман бол, айналайын. Аман бол.
Сегіз жыл ғашық болған Халимаң".
9. V. 1946 ж.
Бұл хатты алғаннан кейін, өзіммен бір төсекте бірге жататын алғашында маған жатақханадан жеке орын тимеді ғой досым Мырзабек ("Махаббат, қызық мол жылдар" романындағы Жомартбек):
—Ой, мынау ақылды қыз екен. Расында, ауру әйелден сен не рахат табасың? Халиманың айтқанын орындап, басқа қыз іздейік. Жүр кеттік, — деді. Мен Мырзабектің сол сөзіне елігіп, Халиманы бір сәт есімнен шығарып алдым. "Қызыл көрпе" деп бір қызға өлең жаздым. "Ботагөзге" деп екінші өлең шығардым. Бұл екі қыздың екеуі де маған иілмеді. Содан кейін Халимаға қайтадан хат жолдап:
—Бұл жақтағы қыздар маған қарайтын емес. Тек қана өзіңнің ауруханадан аман шығуыңды күтемін. Содан кейін өзіңмен бірге бір ай, бір күн өмір сүрсем де өзімді бақыттымын деп білемін, дедім. Менің бақытыма қарай Халима ауруханадан жазылып шықты. Екеуіміз 1947 жылы қосылдық. Қосылғаннан кейін:
—Халима, Мәскеуде сен ауырып жатқанда мен екі қызға өлең арнадым. Сен соны кешір, — дедім.
—Оның не кешіретіні бар? – деді Халима. — Ешқандай кешірім сұраудың қажеті жоқ. Мен саған езім рұқсат беріп, хат жаздым. Хатым кетіп қалғаннан кейін "Олай деп неге жаздым?" деп өкіндім. Менің бақытыма қарай ол екі қыз сені менсінбеді. Сен менің өзіме қалдың. Егер сен сол екі қыздың біріне үйленіп қойсан да, мен тілеулес досың болып, күйеусіз өмірден өтер едім. Ол қыздардың саған қарамай кетуіне рахмет, — деп күлді Халима. Міне, осы осалдығым өмір бойы көкейімнен кетпейді. Бала күннен ғашық болған Халима ауырып, төсек тартып ауруханада жатқанда, менің мына жақта Төлеген тәрізденіп, қыздарға көз салғаным не деген иттік, оңбағандық, опасыздық деп ойлаймын. Осыны ойлағанда күні бүгінгі дейін екі бетім дуылдап, өзімнен-өзім қысыламын. Егер Халимаға қосылмасам, мен мұндай бақытты күйге жете алар ма едім, сірә? Әй, жете алмас едім! Мінеки, менің "Әттеген-айым!" осы.
Сіздің Ә.Нұршайықов.
23.01.2005
АППАҚ ҚАРДАЙ АҚ МАХАББАТ БОЛСЫН
Қымбатты студенттер, балаларым менің!Мен жолда не ойлап келгенімді айтайын ба? Айтсам қылшылдаған жігіт жазушылар, қылпылдаған қыз-келіншек ақындар бар. Соларды шақырмай, сексенге келіп, селкілдеп отырған шалды неге шақырды екен балалар? Мен не айта аламын оларға? Міне, осылай ойлап, қысылып келдім алдарыңа. Ал, кәні, көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба? Көргенімді айтсам: Кеше қыс түсті. Алматыға қар жауды. Мен ұлпа қарды кешіп келдім осында. Қар табиғаттың адамға берген ұлы сыйлықтарының бірі. Қарға қуаныңдар, балалар! Оны уыстаңдар, иіскендер, бір-біріне шашу етіп шашып, қуана күліп, қызықтаңдар. Бұл — кейін қартайғанда, қолың жетпей қалатын қызық, жастыққа ғана арналған табиғат ләззаты.
Аппақ қардай ақ махаббат болсын!
Аппақ қардай адалдық болсын!
Аппақ қардай таза пейіл, пиғыл, мейір болсын!
Менің көшеде көргенім осы, енді іске кірісейік.
* * *
Енді өзіме жазба түрде берілген сұрақтарға жауап бере бастаймын. Сұрақтарды топ-топқа бөліп, жүйелегенім жоқ. Қолыма ілінген сұраққа № 1, №2 деген белгі қойып, жауап жаздым. Осылай еткенім дұрыс па?
—Дұрыс, аға.
—Онда — жон. Бірақ, сұрақтарыңның аяғына аты-жөндеріңді жазбапсыңдар. Жауап берілген қай сұрақ кімдікі екенін өздерің ажыратып аласыңдар ғой?
—Ажыратамыз, аға.
—Кейбір сұрақтар қайталанғаннан кейін оларға берілген жауаптар да қайталанған болуы керек. Оған ренжімейсіңдер ме?
—Жо-о-оқ!
1.Сіз қандай тақырыпқа шығарма жаздыңыз?
—Мен Ерлік пен Еңбек, Достық пен Махаббат тақырыбына жаздым. Ол шығармалар өздеріңізге белгілі.
2.Махаббат тақырыбына жазылған шығармаларыңыздың кейіпкерлерімен кездесуіңіз туралы айтыңызшы ?
—"Махаббат, қызық мол жылдар" романында Тана деген қыз бар. Ербол екеуі үш күн бірге жатып, бір-біріне тимей ажырасады. Бұл болған оқиға. Тана — Тұрсын деген қыз. Ербол мен едім. Тұрсын қазір Семейде тұрады. Әлі күнге дейін хат жазысамыз. Тұрсын ЖенПИ-ді бітіргеннен кейін Павлодар облысына барыпты. Бесқарағай деген ауданның "Өндіріс" деген ауылында мұғалім екен. 1953 жылы мен Павлодар облыстық газет редакторы болып бардым. Бесқарағай ауданына іссапарға барғанымда Тұрсынды іздеп таптым. Күйеуі мектеп директоры екен. Үйлеріне қондым. Одан кейін Тұрсынды көргенім жоқ. Бірақ, анда-санда хат келіп тұрады. Екінші кейіпкермен кездесуім осы жақында ғана болды. Сол романдағы Меңтай (шын аты Нұрғамила Нұрбосынова) мені 75 жылдық тойына шақырды. Бардым. Мен машинадан түстім. Ол сабырмен келіп, қолымды алды да қойды.
—Келуіңізбен! — деді бар айтқаны. Шайға отырдық. Меңтайдың ұлы, келіні, бауыры ду күліп қоя берді.
—Біз мамам өзінің әрі авторы, әрі курстасымен құшақтасып көріседі екен десек, сіздер қол алыстыңыздар да қойдыңыздар ғой, деді. Меңтай жауап берді.
—Мен екі шеңбердің ішінде өстім. Бірі — педагогтік шеңбер, екіншісі "Махаббат, қызық мол жылдар" Меңтай бейнесі. Өмір бойы мен екі шеңбердің ішінде келе жатқандықтан ағаларыңды құшақтап, бетінен сүйе алмадым, — деді.
3.Қазір сіздің жүзігіңіз екеу ғой. Қайсысын қай қолыңызға салып жүрсіз?
—Рас. Бірі — жан-жарым Халиманың жүзігі, екіншісі кейіпкерім Меңтайдікі. Алғашында Халиманың жүзігін оң жақ қолыма салып жүрдім. Кейін Меңтай: "Махаббат, қызық сол жылдар" романын жазған қолыңыз нәумез болсын" деп шешесінен қалған жүзігін сыйлады. Оны сол қолыма салды. Артынан ойлап қарасам, Меңтай өз жүзігін "роман жазған қолыңыз нәумез болмасын" деп сыйлады. Романды оң қолыммен жаздым. Ендеше ол жүзік оң қолымда болуға тиіс. Ал сол қол жүрекке жақын. Сондықтан әйелімнің жүзігін сол жақ қолымның саусағына көшірдім. Мен сексенге дейін қолыма жүзік салмаған кісімін. Бізде неке жүзігі деген де болған жоқ. Сондықтан жүзік салу тәртібін білмеймін. Осылай еткенім дұрыс қой деп ойлаймын.
4.Сіз пәктік туралы көп айтасыз. Себебі не ?—Пәктігі жоқ адамдарда мәңгілік махаббат болмайды. Екі жақта та пәк қосылса мәңгілік махаббат осыдан өрістейді. Өзім осылай ойлаймын.
5.Сіз махаббатты: Бала махаббат, шала махаббат, мәңгілік махаббат деп үшке бөлесіз. Сонда осы үшеуінен басқа махаббат болмай ма ?
—Махаббат мың түрлі. Мен оларды негізгі үш топқа ғана бөліп айтып отырмын.
6.Мерейтойыңыз қашан, қайда өтеді?
—Мен 786 күн зеңбірегімді жауға кезеп соғысып жүріп, аман қалдым. Сондықтан менің жер басып жүрген әр жылым — той, әр айым — мереке, әр күнім — қуаныш! Сондықтан дүбірлетіп той жасамаймын. Жиналыс болмайды. Үйіме балаларымды, өзімді алты рет инфаркттен алып шыққан дәрігерлерімді, кейбір өзіме жақын адамдарды шақырып, шай беремін. Болды!
7."Махаббат, қызық мол жылдар" кітабыңызды қайдан алуға болады ?
—Гоголь мен Абылай хан көшесінің бұрышындағы "Атамұра" кітап дүкенінен алуға болады. Мен: "арзан бағамен сатыңыздар" деп өтініп едім, олар әр кітапты 330 теңгеден сатып жатқан көрінеді.
8.Арманыңыз қандай ?
—Спидтен, нашақорлықтан, арақтан, темекіден аман болып, қазақ халқының мәңгі өмір сүруін армандаймын!
9.Қай кейіпкеріңіз ұзақ өмір сүреді деп ойлайсыз?
—Меңтай мен Бауыржан!
10.Ұнатпайтын нәрселеріңіз не?
—Ұлдардың қыздарды алдап кетуге құмарлығын ұнатпаймын.
—Қыздардың жігітке сөз айтса, жығыла кететіндерін ұнатпаймын.
—Мектеп мұғалімдерінің, институт оқытушыларының шәкірт, студент қыздарға көз салғыштығын ұнатпаймын.
—Біліп тұрған студентке баға қоймай, соны жығуға тырысатын профессорларды ұнатпаймын. Мынадай бір анекдот бар. Бір қырқылжың профессор ауылдан келген студент қызға қызығады. Сынақ кітапшасына қол қоймайды. Ал қызға стипендияға іліну керек. Профессор қызға "көн" дейді. Қыз амалсыздан көнеді. Соңынан профессор қызға:
—Пәктігін қайда, қарағым-ау? – дейді.
—Ой, ағай, ауылда да мұғалімдер бар ғой, — деп жауап беріпті қыз. Бұл — анекдот, әрине. Бірақ, анекдот та шындықтан шығады.
—Енді нені ұнатпаймын? Иә, тағы да бар. Әлдеқайда бір институтқа, не бір университетке олардың шақыруымен, студенттермен кездесуге бара қалсаң, дәлізде кездескен қыздардың үлкен кісі келе жатыр-ау деп, жол бермей талтайып тұрып алатындарын ұнатпаймын. Сол сәтте: қарсы келе жатқан машинаға да, тракторға да жол бермейтін сиыр малы есіме түседі. Жастардың телефон соққанда: "Мен, Мәулен ғой!" деп, әкесінен бұрын өздерінің атын атайтындарын ұнатпаймын. Алдымен әкесін айту керек. Сен аспаннан түскен жоқсың, әкеден тудың. Сен туғанда әкең "Балам өзім өлгенде атымды ататып жүреді" деп қуанды. Ендеше сол үмітін ақтау керек. Мені бірсыпыра жұрт біледі. Сонда да телефон соққанда, телефон трубкасын көтергенде:
—Мен Нұршайықовпын ғой, деймін, атымды артынан айтамын. Көп адамдар мені дауысымнан таниды. Ал дауысы белгісіз, өзі де мәлімсіз жігіттердің: "Мен Жараспын ғой!" деп шіреніп тұратындарын жаратпаймын. Содан соң кейбіреулер телефон соққанда бірден: "Мені таныдың ба?" дейді. Көзім көріп тұрмаған, күнде сөйлесіп жүрмеген адамның дауысын қалай танимын? Оның үстіне бір-біріне ұқсас дауыстар аз ба? Өзім телефон соққан жеріме алдымен: "Сәлеметсіз бе?" деп алып, өзімнің аты-жөнімді айтамын. Содан соң шаруаға көшемін. Осы күнгі жастардың соңынан қабаған ит қуып келе жатқандай сасқалақтап, жыпылдата, жылдам сөйлейтіндерін ұнатпаймын. Ондай жыпылдақтардың не айтып тұрғанын әрең ұғасың, ұқпай да қаласың. Ал мұны олар өнер ойлайтын сияқты. Меніңше, өнер емес, өресіздік! Әннің сөзін ұғу қиын. Бірақ, Роза Бағланова әннің әр сөзін анық етіп айтады ғой. Қазақ сабырлы, салиқалы халық. Ол әр сөзін айқын етіп, саралап сөйлеген. Былдырлатып жылдам сөйлеу ұлттық өнеге емес. Ақылды адам аптықпай сөйлейтінін ұмытпау керек. Мінеки, осы сияқты ұсақ-түйектерді ұнатпаймын.
11.Нені жақсы көресіз?
—Жалықпай жұмыс істей бергенді жақсы көремін.
12.Шығармашылық жағынан енді не істемексіз?
—Мәңгілік махаббат туралы роман жазсам деймін. "Өмір өрнектерінің" жарыққа шықпаған 2 және 3-кітаптарын компьютерге бастырып, дискетаға көшіртіп қойдым. Демеуші табылса, жариялауға әзірмін. Өзгелер туралы өзім жазған екі том естеліктерім машинкаға басулы тұр. Өзім туралы жұрт жазып берген бір томдық естеліктерді реттеймін. Қазір 124-күнделік дәптерімді толтырып жүрмін. Журналист кезімде жазған 200-ден аса қойын дәптерлерім және бар. Бұлардың тағдыры не боларын білмеймін! Не істеймін деп ойлайтындарым осы. Бірақ, оның бәрі уақытқа, қайратқа, қаражатқа байланысты.
13.Әйеліңіздің өмірі есіңізден қалмайтын қандай сәті жадыңызда ?
—Әйелім өзінің туған күнін өмірі атаған емес. Оны аузына да алмайтын. Бірақ жыл сайын менің туған күнімді қалт жібермей өткізіп отыратын. Мен өмір бойы әйеліме бір тал гүл сыйламаппын. Мұным иттік, әрине. Бір жолы балалар шешесінің туған күнін атап өтпек болды. Сол күні мен ғана гүл әкелмеппін. Дағдыланбағандықтан ғой, әрине.
—Саған гүл сыйлауды ұмытып кетіппін. Ғафу ет, Халима дедім әйеліме. Ол жымиды да:
—Сен маған өзіңді сыйладың. Менің гүлім де, күнім де, байлығым да, бақытым да — сенсің! — деді.
Мен әйелімді құшақтап, бетінен сүйдім.
—Қой, ерте ғой әлі, — деді ол әзілдеп. Өйткені біз ешқашан жұрт көзінше күндіз сүйіспейтінбіз.
Екінші бір есімде қалған сөз мынау: Жамбыл мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында, Никольск базарына қарай бұрылатын жолда биік тас баспалдақ бар. Бір қыста жер тайғақ күні Халима екеуміз қолтықтасып, сол баспалдақтан төмен қарай түсіп келе жаттық. Менің аяғым тайып кетті де, құлай бастадым. Басымдағы малақайым ұшып кетті. Сол сәтте Халима мені қорғап, құшақтаған бойы астыма қарай құлады. Екеуміз сырғанап, етектен бір-ақ шықтық.
—Аманбысың? — дедім жоғарыда жатқан мен алдымен тұрып.
—Мені қойшы, өзің амансың ба? — деді ол басын сипап. Сөйтсем, оның да бөркі анадай жерге ұшып кеткен екен. Соғыста командирге оқ тигізбеу үшін қасындағы жауынгер өз кеудесін оққа төсеп,
командирін сақтап қалатын еді. Сол есіме түсіп, көзіме жас келді. —1945 жылдың мамыр айынан бастап, Халима бір жарым жылдай Мәскеу госпиталінде жатты. Алты айдан кейін университетте оқып жүрген маған одан хат келді.
—Мен мына аурудан жазылатын емеспін. Жазылмауым да мүмкін. Ондай ауру әйелден не рахат көресің? Бір жақсы қызға үйлен. Мына суретімді сақтарсың, деп сыртына мынадай төрт жол өлең жазыпты:
Храни мое изображение,
Если подругу видишь в нем.
Если появится сомнение,
Сожги безжалостным огнем!
Бұл шумақты мен өзімше былай деп аударған едім:
Мынау менің суретім,
Досым десең қабыл ал.
Шүбә туса көңілде,
Күдіктенсең – отқа сал! Ол ауруханадан шыққаннан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл өмір сүрдік. Сол суреті мынау. Бұл суретті мен өмір бойы сақтап келемін. "Кеңсай-2"-дегі ақ күмбездің ішіне орнатылар алты тас кітаптың бірі "Халима" деп аталады. Сол тас кітаптың бірінші бетіне осы суретті салғыздым.
—Мінеки, әйелімнің осы үш ауыз сөзін өмір бойы ұмытпаймын.
14. Қанша қызға ғашық болдыңыз?
—Екі қызға. Екеуіне де өлердей ғашық болдым. Біріншісі О. деген қыз, екіншісі — Халима еді.
Мен 14 жасымда ғашық болдым. 6-класта едім. Жақындағы жетім балалар үйінен біздіңауылдағы орталау мектепке оқуға қыздар келді. Солардың ішінен бір аққұба қызға көзім түсті. Ғашық болдым. Хат жаздым. Қыз қабыл алды. Екеуміз институт бітіргеннен кейін қосыламыз деп уәделестік.Екеуміз бір-бірімізге қосылғанша пәктігімізден айырылмаймыз, таза күйінде қосыламыз деп серттестік. 7-класты бітіріп, мен Алматыға тау-кен институтының рабфагына оқуға кеттім. Инженер болғым келді. Қызым Семейдегі №11 орта мектептің интернатына ауыстырылды. Жарты жылға дейін хат жазысып тұрдық. Мен: "О.., тамаша жарым болады!" деп іштей мақтанып жүрдім. Жарты жылдан кейін қыздың хаты тоқтап қалды. Қайғырдым. Алматыдағы оқуымды тастап, Семейге келіп, педучилищеге түстім. Бұл 1939 жыл еді. 5-қыркүйек күні қызымды іздеп, №11 мектепке бардым. Қызым шақырғаныма келмей, жолықпай қойды. Содан кейін қайғыланып, оған жүзінші рет хат жаздым. Ол былай басталатын еді:
Жүз хат жаздым бір қызға.
Әдет жоқ қазақ, қырғызда.
Махаббатым мәңгілік.
Үлгі болсын ұл-қызға.
Ұзақ өлең. Ең соңында: "Қош, бақытты бол. Мен саған өмір бойы тілектеспін" дедім. Содан соң ол қыздың досы Халимаға құмарттым. О-ға - 3, Халимаға — 9 жыл ғашық болдым. Халимаға ғашық болуым былай басталды. Алматыдан Семейге келіп, оқуға орналасқаннан кейін ғашық қызымды іздеп, №11 орта мектептің интернатына бірнеше рет бардым. Бір күні интернат есігінің алдында шашын қиған, үкі көз, аққұба қызға кездесіп қалдым. Тоқтатып, О-ны сұрадым.
—Білемін, бірге оқитын құрбым. Жатақханада бір бөлмеде тұрамыз, – деді.
—Сол қызды шақырып бере аласын ба?
—Жарайды, күте тұрыңыз, — деді аққұба қыз.
Әлден уақытта ол қайта шықты. Аяғын әрең басып қасыма келді.
—Келе ме? – дедім мен дегбірсізденіп.
—Жоқ, келмейді.
—Неге?
—Білмеймін. "Менен күдер үзсін, енді ешқашан мені іздеп келмесін" — деді. Бұл сөздерді ол үзіп-үзіп, қинала тұрып айтты. Мен жылап жібердім. Баламын ғой. Менің көз жасымды көріп, әлгі қыз қосыла жылады.
—Сен неге жылайсың? — дедім мен жеңіммен көзімді сүрткілеп.
—Саған жаным ашып кетті, — деді ол алақанымен бетін сүртіп.
—Атың кім?
—Халима. Қыздар Катя деп атайды, — деді ол. Катя қызға рақмет айтып, педучилищеге қайттым. О-дан айырылып қалғаныма өлердей өкіндім. Жылай бергім келді. "Не жазығым бар еді?" деп көп ойландым. Осындай ұзақ айлардан кейін менімен қосыла жылаған көз шарасы кең бейтаныс аққұба қыз көз алдыма елестейтін еді. Әсіресе, көзінен моншақтаған жасты сүртіп жатқан кезі көкейімнен кетпейтін болды. Кейін ол қызбен Н.В. Гоголь атындағы қалалық, кітапханасында кездесіп жүрдім. Кездескен сайын:
—О. қалай? — деп сұраймын.
—Жақсы, оқуы бәрі ойдағыдай, — дейді ол. Одан О-ға өлеңмен жазылған 2-3 хат беріп жібердім, жауап болмады. Сөйтіп О-дан күдер үздім. Енді Халимаға ғашық болдым. Бірақ, оған ғашық екенімді білдіргенім жоқ. Өте тату, дос болып жүрдік. Бергі жағым дос, арғы жағым ғашық. Ол менің түпкі ойымды сезе ме, сезбей ме, білмеймін. Tic жарып айтпайды. Бірақ, маған деген достық қамқорлығында қапы жоқ болатын. Ылғи жанашырлық жасап жүретін. Өзара достық хаттар да жазысатынбыз. Осылай үш жылды оқумен өткіздік. Одан кейін төрт жыл соғыс болды. Екеуміз де әскерде жүрдік. Үзбей хат жазысып тұрдық. Енді ғашықтық жайлы ашық айтылды. Ол да сезеді екен. Амандық болса, соғыс біткеннен кейін қосыламыз деп уәделестік. Халима екеуміздің қосылуымызға себепкер болған О-ға үнемі алғысымызды айтатын едік. О. мен Халима екеуі жақсы дос болатын: интернатта бірге өсті, онжылдықты бірге бітірді. Соғысқа да бірге барып, бір батальонда радистка болды. Сонда О. Халимаға ылғи мені мақтайды екен. "Сен ойың да, бойың да таза қызсың. Соған қосыл!" деп үнемі айтып жүріпті.
—Жоқ, сен қосыл. Екеуіңнің бала күндерден уәделерің бар. Уәдеңді бұзба, — деп Халима оны үгіттейтін болса керек. Ал, О. оған өзінің маған неге қосыла алмайтын себебін айтпайды. Халима екеуміздің бір-бірімізді тапқанымызға О. себеп болды. Егер ол болмаса біз бір- бірімізді білмес едік. О. екеуміздің арамыздағы бала махаббат Халима екеуміздің арамыздағы мәңгілік махаббатқа жол ашты. Мен жан жарым қайтыс болғаннан кейін оған арнап "Халима. Мәңгілік махаббат жыры" деген деректі шығарма жаздым. Ол шығарма "Жұлдыз" журналы мен "Простор" журналдарында қазақ, орыс тілдерінде жарияланды. Оны оқырмандар деректі дүние емес, көркем шығарма санатында өте жылы қабылдады. Маған ол туындыға разылық білдірген бірнеше хаттар келді. Әсіресе, орыс әйелдері ерекше сүйіспеншілік білдірді. Қазір ол еңбек ағылшын тіліне аударылып жатыр.
15. Неге кейіпкеріңіз Меңтай тойына шақырғанда оған 3 шарт қойдыңыз?
—Дүниеқор емеспін. Зейнетақыда отырған қарт ұстазды аядым.
16.Әйеліңізден дүниеден өткеніне қанша уақыт болды ?—Бүгін тура 496 күн. Содан бері жетіммін, мүсәпірмін, мұңдымын. Бұл уақыт ішінде әйелімнің жатқан жеріне 100-рет бардым. Ол маған: "Қасыма келгенде 3 рет атымды ата. Немесе, Абайдың 2-3 ауыз өлеңін айт, мен соны құран деп қабылдаймын" деген еді. Мен барған сайын Абайдың "Айттым сәлем, қаламқасының" алғашқы екі шумағын айтамын. Содан соң: "Халима Қалиақпарқызы Өзбақанова Нұршайықова" деген жазуы бар құлпытасты қайта-қайта құшақтап, ішімнен егіле еңіреп, үйге қайтамын.
17.Сіз Мәншүк туралы көп жаздыңыз ғой. Әлі күнге дейін аузыңыздан тастамайсыз. Егер Мәншүк тірі болса, оған үйленер ме едіңіз?
—Жоқ, үйленбес едім. Оған екі себеп бар. Біріншісі, менің үйленемін деп уәделескен қызым бар. Уәдемді бұзбас едім. Екіншіден, егер қызым жоқ болған күннің өзінде, Мәншүктің: "Соғыс біткен күні маған бірінші ұсыныс жасаған кісіге жар боламын. Оған дейін жаныма ешкімді жолайтпаймын" деген сөзі бар болатын. Мен артиллериядамын. Мәншүк жаяу әскер пулеметінің батальонында. Мен сөз айтамын деп артполктен батальонға жеткенше басқа біреулер менен бұрын оған сөз айтып қойған болар еді. Міне, осы себептерден мен сүйікті Мәншүкке үйлене алмаған болар едім. Мен Мәншүкке рухани ғана ғашықпын. Оның Отаншылдығы мен ерен ерлігіне ғашықпын және мәңгі ғашықпын. Оған барлық ұрпақ мәңгі ғашық болуы керек! Қазақ қызы Мәншүк Мәметова
— Орден қызы Жанна Д’Арк!18.
Соғыста қуанған, қайғырған күндеріңіз?
—Украинада әкем Нұршайық оққа ұшқанын, ағайым Ниғаптың Ленинград қоршауында қаза тапқанын және елде шешемнің қайтыс болғанын естігенде, қатты қайғырдым.
Қуанған күндерім: Жамбылға хат жазған күнім. Жамбылдан жауап алған күндерім. Ең ұлы қуаныш 1945 жылы 9-мамыр Жеңіс күні болатын. Одан кейінгі ұлы қуаныш 1947 жылы 5-маусымда Халимаға үйленген күнім болды.
19.Соғыста хат жазысып тұрдыңыздар ма ?
Жаздық. "Қайран қыздар, сағындық," деген өлеңіме көп хат келді. Қыздардан келген хаттарды жігіттерге үлестірдім. Маған келген хат арқылы үйленген жігіттер ұлдарына Әзілхан деп ат қойды (Мұқан Омарбаев, Қабікен Мендібаев, Талғат Қосаев т.б.).
Бір қыз суретімді сұрады. Оған мынадай өлеңмен жауап бердім:
МЕНІҢ ПОРТРЕТІМ
Тұрпатым қатты қысқан жұдырықтай,
Қаңылтақ денем, мойын қылдырықтай.
Жүректе жалын атқан жігерім бар,
Жүрісім жылдам ұшқан бұлдырықтай.
Кескінім торсық шеке, қыртыс маңдай,
Қос қабақ бір-бірімен қырқысқандай.
Тұңғиық мөлдірейді екі көзім,
Жүзімді жылытуға тыртысқандай.
* * *
Көк тастан қашалғандай өң келбетім.
Салпы ерін, үйрек мұрын, шүңгіл бетім.
Қаралығым қазанның күйесіндей,
Мінеки, менің осы портретім.
Осылай деп қызға хат жазып қоя бердім.
Қыз: "Сенбеймін. Сіз екі иығыңызға екі кісі мінгендей сұлу жігітсіз! Біз солай деп ойлаймыз", — деді. Қалай ойласаңдар, олай ойлаңдар, өзім осындаймын деп мен жүре бердім.
20.Алғашқы қызыңыз неге Сізді менсінбей кетті?
—Көп жылдан кейін: "Маған берген сертіңізді неге орындамадыңыз?" деп сұрадым мен одан.
—Орындамайын дегенім жоқ. Балалықпен сақинамды сындырып алдым —пәктігімнен айырылып қалдым. Сондықтан сенен ұялып, жоламай кеттім, – деді ол.
Ол екеуміз 22 жылдан кейін кездестік. Күйеуі әскерден босап, олар Алматыға көшіп келіпті. 3 қызы бар екен. Ол кезде мен "Социалистік Қазақстан" газеті редакторының орынбасары болатынмын.
Ол қыз менің әйелімнің досы болған соң ерулікке шақырдық. Кейін араласып тұрдық. Бір жолы ол маған жоғарыдағыдай сырлы шынын айтты.
—Мен сенің пәк қызға қосылуыңды тіледім. Халимаға қосылса екен дедім. Қосылдыңдар. Мен соған шексіз қуаныштымын. Бірақ, мен сені ешқашан ұмытқаным жоқ. Егер ұл тапсам, атын Әзілхан деп қоярмын деп ойлаушы едім. Тағдыр маған ұл бермеді, 4 қыз таптым. Алғашқы қызымыз өліп қалды, — деді.
21.Пәктік мәселесіне қалай қарайсыз? Кейбіреулер пәктігінен айырылған қыздарды кінәламайды. Маған пәктіктің керегі жоқ дейді ғой. Сіздің ойыңыз ?
—Пәктік керек. Пәк қосылған жұп берік, бір-біріне өмір бойы адал болады. Ал пәктігі жоқ қыз бен жігіт қосылғанымен: бөтен еркек пен әйелдің дәмін татып алған олар бөтенге бой ұра береді. Қазақта "дәніккен ит мамағын жалайды" деген дөкірлеу және мәдениетсіздеу мақал бар. Неге ол мамағын жалайды? Қаншыққа қосылып дәніккен төбет тағы бір қаншыққа қосылуға құмартып, мамағын жалайды. Жүргіш еркектер сол "мамағын жалайтын" итке ұқсайды. Басқа әйелге аңсары ауып тұрады. Содан отбасы бұзылып, адалдық адыра қалады. махаббат мәнсіздікке айналады. Өз басым қыз бен жігіт пәк күйінде қосылса ғана екеуінің арасында мәңгілік махаббат болады деп ойлаймын. Сондықтан да мен "Махаббат, қызық мол жылдарда" қанша жақсы қыз болса да, пәктігінен айырылып қалғандықтан, Меңтайды "өлтіріп" тастауыма тура келді.
Бұл мәселені басқаша ойлап, өзгеше пайымдайтындар болар. Мен олармен таласпаймын. Өмірден түйген өз ойымды ғана айтып тұрмын. Ғафу өтінемін.
22. Кентау сапарыңызда ерекше есте қаларлық оқиғалар болды ма?
—Болды. Бірі мынадай. Меңтай тойының орта тұсында үш келіншек бір шамаданды көтеріп, қасыма келді. Келді де бірі:
Ақ, етіне қызыл көрпе басылып,
Көкірегі жатыр екен ашылып.
Дірілдейді кеудесінде қос алма,
Қара шашы толқындай боп шашылып, — десе, екіншісі,
Оны көрсе жүрек күйіп жанатын,
Кездессе жүз, естен мүлде танатын:
Болсам етті, әттең дүние-ай сол көрпе,
Құшып, сүйіп, құмарымнан қанатын, — десе, үшіншісі,
Беріп тәңір тілегімді ниетін,
Тым болмаса киіміңді киетін,
Не сол көрпе астарының бір сабақ
Жібі болсам денесіне тиетін,
деп өлеңдетіп қоя берді.
"Махаббат, қызық мол жылдардағы" менің өлеңім. Осы өлеңді айтты да үшеуі алақандарындағы целлулоид шамаданды ашып, ішінен жұмсақ жүннен жасалған бір қызыл көрпені алып, менің иығыма жапты.
—Сол өлеңіңіз үшін Сізге Меңтай-Тұрғамила апамыз 40 жыл қызмет істеген №11 қазақ орта мектебінің ұжымының сыйлығы, деді.
—Ол қызыл көрпеге оранып, әдемі қыз жатқан еді ғой. Сол қыз осы көрпенің ішінде ме? — дедім мен оларға әзілдеп.
—Бізді мына сол қыз деп есептеңіз, — деп үш келіншек мені құшақтап, екі бетімнен кезек-кезек сүйді. Өздері аппақ, көздері ботаның көзіндей қап-қара, тістері маржандай сұлу келіншектер шөпілдетіп бетіңнен сүйіп жатқанда адамның буыны босап кетеді екен Ал ол келіншектер сыйлаған көрпені қыздың шашы сияқты сипай бергің келеді, сипай бергің келеді.
23. Біз "Ақжүністен" сіздің апай туралы айтқандарыңызды естідік. Ол кісіні қатты сағынасыз ба?Қалай есіңізге түсіресіз?
—Жоғарыда айттым ғой: сағынамын, әрине. Кейбіреулер әйелін өле сала ұмытып кетеді. Кейбіреулер жаңа әйелге үйленгеннен кейін бұрынғы әйелін еске де алмайды. Кейбіреулер өлген әйелін ойына алудың орнына ашына іздеп әлекке түседі. Мен өйте алмаймын. Өйте алмайтыным менің жүрегімді мәңгілік махаббат мекен еткен болар деп ойлаймын. Менің ойымша: Мәңгілік махаббат тән табысуы ғана емес, жан табысуы. Еркек пен әйелдің немесе қыз бен жігіттің бір кісіге айналып кетуі. Бірінің ойындағысын екіншісінің айтпай ұғынуы. Сыңарынан айырылған аққудың көктен құлап өлетіні сияқты, көп ұзамай жан серігінің артынан жөнелуі. Тірі қалғаны өлген сыңарын өмір бойы есінен шығармауы. Өлген жарын күн сайын түсінде көріп, тірі күндегідей қол ұстасып, қатар жүруі. Мәңгілік махаббаттың мен білетін белгілері осылар. Біз жас кезімізде бірге өлеміз деп уәделескен едік. Артынан ол:
—Жоқ, мен өлсем, сен тірі қал, балаларға бас-көз бол, — деп тапсырды.
—Мен өлсем, сен де сөйтесің бе? — дедім оған.
—Иә! — деді ол. Екеуміз қайтадан серттестік. Сол себептен мен әйелімнің артында қалып 493 күн тірі жүрмін. Оның үстіне маған көңіл айтқан, хат жазған, телефон соққан адамдар:
—Сіз халыққа керексіз, жер басып, аман жүріңіз! — деген тілек айтады. Халыққа қанша керек екенімді білмеймін. Ал балаларыма керектігім рас екен. "Балаларға бас-көз бол" деп Халима дұрыс айтыпты.
24.Махаббат жұрттың бәрінде бола ма ?
—Махаббат деген ақындық сияқты ерекше дарын. Жұрттың бәрі бірдей ақын, талантты күйші немесе биші бола бермейді. Сол сияқты махаббатсыз, тек қана соқыр сезім-инстинктпен өмір сүре беретін адамдар да болады. Жыныстық қатынасты махаббат деп түсінетіндер көп. Махаббат — жыныстық қатынас емес. Махаббат жан жарастығы. Ақыл, ой, сезім, сенім бірлігі. Осы төртеуінің тұтастығы! Қысқасы: Махаббат жұрттың бәрінде бола бермейді.
25. Жыныстық қатынас туралы толық түсінік беретін кітапты қайдан алуға болады ?
—"Энциклопедия секса" деген қалың кітап бар. Жыныстық қатынас сонда барлық түрі айтылған. Бағасы 1300 теңге. Барлық кітап дүкендерінде бар. Мен оны Қабанбай батыр көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы кітап дүкенінен көрдім. Жыныстық қатынас дегеніміз — ерлі-зайыпты адамдардың міндетті түрде атқаратын қызметі. Бұл табиғи міндетті атқармауға ешкімнің де құқығы жоқ.
26.Өз бойыңызда қандай кемшіліктер бар деп ойлайсыз?
—Мен ән айта алмаймын, домбыра тарта алмаймын және би де білмеймін. Сөйте тұра өзімнің қалай жазушы болып жүргенімді және білмеймін. Осындай үш үлкен кемшілігім бар.
27.Сезім мен сана туралы айтыңызшы: қайсысы қайсысына бағынады ?—Сезім — асау ат, сана аттың басына кигізілетін жүген. Ноқтасыз асау ат алып қашып, сені бір жерге жығып, мерт етіп кетуі мүмкін. Ал жүген асауды ауыздықтап, оның беталды лағып, шаба беруіне ырық бермей, дұрыс жолмен жүруіне көмектеседі. Сондықтан бір бәлеге ұрынбайын, оқыс халге ұшырамайын десең сезімді санаға билету керек. Сананы сезімге бағындырудың нәтижесі: туа сала тұншықтырылып, жөргекке орап, жолда қалдырылып жатқан сәбилер. Сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатқан, шетелдерге сатылып, жөнелтіп жатқан балалар. Өз сәбиін туа сала тұншықтыру — ең үлкен қылмыс. Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер бізді, біз оларды өлтіріп жаттық. Өйткені біз бір-бірімізге жау едік. Мен өзім тура көздеуде зеңбірегімнен атып, жаудың бір үлкен танксін жайраттым. Ол танк өртене бастағанда, ішіндегі экипажы сыртқа қарай секірді. Оларды алғы шепте жатқан жауынгерлер жайпады. Ал жабық позициядан атқан менің зеңбіректерімнің снаряттары талай ДОТ-тың үнін өшіріп, жаудың талай пулеметін көкке ұшырды. Біз оларды өлтірмесек, олар бізді өлтіретін еді. Ал жаңа туған жас сәбидің не жазығы бар? Шаранасы кеппеген, соншалық бейкүнә, қорғансыз, көзін де ашып, дүниеге қарап үлгермеген, тілі де, аяғы да шықпаған сәбиді, өз қанынан жаралып, өз ішінен шыққан сәбиді өз қолымен өлтірген кісіні қыз болсын, кім болса ол болсын, барып тұрған жауыз, жендет деп бағалау керек! Ол ешкімге адал жар болып та жарытпайды. Мұның бәрі сезім мен сана туралы сөзден шығып кетіп жатыр ғой. Әсіресе, қыздар сезімін шынжырлап ұстауы керек. Шынжырлап! Сонда құмарпаз жігіттер ештеңе істей алмайды. Ештеңе! Сонда жетім бала тумайды, сорлы сәбилер көбеймейді. Сонда адамдық арға ешқандай қылау түспейді.
Сезімді санаға бағындырудың бір керегі осы!
28.Ең қымбат көретін, қимайтын нәрсеңіз не?
— Егер өлсем, артымда қалдыруға қимайтын екі нәрсем бар еді. Бірі жан жарым Халима да, екіншісі — екеуміз жинаған кітаптар болатын. Халима мені өкіндірмейін дегендей, ол дүниеге менен бұрын аттанып кетті. Енді қимас кітаптарым ғана қалды. Солардың ішінде Халима Алматының Никольск базарынан біреудің қолынан сатып әкелген, 1947 жылы шыққан (біз сол жылы үйленгенбіз) Джордж Сандтың екі томдық "Консуэло" кітабы бар. Бұл екі томды 160 сомға сатып алғанбыз. Менің кітаптарымның төлбасы ол екі кітап кітапханамдағы кітаптардың ең алдында тұр. Кейде сол екі кітапты қолыма алып сипаймын. Асыл жарымның алақанының жылуын іздегендей боламын. Сол сәтте мөлтілдеп, екі көзіме жас келеді.
29.Сіз 80-ге келдіңіз, қартайдыңыз ғой. Кәрілік қандай болады екен?
—Кәрілік адамды — аяқтан, белден, беттен, көзден, құлақтан алады екен. Аяқ әлсіреп, бел майысып, бет быжырайып, көз көмескіленіп, құлақ тосаң тартады екен. Кәріліктің бұл белгісін бастан кешіру де бақыт екен! "Сонда, кәрінің қартаймайтын ештеңесі жоқ па?" деп ойлайсыңдар ғой. Жоқ емес, бар екен. Ол — қартаймайтын мықты көңіл екен. Кәрі болсаң да сүйгің, сүйсінгің, сүйкенгің келеді. Тым болмаса, бір сипасам екен дейсің! Одан өзге, айтқың, жазғың, жарияланғың, радиодан сөйлеп, теледидардан көрінгің келетіні тағы бар. Бірақ, көңілдің бұл тілектеріне өмір ерік бере бермейді. Әрине, бұл әзіл ғой. Ал, қартайғаныма қарамастан, маған газеттер мақала жаздырып, мектептер мен кітапханалар, институттар мен университеттер кездесуге шақырып, радио ай сайын сөйлетіп, теледидар күнара көрсетіп жатады. Жастарға білгеніңді айтып, өнеге үйреткің келеді. Соған қарағанда мен әлі қартая қоймаған болуым керек деп ойлаймын (әзіл). Ал ана сүю, сүйсіну жағына қол жетпейтін көрінеді. Жас әйелдер шалға қарамайды, ал кемпірлер аяқтарын жоғары көтере алмайды. Сөйтіп жүріп әжім-әжім беттерінен сүйейін десең бұлданады кеп! (бұл да әзіл).
—Сонымен бірге қайта-қайта телефон соғатын кемпірлер де бар. (Бұл шын).
—Айтпақшы, бір әйел өзінің аты-жөнін, қайдан келгенін, жасының 27-де екенін айтып, "Сізбен жеке сөйлескім келеді, бүгін қабылдайсыз ба?" — деді.
—Бүгін қолым босамай жатыр, ертең хабарласыңыз, — дедім жайымды айтып. Әйел "жарайды" деді. Бірақ, ертеңінде де, одан кейін де хабарласпай кетті. Одан бері үш ай өтті. Тегі сол кісі осыдан ештеңе шықпас деп менен күдер үзген болуы керек. Одан басқа тағы бір әйел телефон соқты. Оны да айта кетейін. Былтыр Қ. облысынан.
—Өзім өте сұлумын. Бұрын үлкен қызметте болдым. Қазір жалғызбын. Өмірім өте қызық. Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов, Сіз үшеуіңіздің біріңіз жазсаңыздар тамаша роман шығар еді. Келесіз бе? — деді.
Мен сырқат екенімді, жаңа роман жазуға көп күш, қуат, қайрат керек екенін айттым.
—Оған менің күйім келмес, — дедім.
—Ойланыңыз, тағы да телефон соғамын, — деді бейтаныс әйел. Бірнеше күннен кейін ол әйел тағы да телефон соқты.
—Ойландыңыз ба? – деді. Мен өткен жолғы жауабымды қайталадым. Одан кейін ол кісі хабарласқан жоқ. Басқа автор тапқан болуы керек. Менің кітабымды оқыған кейбір әйелдер мені әйелқұмар екен деп ойлайды. Ал менің бөтен әйелдің етегін ашып көрмегенімді, бір бөлмеде оңаша жатқан әйелдің жанына жақын бара алмайтынымды қайдан білсін? Қазақта "Шөккен түйеге міне алмайтын жаман" деген сөз тіркесі бар. Сол тіркес маған да арналып айтылған шығар деп ойлаймын. Менің "жаман" болатын себебім не? Ол менің ҰЯТ деген сөзді өте жоғары бағалайтыным болуы керек. Мен ҰЯТ дегенді – ұлы күш деп санаймын. Адамшылдықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұрықары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. ҰЯТ ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАСИЕТ! Ұяттыға иман ұялайды, ұятсызды қылмыс қуалайды. Мен:
—Өтірік айтуға ұяламын.
—Айтқан уәдемді орындамауға ұяламын.
—Орынсыз жерде артық сөз сөйлеуге ұяламын.
—Өз кітабымды және өзімді мақтауға ұяламын.
—Трамвай, троллейбуста қарттар түрегеп тұрғанда, жастардың орын бермей, шіреніп отырғандарын көргенде ұяламын.
—Кейбір қазақ жастарының асыл ана тілін ардақтамайтынына ұяламын.
—Біреудің әйеліне құмарлана қарауға ұяламын. Сол себептен де қызу науқан кездерінде, іссапарға барған аудандарымда (мен ұзақ жылдар журналист болдым ғой) күйеулері шаруа қамымен шапқылап кетіп, үйінде оңаша қалғанымда бір де бір досымның, жолдасымның, таныс-бейтанысымның әйелінің төсегін жағалаған емеспін. Сондықтан да, кейбіреулер тәрізді қара бет болмай, жора- жолдастарымның бетіне тура қараумен болдым. Әрине, жас жігіт пен жас әйелдің бір үйде оңаша қалып, қыбыр етпей жатуы қиын да. Әйелдер шыдайды да, бірақ еркекке қиын шаруа. Халық әндерінің бірінде мынадай екі жол бар:
"Ұзақ таңға ер жігіт қайтып шыдар,
Сары майдай толықсып қыз жатқанда" — деген. Қиын жағдай. бірақ, ұятты ұран етіп өскен жігіт мұндай қиындықтан да құтылады екен. Мен:
— Біреудің сырын сыртқа шашуға ұяламын.
Досыма да, қасыма ауыр сөз айтуға ұяламын.
Үлкенге де, кішіге де (әсіресе үлкендерге) "Сен" деп сөйлесуге ұяламын.
Әлдекімге жағынып, жағымпаздық жасауға ұяламын.
Жұмыссыз бес минут отыруға ұяламын.
Кімге болса да қолымнан келген жақсылықты жасамауға ұяламын.
Кісі нәрсесіне қызығуға, біреуден бірнәрсені тегін алуға ұяламын.
Сөйлеп тұрған кісінің сөзін бөлуге ұяламын оны ақырына дейін мұқият тыңдауға тырысамын. Мүмкіндік болса, өз ойымды ол кісі сөйлеп болғаннан кейін айтамын. Мүмкіндік болмаса, үн-түнсіз қала беремін. Өңештемеймін. Өкпелемеймін. Біреуден бірдеңе сұрап, қол созуға ұяламын ешкімнен ештеңе дәметпеймін. Қоғамдық орындарда (емхана мен ауруханада, азық-түлік дүкендерінде, поштада, әртүрлі кассалар алдында) шіретте тұрмай, "Мен ардагермін!" деп жұртты кимелеп, алға қарай ұмтылуға ұяламын. Мен барлық жастарды ұятты болуға шақырамын.
—Ұяты бар адамдарды ардақтай білуге шақырамын.
—Сексқұмарлыққа емес, эротикалық ұстамдылыққа шақырамын. Маған қойылған сұрақтар бітті. Ен соңында сіздерге айтарым:
—Адам рухының ұлы күші МАХАББАТ жасасын!
—Шала махаббат емес, мәңгілік махаббат болсын!
—Махаббаттың мәңгілік иесі жастар жасасын! — деймін.
—Ұлдар! Қыздарды құрметтеңдер, аялаңдар, ардақтаңдар. Олар: ұлт ұрпағының анасы, алғы ұрпақтарының әжесі. Адамзат өмірінің алтын күні әйел! Жер бетіндегі жалғыз күн әйел! Көктегі күн болмаса, жер көктемейді. Жердегі күн — әйел болмаса, адамзат өркендемейді.
—Қыздар! — Ұлдарды құрметтеңдер, қошеметтеңдер. Олардың әрбір сөзіне жымия жауап беріңдер. Оғаш қылығы болса, ашуланбай, ақылмен айтып түсіндіріңдер. Өйткені ерден айырылған ұлттың өмірі — қараң! Тіршілігі — тұман! Сол Отанды жаудан қорғайтын жандарында жүрген жігіттер. Олар бүгін — студент, ертең — солдат. Олармен дос, сыйлас, сырлас болып өсіңдер. Ертең Отан қорғап жүргенде олар сендерді сағынатын болсын. Сендер үшін, туған жер мен ел үшін Отан қорғау жолында жандарын да аямайтын ерен Ер, қаһарлы Қаһарман, жалынды жауынгер болсын! Мен өзіме келген сұрақтардың барлығына жауап беріп біттім. Енді өздеріңнің өзге сұрақтарың болса, жауап беруге әзірмін.
Залдан бірінші сұрақ. Қазір Ботагөз қайда ? Кейіпкеріңіз ғой? —Білмеймін. Баяғыда бір Қарағандыда екен деп естіп едім. Қарағандыға мен бір-ақ рет бардым. Сәлем берейін деп, сұрастырып едім. Ботагөзді ешкім білмеді.
Екінші сұрақ. "Ақиқат пен аңыз" кейіпкерлерінен кіммен байланысыңыз бар ?
—Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжанмен тығыз байланыстамын.. Ол әкесі туралы романың екінші кітабын жазып бітірді. Қазір үшінші кітабын жазып жатыр. Үшінші кітаптың бір тарауы әкесінің досы маған арналғанын айтты.
Үшінші сұрақ. Халима апай туралы кітабыңызды қашан шығарасыз ?
—Бұйырса, алдағы жылы шығып қалар.
Төртінші сұрақ. Демеушіңіз кім ?—Нұртай. Нұртай Сабильянов ғажап адам! Ғажап азамат!
Бесінші сұрақ. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің "Ақиқат пен аңызды " да қайта шығарып беремін " дегені де рас па ?—Рас. "Алдымен 10 мың дана болып шыққан "Махаббат, қызық мол жылдар" тегіс таратылып бітуі керек. "Ақиқат пен аңызды" содан кейін колға алармын", — деген Мұхтар.
Алтыншы сұрақ. Осындай демеушілер жазушылардың барлығында бар ма ?
—Бір сыпырасында болу керек. Бірақ, қазір демеушілер ақындарды емес, әкімдерді демегіш болып кетті ғой.
Сегізінші сұрақ. Шарап пен темекіге қалайсыз?
—Кешегі Ұлы Отан соғысында жүргенде арақ та ішкенім жоқ, темекі де тартқаным жоқ. Менің сыбағамды солдаттарым бөлісіп алатын. Соғыстан келгеннен кейін төрт жыл студент болдым. Онда да ол екеуін аузыма алған емеспін. Қызмет істеп жүрген кезде аздап арақ іштім. Күні бүгінгі дейін темекі тартпаймын. Арақ қалғалы да әлдеқашан! Менің анық білетінім: арақ ішпеген — азбайды, темекі тартпаған тозбайды. Әсіресе, жастар бұл екі пәледен аулақ болулары керек!
Тоғызыншы сұрақ. Ғашық болған қыздарыңыздың суреттерін сақтай алдыңыз ба? Бар ма?
—Бар.
Оныншы сұрақ. Әйеліңіз қалай ол суреттерді сақтауға жол берді? Қалай жыртып тастамады немесе отқа салып өртеп жібермеді?
—Менің бірінші ғашығым әйелімнің қыз күні қимас досы болатын. Екіншісі өзі ғой. Одан басқа "Махаббат, қызық мол жылдар" романындағы кейіпкер қыздардың (Майраның, Меңтайдың, Тананың) суреттері бар еді. Үйленгеннен кейін әйелімнен ол суреттерді сақтауға рұқсат сұрадым.
—Оның несін сұрайсың, сақта деді әйелім күліп. — Пушкиннің ғашық болған, хат жазған, көзі түскен әйелдерінің бәрінін суреттерін сақтаған ғой Наталья. (Н.Н.Гончарова— А.С. Пушкиннің әйелі). Наталья ақылды әйел болған. Ондай болмасақ та, Абай атамыз айтқандай, ұқсап бақпаймыз ба апамызға! Айтпақшы, Абай сүйген қыздарының суреттерін сақтамағанымен (ол кезде сурет те болған жоқ қой), олардың бәрінін бейнесін өлеңдерінде қалдырып кетті емес пе? (Әйелім Пушкин пен Абайдың көп өлеңдерін жатқа білетін еді).
—Мен Пушкин де, Абай да емеспін ғой, — дедім мен әйеліме ризалықпен күлімсірей қарап.
—Болмасаң да ұқсап бақпайсың ба? Ал мен Наталья Николаевнаға ұқсауға тырысайын. Осылай деп ол кісі менің бұрынғы ғашықтарымның суреттерінің бәрін қастерлеп, жинап қойды. Қазір сол қалпында сақтаулы тұр.
Соңғы сұрақ. Халима апайымыздың өзге әйелдерге үлгі боларлық басқа да кішіпейілдігі туралы айтсаңыз екен
—Халима апайларыңның үлгі болмайтын ісі жоқ еді. Бәрін айтсам "Джен Эйр" немесе "Консуэло" сияқты үлкен роман болар еді. Тек кішпейілділігінің үш түрін ғана айтайын. Мен жаңа кітап жазған кезде әр нәрсенің жайын сұрап, Халимамен ақылдасып отыратынмын. Жазып болғаннан кейін, сол кітапқа қойсам ба деген тақырыптарды тізіп, Халимаға көрсететінмін. Халима осы лайық деген атты кітабыма қоятынмын. Одан кейін әр жаңа кітапты кімге арнау керектігін кеңесетінбіз. "Махаббат, қызық мол жылдар" деген алғашқы романымды жаздым. Оны бітірген соң:
—Осы кітапты саған арнайын, — дедім Халимаға. Ол басын шайқады. Содан соң:
—Бұл алғашқы романыңды маған емес, өзіңді сонау Павлодарда жүргенде қолыңнан жетектеп әкеп, әдебиет сарайына кіргізген ұстазың Мұқан ағаңа арна. Егер Мұқан ағаң болмаса, сен жазушы емес, көп журналистердің бірі болып қалатын едің ғой, деді. Сондықтан ол кітабыма мынадай арнау сөз жаздым: Бұл кітабымды жас ғұмырдың жыршысы және жас қаламгердің жанашыр қамқоршысы, жалықпас ұстазы болған жазушы, марқам Мұқан Иманжановқа арнаймын. АВТОР. (1970)
Осы арнаумен бұл кітап отыз жылдан аса уақыт бойына үздіксіз қайта басылып, оқырмандар қолына тарап келе жатыр. II"Ақиқат пен аңыз" деген екінші романымды бітіргенде:
—Сен де Ұлы Отан соғысына қатыстың ғой. Осы роман-диалогты саған арнайын, —дедім Халимаға. Ол тағы да басын шайқады.
—Сені өмірге әкелген әкең — менің қайын атам мен ол кісінің інісі — өз ағаң сол соғыста опат болды. Сондықтан бұл романыңды сен маған емес, менің сол екі қайын атама арна, — деді содан соң.
Мен әйелімнің айтқанын жөн көрдім. Сондықтан ол романымның ең жоғарғы жағына мынадай арнау қойып шығардым: Бұл еңбегімді бұрынғы "Ақбұзау" колхозының арыс азаматтары, оның алғашқы ұйымдастырушылары, қос коммунист, ағайынды Амангелдиндер — Нұршайық пен Ниғап, сендерге арнаймын. Ардақты әкем, сен 1943 жылдың күзінде Украинада опат болдың. Сол жылдың көктемінде Ленинград қоршауында сен қаза таптың, аяулы ағатайым. Ол кезде басқа майданда жүрген мен қатарыңда бола алмадым, қолымнан топырақ сала алмадым сендерге. Күні бүгінге дейін бейіттеріңнің қайда екенін білмеймін. Бірақ, неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқандарыңды, туысқандар моласында жатқандарыңды білемін. Осы кітап екеуіңнің басыңа орнатқан ескерткішім болсын, Ұлы Отан соғысының қарапайым қос жауынгері! Сендерге салған топырағым, бастарыңа көтерген күмбезім болсын, әкеммен, бауырыммен құшақтасып жатқан барлық белгісіз солдаттар. АВТОР. (1976)
XX ғасырда бірнеше дүркін қайта басылып шыққан бұл кітап XXI ғасырдың басында және бір рет басылып шықты. III Ол екі романнан кейін "Өмір өрнектері" деген тағы бір үлкен кітап жазып бітірдім. —Кейбір басқа жазушылар өз кітаптарын әйелдеріне арнап жатады. Енді мен осы кітабымды саған арнаймын, — дедім Халимаға кітабымның ақырғы нүктесін қойғаннан кейін. Халима біраз ойланып алды. Содан кейін.
—Жоқ, өйтпе. Сен бірнеше рет инфаркт болдың. Өлім халінде жаттың. Сонда сені ажалмен алысып, аман сақтап қалған дәрігерлер болатын. Бұл кітабыңды сол дәрігерлерге арна, — деді ол сабырлы түрде. Шыққаннан кейін бір-бір данасын, қолыңды қойып, сол кісілерге сыйла. Біз сәл ауырсақ дәрігерлерге жүгіреміз. Тәуір болсақ, оларды ұмытып кетеміз. Өз аттары жазылған кітапты сыйлау оларға үлкен ескерткіш болады. Кейін өз еңбектерінің жемісі ретінде балаларына да көрсетіп жүреді. Солай ет. Орынды сөзге қалай көнбессің! Солай еттім! "Өмір өрнектеріне" жазған ол арнауым мынадай болып шықты: Бұл кітабымды мені ажалдан арашалап, аман алып қалған қымбатты дәрігерлерім Антонина Ивановна Максимоваға, Екатерина Шаймажанқызы Батырғожинаға, Жамал Төлебайқызы Қамшыбаеваға, Нина Алексеевна Бойковаға, Гүлзада Мүкеевна Көшімбаеваға, Әлихан Қазақбайұлы Жүсіповке, Марат Әбдірахманұлы Баязитовке және Мұхтар Айтқазинге шын жүректен арнаймын. Осы арнау арқылы басқа да барлық ақ желеңді абзал жандарға шексіз алғысымды жолдаймын. АВТОР. (1987 ж., 2000 ж.)
Басқа әйелдерге жазушы күйеулері осылай ұсыныс жасаса, ешқайсысы бас тартпас еді. Қайта:
—Арнасаң арна. Мен кітап арнауға тұрмаймын ба?— деп шап ете түсер еді. Ал Халима басын шайқайтын. Бұл да оның кішіпейілділігінің белгісі еді.
***
Менің ақылшы дос, асыл жарым Халима өмірден өтіп кетті. Енді жаңа кітабымның атын қалай қоюды, оны кімге арнауымды ақылдасатын ешкім жоқ. Сондықтан қазір жазып жатқан жаңа кітабыма өзімше "Мәңгілік махаббат жыры" деген ат қойдым. Бұл кітабым тұтасымен Халима туралы. Оған өз бетімше мынадай арнау жасадым:
ХАЛИМАҒА
Қасиеттеп, құрметтеп, Сенің махаббатыңды. Ұрпаққа үлгі болсын деп, Алашқа жайдым атыңды. Сенің Әзілханың.
Егер Халима тірі болса, менің бұл арнауыма қарсы болар еді.
—Мені кітапқа кіргізбе: өз әйелі туралы кітап жазған жазушы жоқ. Ұят болады. Ұят, дер еді, "Ұят" деген сөзді екі-үш рет қайталап. Егер мен:
—Жазылып қойған дүниемді қалай жоямын?—деп қиналсам, онда Халима:
—Ендеше менің атымды Хадиша, өз атынды Әділхан немесе Әбілхан деп өзгерт. Басқа барлық таныс адамдардың аттарын ауыстыр. Сонда деректі дүние емес, идеядан туған көркем шығарма болып шығады, — дер еді. Енді маған олай деп ақыл айтатын Халима жоқ қасымда. Сондықтан бұл кітаптың арнауын өзім ойлаған қалпында қалдырдым. Бұлай еткенім үшін, аруағыңнан айналайын, қымбатты Халиманың рухынан кешірім сұраймын.
Жүргізуші. (Тарих факультетінің деканы, профессор Сайын Борбасов). Біз өмірімізде
мұндай қызықты кездесу көрген емеспіз. Мың рахмет, Әз аға Сізге! Солай ма, балалар?
Дауыстар. Солай! Солай! Декан. Ризасыңдар ма? Дауыстар. Ризамыз. Өте ризамыз!
(Бұл кездесу 2002 жылдың 5-ші желтоқсанында Абай атындағы Алматы Мемлекеттікпедагогикалық университетінің тарих факультетінде өтті. Басқа факультеттің де
студеттері қатысты).("Жас алаш " газеті, 2003 жылғы 15 ақпан, №20
және 18 ақпан, №21)

Приложенные файлы

  • docx 10845640
    Размер файла: 221 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий