гуф срс деонтология-1


Медициналық деонтология дамудың ұзақ та күрделі жолынан өтті. Оның тарихы жарқын, талайлы оқиғалар мен деректерге де толы. Деонтологияның бастауы ежелгі кезеңнен басталады. Өзінің жақынына көмек көрсеткен алғашқы адам оны бақытсыздықтан құтқаруға ұмтылу сезімімен, аяныш сезімімен, жарасын жеңілдетсем деген ниетпен, басқаша айтқанда, адамгершілікпен жасаған. Медицинаның және оның басты өкілі — дәрігердің ерекшелігі адамгершілік, адам баласын аяушылық болып келгенін дәлелдеп жатудың қажеті бола қояр ма екен?! Алғаш рет Гиппократ өзінің атақты «антында» дәрігер ұстанымының моральдық-этикалық және адамгершілік нормаларын белгіледі. Гиппократтың ұлылығы бәрінен бұрын адамгершілікті алға шығаруында, ол адамды табиғаттың тәжі деп санады. Деонтология ұғымын ХІХ ғасырдың басында ағылшын философы Иеремия Бентам дәрігердің кәсіби ұстанымы туралы шарт ретінде дағдыға енгізді.
Деонтология — өз өмірін ең игілікті іске — адам денсаулығына қамқорлық жасауға өзін арнаған дәрігердің моральдық, этикалық және зиялылық бейнесі, дәрігер мен сырқаттың, оның туыстарының арасындағы өзара байланыстың қандай болуы керектігі туралы ғылым. Негізінде деонтология этикамен берік байланысқан. Бұл түсінікті де, өйткені парыз, әділеттілік, ар-ұят пен иман, жақсылық пен жамандық туралы ұғым, ақырында бақыт пен өмірдің мәнінің өзі этикалық категориялар. Белгілі бір деонтологиялық нормалар мен ережелер әрине, басқа да мамандықтарға тән. Алайда, сөздің тура мағынасында алғанда, адам өмірі мен өлімін «қолында ұстап тұратын» және қоғам мен отбасындағы қатынастармен, жеке адами, рухани, адамгершілік ұғымдарымен тікелей байланысты медицина, дәрігерлік секілді адам қызметінің түрін табу қиын. Дәрігердің сырқатпен қарым-қатынасы олардың алғашқы кездесуінен, кейде тіпті одан да ертерек, емделушінің медициналық құжаттарымен алдын-ала танысудан басталады, осы сәттен деонтологиялық талаптар күшіне енеді. Адам — әлемдегі барлық құндылықтардың ішіндегі ең жоғарғысы — медициналық деонтологияның маңызды принципі, гуманизмнің принципі осындай. Дәрігерге сырқатқа адами қатынас, риясыздық, әділдік, білімдарлық, қарапайымдылық, еңбек сүйгіштік, мәдениеттілік, көпшілдік, қоғамдық өмірге қатысу, Отанға сүйіспеншілік пен өз білімін ұдайы жетілдіру қасиеттері тән болуға тиіс. Тарих адамзаттың прогрессивті ыңғайдағы бөлігі үшін, аталған принциптердің кемшіндігіне қатысты барлық қиындықтарға қарамастан, гуманистік ағымдар ылғи да қолдау мен түсіністік тауып келе жатқандығын растайды.
Бүкіләлемдік Медицина ассоциациясы Бас ассамблеясы қабылдаған Женева декларациясында былай делінеді: «Медициналық мамандық өкілі бола отырып, мен өз өмірімді адамзатқа қызмет етуге арнауға салтанатты түрде ант етемін. Мен өз қызметіммен ар-ұятыммен және лайықты түрде шұғылданатын боламын. Менің негізгі міндетім пациенттердің денсаулығы болмақ. Маған сенім білдірілген құпияларға құрметпен қарайтын боламын. Мен медициналық мамандықтың ізгі дәстүрлері мен ар-ұятын барлық күшіммен ұстанатын боламын. Мен діннің, ұлтшылдықтың, нәсілшілдіктің, саясат пен әлеуметтік жағдайлардың менің парызымды орындауға ықпал етуіне мүмкіндік бермеймін. Адамшылық заңдарына қарама-қайшылықта медицина саласындағы менің білімімді пайдаланбау қаупіне қарамастан, адамның пайда болу сәтінен бастап оның өміріне жоғары құрмет сезімін ұстанатын боламын. Мен бұл сертімді салтанатты түрде, шын жүректен және таза ар-ұятыммен беремін». Дәрігер сырқат адамға емдеудің қандай да бір әдісін, тіпті қауіпті, тәуекелді жолын немесе жаңа операцияны ұсынғанда, осы әдісті өзіне немесе жақын адамдарына да қолдана алатындай адамгершілік ережесін ылғи да есте сақтауы қажет.Өмір бір орында тұрмайды, ол медицинаға, дәрігерлерге барған сайын жаңа талаптар қоя береді. Медицина ғылымының жетістіктері мен соңғы он жылдықтар практикасы адам өмірі үшін күресте дәрігерлердің мүмкіндіктерін көтерді, бүгінде осыдан жиырма жыл бұрынғы үмітсіз деп саналатын көптеген сырқаттарды, оның ішінде клиникалық өлім жағдайында тұрғандарды да құтқаруға жол ашылды. Адам өмірі үшін күресте қазіргі уақытта дәрігерлердің мүмкіндік аймағы бұрынғы жасанды демалдыру мен жүректі уқалаудан жасанды қан айналымы, гипербориялық оксидинация органдарын алмастыруға дейін жетті.Медицинаның қандай да жетістіктерін қолдану күрделі материалдық шығындармен байланысты болады, оның үстіне ауыр сырқаттардың барлығын бірдей заманауи әдістердің көмегімен құтқарудың сәті түсе бермейді. Бірақ адам өмірі қасиетті болғандықтан, дәрігерлер ол үшін соңғы минутқа дейін күресуге тиісті. «Үмітсіз» сырқат деп аталатындардың дәрігерлік табандылық, төзімділік, емдеушінің нағыз ерлігі нәтижесінде толыққанды өмірге қайта оралған жағдайлары да аз емес. Адамды сүю парызы дәрігерден әрбір сырқат үшін, тіпті оның әр сағат өмірі үшін шексіз берілгендікпен күресуді талап етеді. Дәрігер халықтың өзі арқылы дерттен құтқарушы бар екендігін көруі тиістігін, сондай-ақ әр адам қандай ауыр жағдайға ұшырағанда да медицина мүмкін болғанның бәрін жасайтындығын білуі тиіс.
Дертті емес, сырқатты емде!
Дертті емес, сырқат адамды емдеу — медицинаның негізгі принциптерінің бірі. Деонтология мен этика принциптерін сақтамай ақиқат ем жүргізу мүмкін емес. Дәрігер «психологиялық кері байланыс» принципі бойынша өз әрекеттері мен ұстанымын бақылауы тиіс және сырқат адамның сәл ғана қас-қабағы қимылынан ахуалды жедел бағамдап, емдеу тактикасын дұрыс қалыптауға міндетті. Ғылыми-техникалық прогресс дәуірінде сыртқы ортамен адамның өзара әрекетінің кең ауқымдылығы адам және оның денсаулығы байланысының да тереңдігін көрсетті. Қазір денсаулық өлшемдерінің деңгейіндегі ғылыми-техникалық прогресс салдарларын кешенді бағалауды тек медицина ғана жүргізеді, сырқаттардың алдын алуды қамти отырып, тұтас аймақтарды, халықты сауықтыру жоспарларын жасайды, яғни басты орынға адамды шығарады. Адамзат қызметі мен білімнің барлық салаларына деонтологияның ықпал етуінің заңды түрдегі өрістеуі жүріп жатыр, бүгінгі деонтологияның басты нысанасы — сырқаттар ғана емес, дені сау жұртшылық. Осыған ыңғайлас ойды біз Гиппократтан табамыз, ол медицинаның бүкіл даналығы — ақшаға жеке көре қараушылық, ар-намыстылық, қарапайымдылық, сыпайылық, киім киюдегі ынсаптылық, құрмет көрсету, шешімділік, тазалық, ой молшылығы, өмір үшін қажет пен пайдалы атаулының барлығын білуі, ырымшылдық пен қорқынышты теріске шығару — дәрігердің қаруы болуы тиіс дегенді жазады. Гуманизм мен көзқарас ауқымының кеңдігі дәрігерлік қызметте көп ғасырлық тексеруден өтті. Дәрігер өз әрекеті мен өзін ұстауын «психологиялық кері байланыс» принципі бойынша бақылап, сырқат адамның кішкене де болса ниет білдіруін жедел түрде бағалап, дұрыс түзетулер енгізуі дұрыс. Медициналық техниканы дәрігерлік ойлауға, оның тәжірибесі мен сырқатқа психологиялық ұстанымына, оның рухани қалпына, жеке басының ерекшеліктеріне қарсы қоюға болмайды. Дәрігер қызметінің барлық тұстары, сөзсіз, әрбір сырқат адамның қайталанбайтын, жеке даралығымен байланысты, мұның өзі әр ретте де олармен өзара қарым-қатынасты жаңаша құруға итермелейді. Басқа ешқандай мамандықтарға тән емес қоғамдық қайраткер және азамат болып табылатын дәрігер-маманды қалыптастырудың ерекше күрделілігінің өзі осында, ол дәрігерден ауқымды білімділікті, жоғары жеке бас мәдениетін талап етеді. Бүгінгі күні өсіп келе жатқан бозбала мен бойжеткен өзінің ғұмырын медицинаға бағыштай отырып, мынаны айқын сезінуі тиіс: оның бойында осы мамандыққа икемділік бар ма, олардың әрқайсысы дәрігер болып қызмет атқара ала ма? Жас талап бұл қадамға бармас бұрын өзіне «сырттан көз салып», өзіне-өзі мынадай сауал қойып, оған толық айқындылықпен жауап беруі тиіс: мейлінше қысталаң жағдайда жақын адамға көмек көрсетуге ұмтылыс секілді қасиеттер менде бар ма, әрқашан да пайдалы болуға дайынмын ба, қоғамдық мүддені жеке бас мүддесінен жоғары қоя аламын ба? Егер бұл қасиеттер ішкі қажеттілікке айналса, онда дәрігер мамандығына бейімділік бар деп ойлауға болар. Егер жоғарыда баяндалған қасиеттер болмаса, поэзия мен сахналық өмірге үйрену мүмкін еместігі секілді медицинаға да, яғни дәрігерлікке келу қиын болары анық. Әрбір адамның, оның ішінде сырқат жанның ұғымында дәрігер жалпы адамға тән барлық жақсы қасиеттерді алып жүруші болып табылатындығы ақиқат нәрсе, сондықтан да одан сол құбылыстардың көрініс табуын күтуі де заңдылық. Дәрігер парызы, оның міндеті зардап шегуші адамның, сырқаттың мүддесін өзінікінен де жоғары қоюға жетелейді. Сырқат адам дәрігерге келгеннен кейін оған сенеді, ешкімге, ең жақынына да ашпайтын сырын ақтарылып, бөліседі. Бұны ылғи да есте ұстап, түсініп, бағалау қажет. Өзге адамның күйзелістеріне дендеп еніп, оған жанашырлық таныту үшін дәрігер үлкен рухани күшке ие болуы тиіс. Дәрігерге сырқатпен салқынқанды, ресми сауалнама жүргізумен бірге, шыдамдылықпен және қиындығына ортақтаса, достық рәуіште әңгімелескені жөн. Белгілі орыс дәрігер-ғалымы С. М. Боткин дәрігер адал дос ретінде сырқатты мұқият тыңдап, оның барлық қасіретін біліп, оларды жоюға көмектесуі, рухын көтеріп, оның тәнін сауықтыруы керек деп санады. Дәрігер бұнымен ауруды «еркелетпейді», тек қана өзінің қасиетті парызын орындайтындығын білуі керек. Дәрігерге пациенттер көбінесе сырқаттанудың негізгі себебі болып табылатын отбасылық, қызметтік және кәсіби тіршіліктегі өз қиындықтарын шешуге көмек сұрап келеді. Әрине, дәрігерге моральдық жауапкершілікті мойынға алу қиын, дегенмен ол кейде жағдайды біліктілікпен талдауға, өте сақтықпен кеңес беруге міндетті де.
Дәрігер сырқат адам үшін бедел иесі және әлеуметтік өмір мәселелерінде ғана емес, саясатта да ақпарат көзі болуы тиіс. Қазіргі заманғы жағдайда қоғамдық өмірдегі дәрігердің жеке тұлғалық рөлі сөзсіз өсе түсуде. Осыған байланысты адамның дәрігерлік қызметке жарамдылығы көрсеткіштері, кәсіби іріктеу үлкен мәнге ие. Медициналық білім басқаларына қарағанда мейлінше кең ауқымды, сондай-ақ дәрігер де орта медицина қызметкері секілді қай уақытта да неғұрлым ауқымды немесе бір саланы ғана таңдай алады. Дәрігердің жұмысында ұсақ-түйек деген болмайды. Дәрігердің сырт бейнесін емделушілер тиісті түрде қабылдайды. Үстіндегі халаттың кірлеуі мен тұла-бойдағы кез-келген күтімсіздік, сөз жоқ дәрігерге бедел әкелмейді. Бұл ең алдымен этикалық нормаларға қайшы келеді, сырқаттың дәрігерге деген сеніміне кіреуке түсіреді. Өмір дәрігерге бүкіл ғұмырында және практикалық қызметінде елеулі талаптар қояды, сондай-ақ оның еңбегін ерліке пара-пар етеді. Шынында да, дәрігер мамандығы — ерлікке тең. Ол жанқиярлықты, жан тазалығы мен діл ұлылығын талап етеді. Бұған кез келген адам қабілетті бола бермейді. Кез келген дәрігердің моральдық тұрғыдан таза бола бермейтінін де байқап қаламыз. Дәрігердің сырқаттың көз алдында бедел иесі болуы керектігіне дау жоқ. Дәрігер беделі терең кәсіби білім, сырқат адамның жеке басы ерекшеліктерін ұғына білу, оның жан азабы мен күйзелістеріне ене білу, емделушімен сыпайы тіл қатысу, неғұрлым тезірек және мүмкіндігінше толық сауығып шығуына қол жеткізу секілді жағдайлардан қалыптасады. Дәрігердің міндеттерінің бірі — өз қадір-қасиеті мен ар-ожданын биік ұстау, бұл оған деген сенім мен құрмет ахуалын орнатады. Рас, ол сырқатқа көмек көрсете отырып, кейде жекелеген емделушілер мен олардың туыстары тарапынан негізсіз талаптарды, ренішті сөздер мен бопсалауды да тыңдауына тура келеді. Кез келген дерлік басқа мамандық иелері мұндайда ондай сөз иесіне дөрекі жауап қайтарып, оған айқайлауына, тіпті бөлмеден қуып шығуына болады, ал дәрігердің қандай жағдайда да өзінің көңіл-күйі мен сезіміне ерік беріп, қызбалыққа салынуының жөні жоқ. Ол өзін-өзі ұстаудың, қадір-қасиет пен кәсіби парыздың үлгісі болуы тиіс, сырқат адамға қамқорлықпен, құрметпен қарауға міндетті, сондай-ақ өзіне сондай құрмет жасалуын күтуге де құқылы.
Маман дәрігер ретіндегі, рухани — әдептілік біліктілігінің маңызы өте жоғары. Келісіңізші, дәрігер алдындағы кез-келген биоэтикалық жағдай, науқаспен қарым- қатынастағы кез-келген психологиялық қиындық, кез-келген мамандыққа қатысты тапсырмалар бұл дәрігер мамандығының маңызды құрамдас бөлігінің бірі болып табылады.Қоғамдық көзқарастың маманы ретінде дәрігердің моральдық-этикалық бейнесін елестетіп көрейік. Дәрігерлік өнердің этикалық және деонталогиялық негіздерін тануға бағытталған ғылыми зерттеулер материалдары, негізінен қызметтік міндетіне қарай дәрігер-тұлғасының әдептілігін мінездейді.
Дәрігер, ерте заманнан бері келе жатқан, Ұлы Есім. Науқасқа ауруынан айықтыруға көмек беретін, емдейтін, қолдау көрсетіп, демеу беретін тұлға. Дәрігердің моральдық бейнесі әр түрлі болады яғни науқасқа зиян келтірмей, әділетсіздік жасамай барынша қандай жағдай болсада науқастардың өтінішін орындауға сондай–ақ олардың күтімін сақтау болып табылады. Моральдық бейне – бұл ішкі жан дүниесі, бет – бейнесі. Ал этика – үлгі өнеге және рухани тәрбие туралы ғылым, ол грек сөзі «etnos» — әдеп, мінез, өнеге деген мағынаны білдіреді, медициналық әдеп–кәсіби қызмет атқару кезінде әдеп сақтау принципін орындау болып табылады.
Дәрігердің моральдық –этикалық аспектілері:
— деонтология, этиканы әр кез сақтау; науқас абыройын құрметтеу; жауапкершілік; науқасқа зиян келтірмеу; жақсылық жасау; қайырымдылық, мейірімділік, әділдік принциптері; дәрігерлік құпияны қатаң сақтау; адам құқығын құрметтеу.Деонтология – дәрігердің өнеге, әдеп жиынтығының бірі. Әрбір медицина қызметкері науқаспен немесе оның туыстарымен қарым –қатынаста деонтологияны сақтау керек.Науқас абыройын құрметтеу — әрбір келген науқастың абыройын дәрігер әр кез құрметтеуі керек. Науқас абыройын төмендету адами құндылығын немесе өз абыройын төмендеткені болып табылады. Жауапкершілікті әрине әрбір дәрігер, сонымен бірге басқа да медицина қызметкерлері өз ісіне жауапты болуы керек. Науқасқа зиян келтірмеу – науқастың денсаулығына зиян әділетсіз болмау. Гиппократ анты бойынша «Науқасқа өз еркімен немесе дәрі беріп өлтіруден бас тартамын» деген сөзінен оның денсаулығына зиян келтірмеуін көруімізге болады.
Жақсылық жасау – дәрігер әр кез науқасқа жақсылық жасауға дайын болуы керек, яғни науқастың тезірек сауығып шығуына, аурудың алдын алуға жағдай жасауы. Қайырымдылық, мейірімділік, әділдік принциптері — дәрігер өз жұмысында осы принциптерді танытып, әр кез көмек көрсетуге дайын болуы.Қоғам мүшесі ретіндегі дәрігерге арналған моральдық ұйғарымдарды оқу көрсеткендей, әрбір тарихи кезен дәрігердің әдептілігіне өзінше моральдық-этикалық талаптар қойған. Қазіргі заманда дәрігердің әдептілігі жөніндегі қалыптасатын қоғамдық пікірге көп жағдайлар әсер етеді, олар: менталитет, адамдардың мәдени және этникалық ерекшеліктері, дәрігерлік өнерге деген ғасырлар бойы қалыптасқан сый мен құрмет, дәрігердің профессионалдық және психалогиялық-педагогикалық біліктілігі.
Барлық жоғарда айтылғандарды түйіндей келе,біздер әрбір тарихи кезенде, әрбір елде дәрігердің әдептілік және рухани бастауы жөнінде өз ойымызды қалыптасатынына көзіміз жетті. Бірақ, дәрігердің мамандандырылу денгейіне қарамастан,оның бойында адамшылықтың болуына деген талап өзгеріссіз қалады. Біз оқытушылар осы болашақ дәрігерлерді тек қана маман ретінде дайындап қана қоймай, оларға адамгершілік мәдениетін қалыптасуына жағдай жасап, үлес қосамыз.
Жоспар:
1.Деонтология туралы түсінік2. Дәрігердің этикасы туралы жалпы түсінік;
3. Қорытынды.Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Классическая медицинская этика. Амиров Н.Х. 2002г
2.Билибин Д.Ф. Горизонты деонтологии, Вести. АМН СССР, № 5, с. 35, 1979;
3.Грандо А.А. Врачебная этика и медицинская деонтология, Киев, 1988;
4.Сук И.С. Врачебная тайна, Киев, 1981;
5.Эльштейн Н.В. Диалог о медицине, Таллин, 1986.

Приложенные файлы

  • docx 10987651
    Размер файла: 27 kB Загрузок: 0

Добавить комментарий