күнбағыс реферат


ҚР Білім және Ғылым министрлігі
Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті Реферат
Тақырыбы: Күнбағыс, морфологиялық сипаттамалары,
өсіру ерекшеліктері.
Тексерген:Таженова А.
Орындаған:Олжабай Н.
Тобы:ЗР-207Қ

Алматы – 2017
Жоспар
I.Кіріспе
II.Негізгі бөлім
2.1. Күнбағыстың тарихы
2.2.Күнбағыстың морфологиялық ерекшелігі
2.3. Күнбағыстың биологиялық ерекшелігі
2.4. Күнбағысты өсіру технологиясы
2.5. Күнбағыс майының пайдасы мен зияны
2.6. Зиянкестері мен аурулары
Ғылыми ізденістер
III.Қорытынды
IV.Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Өсімдік шаруашылығы – ауыл шаруашылығының ең басты және маңызды саласы. Негізгі міндеті – өсімдік шаруашылығындағы өнімді шығару үшін мәдени өсімдіктерді өңдеу. Өсімдік шаруашылығынсыз адамзаттың толыққанды өмір сүруі мүмкін емес. Өсімдік өсірудің өзі тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығынсыз мал шаруашылығы да жүзеге аспайды, себебі өсімдіктерсіз малға азық болмайды. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығы өндірістің көптеген салаларын өсімдік шикізатымен қамтамасыз етеді, мысалы, тағамдық, аралас құрамды, фармацевтикалық, тоқымалық, парфюмерлік және тағы басқалары.
Өсімдік шаруашылығы егін шаруашылығы, жүзім шаруашылығы, орман шаруашылығы, шалғындық, гүл өсіру және жеміс өсіру сияқты кіші салаларды енгізеді.
Егіншілік – өсімдік шаруашылығының бір саласы, ол егістіктік бір жылдық жаздық және күздік дақылдарды өндіреді (дәндік, технологиялық—қант қызылшасы, зығыр, мақта және т.б. азықтық, картоп).
Көкөніс шаруашылығы – көкөніс өсімдіктерін өсірумен айналысатын ауыл шаруашылық саласы, оларға мысалы, бақшалық дақылдар – қарбыз, қауын, асқабақ жатады. Көкөніс шаруашылығы ашық немесе жабық жерлік болуы мүмкін, ол топырағына байланысты болады. Көкөніс шаруашылығының ашық түрінде көктемгі жазғы және күзгі мезгілдерде көкөністік дақылдарды өңдейді, жабық топырақта— маусымнан тыс кездері көкөністерді өсіреді, ол кезде климаттық жағдайлар бойынша егістіктерде көкөніс өнімін және ашық топырақ үшін көшетті екпелерді алу мүмкін болмайды.
Жеміс өсірушілік – өсімдік дақылдарын ерекшеленген жер массивтерінде және үлескі маңындағы жерлерде өсірумен айналысатын өсімдік шаруашылығының түрі. Мақсаты – жемістерді, жидектерді және жаңғақтарды алу. Жеміс өсіруге жатады: шемішкелік, сүйектік, жаңғақ жемісті дақылдарды өсіру, жидек өсіру, көшет шаруашылығы. Субтропикалық және цитрус шаруашылығы әдетте өсімдік өсірудің жекелеген салалары ретінде қарастырылады.
Жүзім өсіру - жүзімді өңдеу бойынша ауыл шаруашылығының саласы. Тұрғындарды піскен және кепкен жүзіммен, жүзім шарабын жасаушыларды шикізатпен қамтамасыз етеді. Жүзімнің шикізатын, сонымен бірге, консервілерді дайындау үшін де жабдықтайды.
Шалғындық - өсімдік өсірудің бір бөлігі ретіндегі ауыл шаруашылығының саласы. Шөптік ұнды, және де басқа да мал азығын дайындау үшін шикізатты өндірумен айналысады. Бұл шикізат табиғи және егілген шөп шабулық жерлерді өндіріледі.
Орман өсіру – орманды өсірумен айналысатын өсімдік шаруашылығының бөлігі. Негізгі мақсаты - ағашты дайындау, емдік, сауықтыру мақсатта және талғам үшін қолданылатыны белгілі.
Гүл өсіру - үзу, бақтарға, саябақтарға, саяжайларға егуге, ғимараттарды әшекелеуге арналған гүлдерді алу үшін гүлдік - сәндік өсімдіктерді өсірумен айналысатын өсімдік шаруашылығының саласы. Көкөніс шаруашылығындағыдай, гүл өсіру де ашық және жабық топырақты болады –жылыжайлар, оранжереялар, көшетханалар. Жерді таңдау әрбір нақты өсімдіктің жергілікті жағдайға бейімділігіне байланысты болады. Мысалы, ашық жерде пиондарды, флоксаларды, анюта көздерін, иристерді, лобелияны, петунияны өсіреді. Жабық жерлерде жылуды сүйетін гүлдерді өсіру негізделген – раушан гүлі, цикламен. Сонымен қатар, бөлме гүлдері де де болады, мысалы, кактустер, пальмалар, алоэ, аспарагустар және т.б.
Өсімдік шаруашылығындағы негізгі зерттеу нысандары ауыл шаруашылық өсімдіктері болып табылады. Олардың түрі, будандастылығы, сұрыптық тегі, биолгиясы, қоршаған ортаға талаптары және т.б.
Әлемде 1000 түрге жуық өсімдіктер түрі өсіріледі (дәрілік және сәндік өсімдіктер есепке алынбайды), ал Қазақстанда 400-ге жуық түрі бар. Жекелеген дақылдардың биологиялық ерекшеліктерінен өсімдік шаруашылығы вегетациялық кезең ұзақтығын, даму қарқыны мен тамырлық жүйесінің даму динамикасын, ассимилляциялық тегіс бетін, құрғақ заттың жинақталуын, шаруашылық егістік органдардың қалыптасуын және өсімдіктің бөліктерін зерттейді. Заттар алмасу үдерісі және су мен тағамдық режимдері. Температуралық режимнің өзгеруіне жалпы төзімділігі құрғақшылыққа қарсы тұра алуы, қысқа, тұзға және аязға төзімділігі.
Сонымен қатар, дақылдардың экологиялық ерекшеліктерін зерттеуде өсімдік шаруашылығы өсімдік пен қоршаған орта арасындағы өзара қарым-қатынасты зерттейді. Ол ауданның климаттық және топырақтық факторларын зерттеу арқылы жүзеге асады.

Негізгі бөлім
2.1.Күнбағыстың тарихы
Еуропалықтар тұңғыш рет күнбағысты Американы ашқан кезде Мексиканың кең байтақ жазықтарынан көрген. Олар күнбағысты Еуропаға бұдан төрт жүз жыл бұрын алып келді. Оны «күн гүлі» деп атады. Ал Россияда күнбағыс осыдан үш жүз жыл бұрын пайда болды. Алғашында оны бақтарға сән үшін өсірген. Ол кезде күнбағыстың ұсақ себеттері –гүл шоқтары көп болған.
Бірақ көп ұзамай күнбағыс ұрықтарының, яғни дәндерінің жеуге жарамды тәттілігін байқап, оны бақшаларда да өсіретін болған. 1830ж. Воронеж губерниясының Алексеевка слабодасынан шыққан басыбайлы шаруа Бокарев күнбағыс дәнінен сығып май алуға болатынын табады. Қазір күнбағыс – біздегі ең кең таралған майлы дақыл. Біздің еліміз Мексикадан келген «күн гүлінің» екінші отанына айналды.
Күнбағыс далалық қара топырақты өңірге- Молдавиядан Алтайға дейін егіледі. Әрине ол өзінің жабайы арғы тегіне аздап қана ұқсайды. Мәдени күнбағыстың себеті ірі. Онда 7 мыңға тарта дән болады. Сонымен бірге мәдени күнбағыстың сабағы 4 метрге дейін жетіп , оның жуандығы білектей болып өседі.
Үй тұрмысында ол дәнін шағып жейтін шекілдеуік болып қалып отыр. Бірақ күнбағыстың беретін басты нәрсесі-оның жақсы майы. Күнбағыс дәнінен май сығып алғаннан кейін одан күнжара қалады. Күнжараны жылқы, сиыр, қойлар жейді. Сабағын турап , булап шошқаға береді. Себетін кептіреді де ұнтақтайды, ол да –жақсы мал азығы. Күнбағыстың кейбір сорттарын сүрлем үшін егеді. Бұл жағдайда оның дәні піспей тұрып көктей орады.
Күнделікті тағам даярлағанда қолданатын күнбағыс майы жайлы не білеміз? Күнбағыс дәнінен сұйық күнбағыс майы алынады. Өсімдік майының 90%-ы осы өсімдіктің дәнінен алынады, сыққаннан кейінгі дәніне қант қосып, сығымдап, тамаққа қолданылатын тәтті тағам жасалынады. Сары желегін медицинада пайдаланады. Күлінен сахар алады, онда 30 — 36% калий тотығы бар. Күнбағыс күнжарасында — құнарлы мал азығы, онда 38%-дан астам ақуыздық зат, 20 — 22% көмірсу және 6%-дай май бар. Күнбағысты бұршақ өсімдіктерге қосып сүрлемдік дақыл ретінде өсіреді. 100 кг көктей орылған күнбағыс құрамында 18 азық өлшемі, 1,4 кг сіңімді протеин бар. Көктей шабылған күнбағыс га-нан 400 — 500 ц балауса азық алынады. Қазақстанның солтүстік, шығыс аудандарында ерте және тез пісетін саратовтық 10; 169, шортандылық — 41, қостанайлық — 91, т.б. сорттары аудандастырылған. Осы сорттардың 1 га-нан 10 — 12 ц күнбағыс майы алынады. Күнбағыстың негізгі зиянкестері: сым-құрт, күнбағыс қан көбелегі, т.б.; аурулары: боз шірік, сұңғыла, т.б.
Күнбағыс – күрделі гүлділер тұқымдасына жататын өсімдік. Оның шамамен 90‑ға тарта біржылдық және көпжылдық түрлері кездеседі. Үлкен гүлшоғырлары бар күнбағыстың ашық сәулелі жапырақшалары бір қарағаннан-ақ күнді еске түсіреді. Бұдан бөлек, бұл өсімдік басын үнемі күнге қаратып, шығыстан батысқа дейінгі күн ізімен оның соңынан еретін ерекше қабілетке ие.
Өндіріс циклі көктемде басталып, күзде аяқталады және сорты мен технологиясына қарай бар жоғы 100-150 күнге созылады. Бұл бастапқы өніп-шығу кезеңінен гүл жару кезеңіне дейін суыққа, құрғақшылыққа төзімді, дәлірек айтқанда біздің климатымызға бейім өсімдік болып табылады. Сондықтан, күнбағыс өсіру – аса қарапайым, қаржы салымын аз мөлшерде қажет ететін, жоғары рентабельді, өзін-өзі аз уақыт ішінде ақтайтын ақша табудың түрі. Кұнбағыстың пістелері (дәндері) өте пайдалы. Олардың құрамында май, құнды өсімдік ақуыздары, көмірсулар, өзек, лецитин бар. Түрлі микроэлементтерге бай, сондықтан да магний, темір, мырыш, селенит, йод жетіспеушілігі кезінде көкөніс дәндерінің пайдасы тиеді.
2.2.Күнбағыстың морфологиялық ерекшелігі
Күнбағыс-астра(Asteraceae) тұқымдасына жатады, біржылдық күнбағыс (Heliаnthus annuus) екі дербес түрге ажырайды – мәдени күнбағыс (H.a. culfus) және жабайы күнбағыс (H.a. ruderalis). Мәдени күнбағыс екі түр тармағына – егістік (H.a.c. safivus) және әшекей күнбағысы (H.a.c. ornamentalis) – бөлінеді. Шекілдеуігінің мөлшері, майлылығы мен қабықтылығы бойынша күнбағыстың үш тобы ажыратылады: майлы, шағылатын және аралық. Майлы күнбағыстың өндірістік маңызы бар.
Біржылдық күнбағыс – шөптесін өсімдік. Тамыры кіндікті, топыраққа 2-4 м дейін бойлайды және 100-120 см дейін жан-жағына тарайды. Сабағы – тік өседі, қатты түктермен көмкерілген, ішкі қуысы борпылдақ өзекпен толтырылған, биіктігі 0,7-4,5 м дейін (майлы сорттары бұтақтанбайды және 2,5 м дейін). Жапырақтары қарапайым, ірі, сағақты, сопақ-жүрек пішінді, қатты түктермен жабылған, ұштары үшкірленіп аяқталады, ара тісті. Төменгі жапырақтары (2-3 жұбы) қарама-қарсы, ал жоғарғылары кезектесіп орналасқан. Гүл шоғыры – диаметрі 15-25 см, дөңгелек пішінді себет. Оның негізін гүл тұғыры құрайды, шеттерінде жыныссыз тілді, насекомдарды тарту үшін, ал ортасында – қос жынысты түтік тәрізді гүлдер орналасқан. Олар бірұялы жатыннан және бес аталықтан тұрады. Жемісі – шекілдеуік, 4 анық көрінген қыры болады, ол жеміс қабығынан және тұқымнан құралады. 1000 шекілдеуігінің массасы майлы сорттарында 40-80г, шағылатындарында – 170 г-ға дейін .
Өзінің дамуында күнбағыс мынадай өсу және даму кезеңдерінен өтеді: тұқымының өнуі, көктеуі, бүрленуі, гүлденуі, шекілдеуігінің өсуі, толысуы, пісуі (физиологиялық пісу кезеңінде себеттің төменгі жағы сары түске енеді, ал шекілдеуігінің ылғалдылығы 34-40%, толық пісу кезеңінде себет сарғыш-қоңыр түсті, тілді гүлдер қоңырланып түсіп қалады, жапырақтары қурап түседі).
2.3. Күнбағыстың биологиялық ерекшелігі
Күнбағыс шекілдеуігі 4-60С температурада өне бастайды, ал тіршілікке қабілетті егін көгі 16-180С-да пайда болады. Өскінді тұқымдар – 100С-ға дейінгі, ал егін көгі - -5-60С бозқырауды көтереді. Гүлдену кезеңіндегі оңтайлы температура – 25-270С.
Күнбағыс 300С-дан жоғары температураны басқа дақылдармен салыстырғанда жеңіл көтереді, себебі түкті жапырақтары мен сабақтары транспирацияны күшейту нәтижесінде өсімдік жақсы салқындайды. Толық вегетация кезеңіне қажетті белсенді температура жиынтығы 1800-25000С. Солтүстік Қазақстан жағдайында ерте және ортадан ерте пісетін сорттар үшін бұл көрсеткіш – 1900-21000С. Аталған аймақта күнбағыс вегетациясының ұзақтығы 95-120 тәулік.
Күнбағыс ылғалды көп қажетсінеді, алайда қуаңшылыққа да төзімді, бұл оның топыраққа терең бойлайтын және терең қабаттан су сіңіру қабілетін күшейтетін тамырына байланысты. Транспирациялық коэффициенті 470-550, 1 ц тұқымның құрғақ затын қалыптастыру үшін 200 м3, ал сүрлемге өсіргенде 1ц құрғақ затқа – 85-150м3 су шығындайды. Гүлденуге дейін күнбағыс бүкіл қажет ылғалдың 20-22,4 %, себет түзілгеннен (бүрлену кезеңі) гүлденуге дейін – 60 %, ал қалған 17,6 % - пісу кезеңінде пайдаланады. Сонымен ылғалмен салыстырғанда қиын-қыстау кезеңі – бүрлену-гүлдену кезеңі және ол созылыңқы сипатта. Күнбағыстың өсіп-дамуына қара және күңгірт қара-қоңыр топырақтар қолайлы болып табылады, ал құмдақ, сазданған және сортаң топырақтар ол үшін жарамсыз. Күнбағысқа топырақ ортасының реакциясы рН – 6,7-7,5 болғанымен бидайға қарағанда ол көп мөлшерде қоректік заттарды сіңіруімен ерекшеленеді.
Күнбағыс егін көгінен бүрленуге дейін азот пен фосфордың 30 %-ын, калийдің 35 %-ын сіңіреді. Оның 1 ц тұқымы топырақтан 6-7 кг азот, 2,0-2,5 кг фосфор, 10-12 калий шығындайды. Өсімдігі жарық сүйгіш, көлеңкеленгенде және бұлыңғыр ауа-райында өсуі мен дамуы әлсіз жүреді де вегетациялық кезеңі ұзарып кетеді.
Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары мен будандары: Ислеро (орташа мерзімде пісетін будан) – ШҚО, Павлодар обл.; Казахстанский 1 (орташа мерзімде пісетін будан) – Павлодар, ШҚО, Ақмола, Қызылорда обл.; Казахстанский 341 (орташа мерзімде пісетін будан) – Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Солтүстік Қазақстан обл.; Сибирский 91 (ультра ерте пісетін сорт) – Қарағанды, Павлодар обл.; Солнечный 20 (ерте пісетін будан) – СҚО, ШҚО, Павлодар обл.; СПК-Кондитерский (орташа мерзімде пісетін сорт) – Ақтөбе, Ақмола, Павлодар обл.; Восточный (будан) – Ақмола обл.; Торедо (ерте пісетін сорт) – Павлодар облысында ж.б..
2.4. Күнбағысты өсіру технологиясы
Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны.Күнбағысты бір орында қайтадан орналастырып өсірсе егістік аурулар және маманданған зиянкестермен залалданады. Өсіру аймағында бұрынғы орынға 8-10 жылдан ерте орналастырмаған абзал. Күнбағысты қант қызылшасы, жоңышқа, судан шөбінен кейін сеппеген дұрыс, өйткені олар топырақты қатты ылғалсыздандырады. Асбұршақ, майбұршақ, рапстан кейін де орналастырмаған абзал, олар мен күнбағыстың ортақ аурулары бар. Ең дұрысы күнбағысты сүріден кейін өсірілген бірінші немесе екінші бидайдан кейін орналастырып өсіргенде жақсы тұқым өнімі жиналады.
Топырақ өңдеу. Қазақстанның солтүстігінде (күңгірт қара-қоңыр топырақтарда) топырақты негізгі өңдеуді 25-27 см тереңдікте жазықтілгіш-терең қопсытқыштармен (ПГ-3-100, ПГ-3-5) жүргізген дұрысырақ. Қара топырақтарда алғы дақыл жиналғаннан соң жел эрозиясы қаупі болмағанда танапты әуелі БДТ-7 ауыр дискілі тырмасымен өңдеп, соңынан терең аудара жыртқан (25-27 см) жөн, бұл агрошара атпа тамырлы агрошөптермен ластанған танаптарда өте тиімді. Қыста қар тоқтату да оң нәтиже береді. Көктемде жазықтілгіш құралдармен өңделген танаптарда БИГ-3, БМШ-15 немесе БМШ-20, ал аудара жыртылғанда – тісті тырмалармен тырмаланады. Себу алдында топырақ 6-8 см тереңдікте культивацияланады, бір мезгілде тырмалау мен бұдырлы катоктармен тығыздау іске асырылады.
Тыңайтқыштар. Күнбағыс органикалық тыңайтқыштарды жақсы қажетсінеді. Оның астына күзде 40 т/га дейін шала шіріген көң мен 60-90 кг/га әсер етуші зат мөлшерінде фосфор тыңайтқышын негізгі тәсілмен топырақты аудара жырту жолымен енгізуге болады. Калий тыңайтқышы 40-60 кг/га ә.е.з. мөлшерінде тек қана құмдауыт топырақтарға енгізіледі. Күзде тыңайтқыш енгізілмеген жағдайда себумен бірге 10-12 см тереңдікке және тұқым себілетін қатарлардан 10 см қашықтықта әр гектарға 10-15 кг ә.е.з. мөлшерінде түйіршіктелген тыңайтқыш енгізуге болады.
Тұқымды себуге дайындау. Кондициялы тұқым себуден 15-20 тәулік бұрын 80 % ТМТД улы химикатпен (2-3 кг/т), немесе 50 % фундазолмен (3 кг/т) аурулар мен тұқым өңезіне қарсы дәріленеді.
Себу жұмыстары. Күнбағыс ерте себу мерзімінің дақылы, алайда оның майлы сорттары жылуға жоғары қажетсінуімен ерекшеленеді, сондықтан оны тұқымның сіңіру тереңдігінде топырақ 8-100С-ға жылынғанда себеді. Мұндай температурада тұқым жаппай және тез көктейді, ал мұның өзі танапты арамшөптерден тазартуға, өсімдіктердің біркелкі пісуіне және себеттердің қолайлы жағдайда қалыптасуына мүмкіндік береді. Сонымен Солтүстік Қазақстанда күнбағысты майлы тұқымға өсіргенде оңтайлы себу мерзімі – 20-25 мамыр. Негізгі себу тәсілі пунктирлі, қатараралығы 70 см СУПН-8, СКП-12 дәл сепкіштерімен. Оңтайлы өсімдік жиілігінің бітіктігі жинау алдында орманды-дала аймағында 40-60 мың/га, құрғақ далалы аймақта – 20-30 мың/га, ал мұндай жиілік 6-10 кг/га күнбағыс тұқымын сепкенде қамтамасыз етіледі. Тұқымның сіңіру тереңдігі 6-8 см, топырақтың беткі қабаты кебіңкіреп кеткенде – 8-10 см-ге дейін.
Егістікті күтіп-баптау. Біржылдық астық тұқымдас және қосжарнақты арамшөптерге қарсы 2-4 кг/га мөлшерінде Гезагард, 50 (50% прометрин), трефлан, 24 (4-10 л/га), трофи, 90 % (1,4-1,7 л/га) көктеуге дейін, фроньтьер оптима 72 % (1,2 л/га), фроньтьер 90 % (1,4-1,7 л/га), Харнекс 90 % (2 л/га) гербицидтерінің бірімен себуге дейін және бірден топыраққа сіңіру қажет, немесе дақылдың көктеуіне дейін, сонымен қатар егістіктің ерте кезеңінде фуроре супер 7,5 % (0,8-1,2 л/га), флюзеланд супер 125 (1,0-1,2 л/га) біржылдық астық тұқымдастардың ерте кезеңінде (2-4 жапырақ). Гербицидтерді қолдану жерүсті бүріккіштерінің бірімен іске асырады. Арамшөптерді құрту және топырақты қопсыту үшін вегетация бойы тісті тырмалармен (көктегенге дейін және көктегеннен соң) танап тырмаланады, қатараралық өңделеді (ол үшін жебе табанды және бритва табанды құрылымдармен, сымды тырмалар және топырақсүйгіш құрылымдар жабдықталған культиваторлар қолданылады). Гербицид қолданған жағдайда көктеуге дейін тырмалау мен бір рет қатараралық культивация жүргізіледі. Егістікте гербицид қолданғанбаған жағдайда көктеуге дейін (себуден 5-6 тәулік соң) және көктегеннен кейін (1-3 жұп жапырақ кезеңінде) танап тырмаланады және 2-3 мәрте қатараралық культивация (біріншісін 6-8 см, екіншісін – 8-10 см тереңдікте) жүргізіледі.
Босдәнділікке қарсы егістік бал араларымен қосымша тозаңдандырылады (1 га егістікке 1,0-1,5 ұядан – омарта орналастырылады). Күнбағыстың пісуін тездету және өсімдіктерді тамырында кептіру үшін егістікті жаппай гүлденуден 40-45 тәуліктен соң (себеттің 10-20 % қоңырлағанда, 20-30 % сарғыш-қоңыр, 50-60 % сары түсте тұрғанда) жинау алдындағы десикация жүргізіледі: ол үшін себет қоңырланғанда Реглон супер 150 (2,0 л/га) толық физиологиялық пісу кезеңінде (тұқым ылғалдылығы 35-40 % кезінде) Харвейд 25Ғ (1,2 кг/га) препараттарын қолдануға болады.
Егінді жинау. Күнбағыстың піскен піспегенін мына белгілері бойынша анықтайды: себеттің астыңғы жағының сарғаюы, тілді гүлдердің солуы мен түсуі, шекілдеуігіндегі тұқымның қатаюы, көпшілік жапырақтарының қурап түсуі. Күнбағыс тамырында тұрып қалғанда шекілдеуігінің еріксіз шашылуы мен танаптың ластануына әкеліп соғады. Себеттерінің 85-90 % қоңырланғанда (тұқымның ылғалдылығы 12-14 %) күнбағысты жинай бастайды. Жиналған тұқымды бірден кептіріп, қалыпты сақтау үшін 8-10 % ылғалдылыққа жеткізген дұрыс.
2.5. Күнбағыс майының пайдасы мен зияны
Күнбағыс майының түрлері
Шикі май немесе бірінші сығылған май ең сапалы әрі пайдалы түрі. Бұл май өңдеудің ең жұмсақ түрінен өтеді, сол себепті құрамына барлық дәрумендер мен пайдалы заттарды сақтап қалады. Мұндай май хош иісті, өзіне тән дәмі болады. Шикі майды көбінесе салаттарға қосады. Жалпы мұндай май жоғары температураларға шыдай алмайды, оны қуыру үшін қолдануға болмайды. 90 градустан асқан кезде май өзінің пайдалы қасиеттерін жоғалтып, тіпті канцерогенді болып кетуі мүмкін.
Рафинацияланбаған май да пайдалы майлардың бірі екендігі белгілі. Рафинацияланбаған май белгілі бір өңдеу сатыларынан өтеді. Оның тұнбасын түсіріп, түрлі сүзгілерден өткізеді. Бірақ бұндай майда бастапқы шикізаттың бөлшектері қалып қоюы мүмкін, сол себепті кішкентай балаларға (3 жасқа дейін) оны бермеген жөн.
Рафинацияланған май мөлдір және иіссіз келеді. Өндірісте оны толықтай тазартады, сол себепті оның құрамында нашар қосылыстар да, табиғи пайдалы заттар да аз қалады. Бұл майды қуырып қолдануға болады: ол көбіктенбейді, тұнба мен жағымсыз иіс бермейді. Әрине ас үйіңізде бір шикі не рафинацияланбаған және бір рафинацияланған май болғаны дұрыс. Бірін салаттарға қоссаңыз, екіншісіне тамақ әзірлеуге болады.
Күнбағыс майының зияны мен пайдасы
Жалпы көптеген қолжетімді майлардың арасында күнбағыс майы ең пайдалы түрлердің бірі деп айтуға болады. Соя, жүгері майлары пайдасы жағынан күнбағыс майының артында тұр. Оның құрамындағықанықпаған майлы қышқылдар, майда ерігіш А, В, Е және F дәрумендер мен минералдар бар. Күнбағыс майы адамға күнделікті қажет, бірақ ағзаның өзі шығармайтын пайдалы заттарды береді.
F дәрумені теріміздің жағдайын жақсартып, қан тамырларының беріктігін арттырады, гормондар синтезін реттеп, иммунитетті жақсартады. Қан айналымын дұрыстап, атеросклерозға қарсы тұрып, ағзадан артық холестеринді шығарады.
Е дәрумені есті жақсартып, қартаюға қарсы күреседі. Майлардың қабылдануын дұрыстап, жүйке жүйесін де жақсартады. Бұл дәрумен қауіпті Альцгеймер ауруының алдын алып, қант диабетіне де қарсы тұра алады.
А дәрумені көздің саулығы мен тырнақ, шаш, тіс пен сүйек беріктігіне жауап береді. Жақсы антиоксидант болып табылатын бұл дәрумен онкологиялық аурулармен күресуде көмектеседі.
D дәрумені кішкентай балалардың дұрыс өсуіне өте қажетті дәрумен. Ол сүйектердің берік болуына, зат алмасудың дұрыс жүруіне, асқорыту жүйесінің жұмысына да әсер ете алады.
Салаттарды майонезбен емес, маймен араластырсаңыз, көкөністердегібета-каротин А дәруменіне айналады.
Шикі не рафинацияланбаған май бөтелкесінің астында тұнба көрсеңіз, шошымаңыз. Бұл денсаулық үшін өте пайдалы фосфолипидтер болып табылады. Олар ағзаға сыртқы әсерлермен күресуге күш береді.
Осы қасиеттердің бәрі қарапайым ғана күнбағыс майының құрамында бар екен.
Пайдасымен қатар адам денсаулығына зияны да бар. Жалпы ем болмаушылық кездескен жоқ. Негізі оны шамалы мөлшерде қолдану қажет, себебі, жоғары калориялы. Сатып алғанда қолдану мерзіміне назар аудару қажет. Шыны түбінде тұнба болса, оның ашығандығы байқалады. Пайдасы да төмендейді. Мұндай майлар көпіріп, ашы дәм шығып тұрады. Майды +5 градустан +20 градусқа дейін қараңғы жерде сақтау керек. Рафинатталмаған майды шыны ыдыста, салқын жерде сақтау керек. Ашылған шыныны 30 күн ішінде қолдану керек. Сезімдік жағдайында қиянат жасауға болмайды. Дәрігерлер халықтық емдік жолмен ағзаны сұйық маймен тазартуды құптамайды. Себебі, бұл ішек ауруларын қоздырады. Жалпы сұйық майдың зиянын талқылай отыра мынаны белгілеуге болады: оны тағамда қолданысында оңтайлы пайдалану қажет, сонда ғана жағымсыз жайттар аз кездеседі.
2.6. Зиянкестері мен аурулары
Күнбағыс дақылының өсіп-өну кезеңінде саяқ шегірткелер, шалғын көбелек, топырақта мекендейтін көпқоректі қатты қанатты зиянкестер және т.б. зиянкестер кездесті. Олардың саны күнбағыс егістігіне қауіп туғызған жоқ.
Күнбағыстың арнайы зиянкестері сұр көпқоректі бізтұмсық және күнбағыс қанкөбелегі анықталды.
Алматы және Павлодар облыстарында биылғы жылы сұр көпқоректі бізтұмсықтың санының біршама төмендеуі тіркелді. қоңыздардың шығуының басталуы арамшөптерде 12 сәуір- 8 мамыр аралығында тіркелді. Егістікке қоныстануы мамыр айының екінші онкүндігінде байқалды. Күнбағыс өскіндерін бақылау уақытында жапырақ бетін зақымдауы 3%-ды құрады. Бізтұмсықтың қоныстану тығыздығы 0,2-0,4 дана/м2.
Күнбағыс қанкөбелегінің зақымдауы Алматы, Жамбыл және Павлодар облыстарында тіркелді. көбелектерінің ұшуы және жұмыртқа салуы маусым айының үшінші онкүндігінен шілде айының екінші онкүндігіне дейін жалғасып күнбағыстың гүлдеу мерзімімен сәйкес келді. Жұлдызқұрттарының тууы 25 шілде-10 тамыз аралығында тіркелді, олардың саны 0,2-7,0 дана/өсімдік. Жұлдызқұрттарының зақымдауы тамыз айы бойы байқалды. өсімдікті зақымдауы 2-8%-ды құрады.
Қыркүйек айының бірінші онкүндігінде жұлдызқұрт қоректенуі аяқталғанннан кейін, піллә орауына кірісті. Қыркүйек айының үшінші онкүндігінде қыстау орнына кетті.
Ғылыми ізденістер
КҮНБАҒЫСТЫҢ МАЙЛЫ ДАҚЫЛ РЕТІНДЕГІ МАҢЫЗЫ КҮНБАҒЫСТЫҢ МАЙЛЫ ДАҚЫЛ РЕТІНДЕГІ МАҢЫЗЫ
Р. Р. Нуфтуллина, магистрант, М. Ә. Ғабдолов, а.-ш. ғ. канд., доцент
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті, Орал қаласы
Мақалада негізгі майлы дақыл-күнбағыстың морфо-биологиялық және экономикалық тұрғыдан маңыздылығын талдай отырып, нақты өңірдің табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген агротехникалық шараларын жасақтау қарастырылған. Сонымен қатар күнбағыс өнімін арттыруда гетерозистік будандарын пайдалану қажеттілігі сипатталған.
Morphological particularity of sunflower for the reason of development of agrotechnical sunflower cultivation acceptances with provision for natural-climatic peculiarities of concrete region is analyzed in the article. Also, role of heterosis sunflower hybrids in the getting of stable and high yields of sunflower is considered.
Күнбағыс өсімдіктер әлеміндегі әмбебап дақыл десе болады. Ықылым заманнан бері күнбағыс адамзат өркениетінде қоректі дақыл ретінде қолданысқа ие. Дәрумен ретінде де, дәрілік қасиетіне қарай да халық медицинасында кеңінен қолданылады. Майлы күнбағыс өсімдігінің негізі қолданылуы – тағам өнімдерін дайындауда және техникалық қажеттіліктерге қарай пайдаланылатын күнбағыс майын алу үшін өндірілуі. Кұнбағыс майының гидрогенизациясы нәтижесінде маргарин алынады. Сондай-ақ, май лактеу, сырлауда, сабын қайнату өндірісінде кеңінен қолданылады. Кейбір елдерде өңделген асхана майы мотор жанармайына қосымша ретінде іске асырылады Күнбағыс майы өндірісінің қалдықтары (күнжара, шрот) мал үшін ақуызға байытылған азық ретінде қолданылады. Ресейде күнбағыс майы өндірісіне дейін-ақ қуырылған күнбағыс дәндері (шемекі) халықтық дәмді тағам ретінде қолданылады. Дәндері ірі күнбағыстың шекілдеуік түрі осы мақсатта өсіріледі. Күнбағыс дәндерінде РР және Е дәрумендері мол, бұдан басқа құрамында фосфолипидтер, лецитин, өсімдік балауызы бар, сондай-ақ, май қышқылымен байытылған. Күнбағыс сәндік өсімдік ретінде де қолданылады. Күнбағыс өз құрамында каучуктің барлығымен де белгілі. Соңғы кезде сабағынан көп мөлшерде латекс өндіретін селекциялық сортын өсіру қолға алынған. Осы латекс негізінде жасалатын резеңке табиғи және синтетикалық каучукке қарағанда гипоаллергендігімен ерекшеленеді. Күнбағыстың қауызы биожанармай өндірісінде жанармай брикеті ретінде қолданылады. Күнбағыстың дәнінде фосфолипидтермен бірге адамның қартаю процесін болдырмайтын стирол май еріткіш дәрумендер, теріні нығайтатын, қышқыл сілті балансын реттейтін дәрумендер бар. Сонымен бірге күнбағыс медицинада кеңінен қолданылады. Атеросклероз, миокард инфаркті, жүрек тамыр аурулары, бауыр және өт жолдарының ауруларына бірден-бір ем. Бір дәннің өзінде 20 пайыз ақуыз, көп мөлшерде амин қышқылы, кальций, 850 Ккалл бар. Күнбағыстың қоректік қасиетін зерттеген Фиок Тист 35 жыл бойы тек күнбағыспен қоректенген [3]. Күнбағыс (_la. Helianthus) – күрделі гүлді өсімдіктер тұқымдасына жатады. Осы тұқымның неғұрлым танымал түрі – бір жылдық күнбағыс (″тұқымына Helianthus annuus). Бұл түр әлемнің түкпір-түкпірінде күнбағыс майын алу мақсатында өсіріледі. Тамырсабағы азық ретінде қолданылатын топинамбур немесе жер алмұрты деп аталатын (″Helianthus tuberosus) көпжылдық өсімдігі де нақ осы түрге жатады. Күнбағыстың бұл түріне жататын түр тармағының ішінде тек қана сәндік мақсатта қолданылатындары да бар. Мысалы, үшкіржапырақты күнбағыс (″Helianthus argophyllus) тек қана сәндік мақсатта қолданылады. Майлы күнбағыс – жуан сабақты, биіктігі 4-5 м-ге дейін баратын, қарапайым немесе бұталы болатын, кейде бір басты, кейде бірнеше басты болатын біржылдық өсімдік. Бір бастысының ені әдетте 15-20 см-дей болады. Шеткі гүлдері сары түсті, ортаңғы бөліктегі гүлдері қызғылт сары түсті болады.
Күнбағыс тұқымы – төртқырлы, сопақша немесе бір жаны қысылыңқы келген, жеміс серіктен (қабық немесе қауыздан) құралатын, ақ түсті тұқым (ядро). Қазіргі күнбағыс түрлерінің жеміс серігінде «склеренхима» мен «сынама ұлпа» аралығында тұқымды қызудан сақтайтын сауыт қабаты бар [1]. Күнбағыс қуаңшылыққа төзімді. Өзекті, мықты тамырларының арқасында топырақтың терең қабаттарындағы ылғалымен өз қажеттілігін қамтамасыз ете алады. Күнбағыс топырақтан басқа дақылдарға қарағанда қоректік заттар: азот пен фосфорды 2-33 есе, калийді 6-10 есе артықала алады. Азот пен калийді күнбағыс дақылы топырақтың терең қабаттағы құнар қорынан алады. Бұл басқа дақылдар үшін мүмкін емес. Күнбағыс биологиясының тағы бір ерекшелігі - топырақтың санитарлық жағдайы мен арамшөптерге аса сезімталдығы. Арамшөптердің аз ғана мөлшерінің өзі күнбағыс шығымдылығын 30 %-ға дейін кемітіп жібереді. Сондықтан да күнбағыс егістігіне арналған жерді пармен өңделгені, сүрдігерленгені дұрыс. Жерді жырту немесе топырақты чизельмен қопсыту 25-28 см тереңдікке дейін жүргізілуі керек. Күнбағыс агротехниканың қатаң сақталуына аса сезімтал болғандықтан, агротехникалық жүзеге асыру шараларының дұрыс сақталмауы егістік шығымдылығын айтарлықтай кемітеді. Сондықтан да ережелердің сақталуына назар аудармай, кең егістікке еккеннен гөрі күнбағысты агротехикалық қағидалар қатаң сақтап, азын-аулақ аумаққа еккен үлкен нәтиже береді. Сондай-ақ күнбағысқа өсімдіктің тығыздығы да аса қатты әсер етеді. Орташа есеппен алғанда 1 га егістікке 35-40 мың данадан келуі керек [4]. Егістіктің қалыпты нормасына қол жеткізу үшін жер өңдеу жұмыстарын ерте көктемде бастау керек. Осы қағида сақталған жағдайда топырақ ылғалдығы қажетті мөлшерде болады. Өнімділік ылғалының қоры аз болған жағдайда (80-100 мм) және сулану тереңдігі 70-90 см болғанда, 1 га-дағы өсімдік 30 мыңнан артық болмауы керек. Ал сулану тереңдігі 1 м, ылғал қоры 120-150 мм болғанда 35-40 данадан, ылғал қоры мол болған жағдайда (170-180 мм), сулану тереңдігі 2 метр болғанда 45-50 мың дана болуы керек. Өсімдік саны жоғарыда көрсетілген мөлшерде артық болған жағдайда қоректік элементтер мен ылғалмен қоректенудің оңтайлы жүйесіне нұқсан келеді, сондай-ақ, саңырауқұлақ ауруының дамуына мүмкіндік беретін микроклиматтың қалыптасуына жол береді. Бұл егістік шығымдылығын 3,0-4,0 ц/га дейін кемітеді. Өсімдіктің тығыздығын ескеруде сорт пен гибридтің вегетациялық кезеңінің ұзақтығына назар аудару керек. Вегетациялық кезеңнің ұзақтығы үлкен қоректік аумақты талап етеді, мұндай гибридтің әлеуеттік шығымдылығы жоғары болады. Егістіктегі көңнің жоқтығынан күнбағысты негізінен минералды азот-фосформен тыңайту қажет. Егістік алды жер өңдеуде тыңайтқышпен байыту екі есе аз нәтиже береді, ал қуаңшылықты көктем кезінде күнбағысты тыңайтқышпен байыту ешқандай нәтиже бермейді. Егер күнбағыс негізінен минералды тыңайтқыштармен байытылмаған кезде негізгі өңдеу жұмыстарын егу жұмысымен бірге 10-12 см тереңдікте, күнбағыс қатарларының аралығы 6-10 см тереңдікте жүзеге асыру керек. Мұндай жағдайда N30Р30К30 немесе фосфорлық Р30-40 минералды тыңайтқыштарын пайдаланған дұрыс. Тиімділік жағынан негізгі өңдеу кезінде пайдаланылатын тыңайтқыштардан еш кем емес. Күнбағыс негізінен N60Р60К60 артық тыңайтқышқа шыдас бере алмайды. Өйткені, күнбағысқа бұл мөлшерден артық тыңайтқыш дозасы әсер етпейді. Ауыспалы егістікті тағайындау барысында ескерілетін күнбағыс ерекшеліктеріне топырақтың шамадан тыс құрғауы, қоректік заттардың шамадан артық болуы, жапырақ, дәндерінің жерге түсуі, жинау науқанының жайырақ болуы жатады. Бұдан басқа күнбағыс топырақта жинақталатын ақ және сұр түсті шіріктер, ұн түсті шық тәрізді патогендерге аса сезімтал. Сондықтан да күнбағыс ауыспалы егістікте 7-8 жылдан кейін ғана қайта егіледі. Күнбағыс үшін топырақтың 150-250 см терең қабатындағы ылғал қоры аса маңызды. Сондықтан да күнбағысты қант қызылшасынан, жоңышқа мен судан шөбінен кейін егуге болмайды. Күнбағыс үшін егістікте өзінен бұрын егілген дақыл ғана маңызды емес, ылғал қорын қамтамасыз ететін ауыспалы егістік ретіде маңызды. Күнбағыстың алдынан күздік бидай, мал азығына арналған жүгері егілгені дұрыс. Ал күнбағыстан кейін ауру симптомдары бірдей соя, рапса, бұршақ егуге болмайды. Ауыспалы егістік аумағында қант қызылшасымен кезектестіріліп егілген жағдайда кезектесу аралығы екі жылдан кем болмауы керек. Екіжылдық аралық терең қабаттағы ылғал қорын толықтыруға мүмкіндік береді. Дәнді жүгері-күнбағыс реті аса қолайлы емес, жүгерінің қалдықтары толыққанды тырмалау жұмыстарына кедергі келтіреді. Ауыспалы егістіктегі өзінен бұрын егілетін дақылдарға күнбағыс қаншалықты талғампаз болса, өзінен кейінгі дақылдар үшін де оңайға соқпайды [6].
Елімізде күнбағыс селекциясы бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Шалғай шетелдерден, атап айтқанда Венгрия, АҚШ, Франциядан әкелінген 26 гибрид отандық селекцияда мүмкіндігі мол гибридтер қатарынан орын алды. Осындай селекциялық жұмыстар нәтижесінде аурулар мен зиянкестерге төзімді, салыстырмалы алғанда май құрамы артық, вегетациялық кезеңі айтарлықтай қысқа гибридтер өсіру қолға алынды. Күнбағыстың түрішілік өзгерістер әлеуеті зор. Осы дақыл селекциясындағы негізгі проблемалардың бірі – өзгертулердің қосымша жолдарын іздестіруде емес, генетикалық алуан түрлілікті басқарудың, меңгерудің әдістерін жетілдіре алмауда. Майлы тұқымның жоғары шығымдылығына қол жеткізу, көп мөлшерде май өндіру генетикалық алуан түрлі аталық компоненттерді дөп таңдауда ғана мүмкін болады. «ҚР АШ Солтүстік-Батыс ҒПО» РМК соңғы 14 жылда майлы күнбағыс селекциясы үшін бастапқы материал ретінде Краснодар қаласындағы ғылыми селекция орталығы мен оның құрылымдық ғылыми-зерттеу бөлімшелерінің сорттары, сондай-ақ, Санкт-Петербург, Саратов қалаларындағы ғылыми орталықтарынан әкелінген сорттар коллекциясы қолданылды. Алынған селекциялық материал бастапқы материалда жоқ оң қасиеттерге ие. К103, К203, К603, К803 биотиптері алдағы уақыттағы селекция жұмыстарында үлкен қызығушылыққа ие. Жоғары нәтижелі селекция жұмысының негізгі шарттарының бірі – бастапқы материалдың қажетті көлемінің болуы. Краснодардағы селекция орталығында 1987-2004 жылдар аралығында бастапқы материал ретінде 74568 элиталық өсімдіктен 13 жаңа сорт алынған, белгілер кешені 27 мың биотип бойынша бағаланған. Соңғы екіжылдық бағалау жұмыстарының нәтижесінде осы биотиптердің 847 үлгісі немесе 3%-ы, кейін олардың 617-сі (2%) 74 селекциялық сорт жасауға қатысты. Пісіп-жетілуі орташа, жоғары өнімді, майлылығы жоғары Передовик, Смена, ВНИИМК сияқты 8931 сорт майлылығы жоғары, инфекциялық патогендерге төзімді донор ретінде қолданылды. Армавирец, Енисей, Чернянка сорттарынан алған жаңа үлгілер бойының кішілігімен, майлылығының жоғарылығымен, комбинациялық қабілетінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Армавирец, Енисей сорттары ерте пісетін бастапқы материал ретінде қолданылып жүр. 2004 жылы Өскемен селекция орталығының 6 гибридіне сынақ жүргізілді. Шығыс гибриді, Қазақстандық-1, Қазақстандық-5, Қазақстандық-341, Қазақстандық-465, Сұңқар сорттары Солтүстік Қазақстанның климаттық жағдайында жоғары өнімділікке ие болды: 13,2-25,5 ц/га. Сұңқар сорты майтұқым гибридінің шығымдылығы – 25,5 ц/га, Заречный сорты - 25,9 ц/га. Өскемен селекциялық орталығында алынған гибрид таттану, басқа ауруларға төзімділігімен ерекшеленеді. Гибридтік күнбағыс – ғылыми-техникалық прогресс пен нарықтық экономиканың өнімі. Оны ендірудің тиімділігі ауыл шаруашылығының өркениет деңгейін арттырады. Дегенмен, біздің елімізде гибридтік күнбағысты өсіру ісі әлі күнге баяу қарқын алып отыр. Күнбағыстың сорттық егістіктеріндегі гибридтік күнбағыстың ара салмағы соңғы 10- 15 жылда 25%-дан асып көрген емес. Қайта кей жылдары 10%-ға дейін кеміп те кеткен кездері болды.Мұндай келеңсіздіктің бір себебі – егу, өңдеу агротехникасының төмен деңгейі. Мұндай жағдайда гибридтер толыққанды өсіп-өне алмайды. Топырақ-климаттық жағдайы жақсы аудандардың өзінде күнбағыс өсірудің ғылыми негізделген технологиясын қатаң сақтап отырған шаруа қожалықтарын кездестіру қиынға соғады. Гибридтердің ерекшелігі мынада: егістік үшін тек бірінші буынның тұқымы ғана қолданылады, нақ осылар егін шығымдылығына бірден-бір кепіл бола алады. Гибрид өсіруге ден қойған фермерлер басқа гибридтер өсіру мүмкіндігінен айырылады. Олар жыл сайын барлық аумаққа тек сол гибридті ғана егуге мүдделі. Гибридті қолданысқа енгізуде тұқым шаруашылығын мамандандыруға, бір мақсатқа шоғырландыруға, тұқым нарығын айтарлықтай кеңейте түсуге тиісті.
Қорыта келгенде, күнбағыстың жоғары деңгейде өнімін тұрақтандыруға қол жеткізудің негізгі жолдары: - нақты өңірдің топырақ-климат жағдайларына сәйкестендірілген агротехникасын қалыптастыру және сақтау. - нақты өңірдің топырақ-климат жағдайына бейімделген дақыл сорттарын және будандарын өсіру.
Қорытынды
Қазақстанда майлы дақылдардың ішінде егіс көлемі бойынша барынша кең тарағаны (70%) -күнбағыс. 1996 жылы ол 330 мың га жерде өсіріледі, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында 160 мың га, Павлодар облысында 88 мың га болды. Оның жартылай кебетін майы табиғи түрінде де, өңделген түрінде де (майонез, маргарин) азық-түлікке кеңінен қолданылады, олиф, сабын, т.б. өнеркөсіп бұйымдарын жасауда пайдаланылады. Күнбағыстың күнжарысы — өте құнды мал азығы. Суыққа төзімділігіне және жоғары өнімділігіне байланысты Солтүстік Қазақстанда бірқатар аудандарда сүрлемдік жүгеріні ойдағыдай алмастырады. Егуге рұқсат етілген күнбағыс сорттарының тұқымдарында 47-54% май болады.
Күнбағысты жинау мерзімі дәнінің ылғалдығына тікелей байланысты.Күнбағыс кәрзінкесі 75-80% сары-қоңырқай.Күнбағысты қол орақпен жинағанда кәрзінкелерін қоймаға апару қажет. Күнбағыс тұқымын класстығына байланысты таза, құрғақ болады. Елімізде күнбағыс дәнінен май айыратын зауыттар мен шағын цехтар баршылық. Өсірген өніміңізді алдын-ала келісімшарт жасасу арқылы соларға өткізе аласыз. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына күнбағыс тұқымын көтерме сату туралы хабарландыру беруге болады. Сол сияқты күнбағыс дәндерін өз қолыңызбен-ақ бастапқы өңдеуден өткізе аласыз. Мәселен, оны қуырып, халыққа бөлшектеп сатуға болады. Осындай кәсіппен шұғылданатын адамдар кез келген қала мен ауылда кездеседі. Дүкен сөрелеріндегі күнбағыс майларының қаншалықты қиын еңбекпен табылатынын есте сақтауымыз керек.
Сөзімді қорытындылай келе, күнбағыс майы ас әзірлеуде, емдік қасиеті бар, есіктің топсасына жағады. Күнделікті өмірде пайдаланамыз. Елбасымыздың саясаты арқасында өнеркәсіп дамып келе жатыр. Мен осындай бай, егеменді, дамушы елде тұрып жатқанына мақтанамын!
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ізтаев Ә, Отынишев Б. Астықтану және диқаншылық
2. Әрінов, Қ. Өсімдік шаруашылығы / Қ.Мұсынов, А.Апушев, Н.Серекпаев, Н.Шестакова, С. Арыстанғұлов //Алматы.-2011.- С.475- 477.
3. Ғабдулов,М.Ә. Батыс Қазақстан облысында күнбағыс будандарын өсіру / М.Ә.Ғабдулов, А.А.Абдулова //Ғылым және білім.-2011.-№1.-С.34-39.
4. Ғабдулов, М.Ә. Батыс Қазақстан өңірінде күнбағыс өсіру тәжірбиесі/ М.Ә.Ғабдулов, И.К.Жұмагалиев //Ғылым және білім.-2010.-№1(18).-С.24-29. 5. Бушнев, А.С. Особенности обработки почвы под подсолнечник/ А.С.Бушнев //Земледелие.-2009.-№8.-С.13-15.
6. Wikipedia сайты

Приложенные файлы

  • docx 11061862
    Размер файла: 35 kB Загрузок: 1

Добавить комментарий